ҒАЙБАТ
жеке
блог

ҒАЙБАТ

- «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді», - деп күлді сақалды сүннит. - Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Тойып алалық, - деді мүрит. Шолақ шалбарлы бір «...ит» сөйлей беріп еді: - Басын өзіңіз мүжіңіз, - деген үлкендердің сөзі естілді. Көзі үңірейген адамның басы табаққа әзер сиып тұр. Буы бұрқыраған еттің исі танауыңды қыттықтайды. - Бұ жалғанда адамның етінен тәтті не бар екен? - деді Салафи бастың майлы құйқасын жапырақтап турап отырып. - Дұрыс айтасыз, - деді Дағуат етке қолын созып. - Дұрыс айтасыз, - деді тағы да естімеді ме деген оймен. - Анау майлы омыртқаны маған бере салыңызшы. - Майлы омыртқа қайда қашады?. Бастан ауыз тиіңіз, - деді Салафи. Дағуат біреу санына ине сұғып алғандай шоршып түсті. - Адамның басы ғой... - Мүжи беріңіз. Сопылардың еті жұмсақ, тіл үйіреді. - Ер азығы жолда деген. Ауыз тиейін. - Негізінде адамның етін шикі жеген жақсы, - деді әңгімеге араласпай отырған Уахаб. Кеше осы олжамыздың тамағынан орып жіберіп, қанын суша сімірдім. - Иә, оны өз көзіммен көрдім, - деді әңгіменің тізгінін ұстап отырған Салафи. – Тәубә, бұл олжа қалай қолға түсті десеңізші. Қанжығамызды майлап берген «Ошар» арнасына Аллаһ разы болсын... Ақидамызды артырып, тауфиық ұғымын кеңейте түсті ғой, мың жасағыр... - Мұның бәрі кімнің арқасы десеңізші, - деді уахаб шыдамсызданып. - Иә, кімнің арқасы. «Ошар» арнасындағы адам жегіштердің... - Олай демеңіз. «Ошар» арнасы «ләббай тақсыршыл» ғой. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып қыт-қыттайды. Әңгіменің ауанын Дағуат бұзып жіберді. - Не де болса, болары болды. Мына халықты қараңызшы. Бәрі де ауыз тиіп жатыр. Сауабы тиетін шығар, сіздерге. - Аллаһу акбар. Ақи, айтқаның келсін. Мұсылман бауырларымыздың көзі енді ашылған шығар. Ұлт, ұлт дейді кейбіреулер. Сөйтіп ширкке барады. Ата бабаларының мазарларын кезіп кетті, әуейілер. Онан да, ақылға келмейді ме? Мына Сопының етін жеп болайықшы. Сосын жабылып, ата-бабаларымыздың сүйегіне ауыз саламыз. Мазарларын қиратамыз. - Аллаһ сол күнге жеткізсін! Айтпақшы, Сопыны оңайдан олжалаған батыр кім? - «Тіс», - деді Уахаб сұқ саусағын аузына апарып. - Тіс, өзіміздің ана жақтағы көкеміз ғой. - Қай көке ол? - Адамды сыртынан сөз етуге болмайды. Ол кісі Аллаһтың сүйікті құлы. Сырттан әңгіме етіп қайтеміз. Ғайбат болып кетер. Пайғамбарымыз бізді ғайбаттан сақтандырмай ма? - Ғайбат деген «адамның етін жегеннен де ауыр күнә екен ғой». - Астапыралла, рас па? Адам жегіштердің әңгімесі сап тиылды. Бәрі де ойланып қалған секілді. Мына табақтағы Сопының басы да ойлы пішінмен қарап қалғандай. Дастарханнан тұрған халық: «Сопылардың етті тәтті екен» десіп жатты. Енді кімнің етін жейді екенбіз?