ІЗ

ІЗ
жеке
блог

Беймәлім бір күш құлын қиялымды құндақтап, ғұмырдың қызғылықты қыраттарына жетектеп кете барады. А, айтпақшы қазір қиялымыз құлындықтан қош айтысып кетіпті ғой. Жабағы һәм құнан шағын да өткен күннің елесіне жасырып, дөнендігін қарсы алыпты. Бәйге торыдай бестімізде бел асып, аламанда шашамызға шаң жұқтырмасақ та, әйтеуір көппен көргенді «ұлы тойлатыппыз». Құлагердей өзгеден қара үзуді армандамай, әлдекімнің «мәстек торысындай» тапырақтай беріппіз. Өткеніңе көз жіберу арқылы, алдағы шабысыңды болжауға болатынын да ұмытыппыз. Қызық, біз өмір атты бәйгенің жарау тұлпарындай жер тарпып аламанға бет алғанда бір дүбір естіліп еді. Сол дүбір дүрмекке ұласып, айналаны жаңғыртып жіберген болатын. Біреу алдыға ентелеп, бірі ұзаққа шыдас бермек үшін тізгінді тарта ұстап бара жатқандай еді. «Шабан үйрек алдымен ұшадының керімен» қамшы басқандар да, осы аламанда жарты жолда мертікпес үшін тақым қысқандар да қазір қасымда жоқ. Қара үзіп кеттім бе, жоқ әлде тапырақтап жүріп шаң жұтып қалдым ба, білмеймін. Кіммен жарысып, кімнен озып, кімнен қалып келе жатқаным да белгісіз. Әйтеуір жүйрік уақыттың жалында, тұлпар мезгілдің қомында бірде шауып, бірде желіп, бірде желе жортып келе жатырмын. Алдымнан дүрмектің де, дүбірдің де дыбысы естілмейді. Артымнен қиқулағандар да жоқ. Бәлкім, өзімнің сара жолыма түсіп алған болармын. Өзіме ғана тиесілі соқпақпен соқақтап келе жатқан шығармын. Осы болжаммен артқа қарадым. Құдайға шүкір, бір іздің нобайы байқалады. Адасып кетсем, осы із арқылы тауып алар, мені. Диқат беріп, қайтадан үңілем... Мақтанды демеңіз, мына із жазуға ұқсайды. Мінген атым қаламға айналып кеткендей... Манағы бәйге ұмыт. Манағы құлын-қиял ұмыт. Осыны аңдағаным сол еді, бір дүбір басталды да кетті. Бұл аламанда жоқты барды әңгімелейтіндер де, Алаштың игі жақсыларына шоңайнадай жабысып, өздерін мақтатандар да, шетінен кіл классик болып алғандар да бар екен. Олардың да соңдарынан із қалып жатыр. Із. Бәлкім тасқа қашалар, бәлкім құмның бетіне өрнектеліп, жел тұрған соң өшіп, я көшіп тынар. Мұны түсінгелі, адамзат баласы өмірге келген соң, артында із қалдыру керектігін ойлайтын болдым. Саяқ желіп, салт жүргендіктен, өткеніме қараймын. Бұл ғұмырда артына із тұрмақ, құлақтың құрышын қандырар үн қалдырмағандар аз ба? Қамшының сабындай қысқа ғұмырын ұйқы мен тамаққа арнағандар ше (біз де солардың біріміз)? Дүбір естілді. Менен оқ бойы озғандар да, тізе қағыстыра тең келе жатқандар да, шаң қауып қалғандар да бар сияқты. Кенет... Бесіктегі балам іңәлағанын естідім. Із дегенің бала! Іздегенім бала екен ғой! Ал, манағы дүрмектің, манағы аламанның маған көк тиындық құны жоқ екен-міс. Тұлпар уақыттың жалына жармасып, тақымымымды тарс қысқандағы өмірлік мақсатым да артымда қалар ұрпақтың тұяғына үміт жібін жалғау болыпты.