Жеңгеме арналады

Жеңгеме арналады
жеке
блог

5-6 жастағы кезім. Үйдің жанындағы бала-бақшаға барамын. Бір қызығы, сол кездің өзінде кішкентайлығыма қарамастан, бала-бақшаға өзім барып, өзім келетінмін. Бірақ бір күні бала-бақшадан үлкен әпкем алып кетті. Үйге жетіп қалғанда алдымыздан екінші ағам шықты. Жанында болашақ жеңгеміз бар. Ол кезде дәл бүгінгі күндердегідей ешкім дәу көзілдірік тақпайтын. Жеңгеміздің көзінде қара көзілдірік. Өзіне жарасып тұр. Ағам бізге қарап "мені көргендеріңді ешкімге айтпаңдар" деді. Менің әкемнен әлі күнге дейін қорқады ол. Содан не керек, үйге кірген бойда мен әңгіме жібердім. "Біз Талғат ағаны көрдік. Қасында невестасы бар. Бірақ, ол айтты мені көргендеріңді ешкімге айтпаңдар деді" деп айттым. Әпкем қабағын шытты. Шешем күліп жіберді. Әкем үндемеді (кейін ағам келгенде быт-шытын шығарды ғой).

Мен екінші сыныпты бітірген жылы екеуі шаңырақ көтерді. Жеңгем қалада өскендігіне қарамастан, еркелігін тастап, келіндік міндетін атқара бастады. Қазақ тіліне бастапқыда шорқақ болатын, қазір ана тілін бір кісідей біледі. Ол өзі педагог, балалармен көп жұмыс жасайтын. Ол да бір Серіктің қызы (өткенде Серіктер туралы айтып едім ғой). "Мои дети меня называют Зульфия Сериковна, никаких апай" деп жүретін. Қазір осы сөздерін есіне салсаң, күледі және ұялады. 

Ағам екеуі көп жылдар бойы сәби күтті. Араға жеті жыл салып дүниеге Әсем қызымыз келді. Әсем жарық дүние есігін ашқан бойда олардың өмірі күрт өзгерді. Әрине, жақсылыққа қарай. Бүгінде Әсемнің өзі үлкен қыз болып өсіп, мектепке барып жүр. Мамасы онымен бірге оқып, қазақ тілін тереңірек үйрене бастады. 

Бірақ, қуанышты күндер  күннен күнге бір елес болып бара жатқандай. Жеңгемнің ауруханада жатқанына қаншама күн, апта, ай болды. Осы уақыт ішінде, үш ота жасап тастады. Не жөнді отыра алмайды, жүре алмайды, жата алмайды. Барлығы сол бір анықталмаған дерттің кесірі. Жеңгемнің ауырғаны жанымызға қатты батады. Тепсе темір үзетін, еңгезердей ағамның өзі азып кетті. Анасын сағынған Әсем қыз да жүдеді. Тек үміт қана, әйтеуір, өшпей, жанып жатыр.

Бүгін жеңгемнің туған күні. Құттықтайсың, әрине. Тек бір тілек бар, денсаулығы жақсы болып кетсінші!!!