Тағзым

Тағзым
жеке
блог

Жүрегім сыр шерткенде,

Мүлкіп жатты атырап.

Ерте көктем өткенде

Неге түсті жапырақ?

 

 

Жапырақты жел қуып,

Үнсіз бақтар жылайды.

Күн көрмеген жапырақ

Неге ерте қурайды?

 

      Неге ерте қурады...Қатал тағдыр кімді аяды дейсіз? Келгендер кетеді.Заңдылық.Осы заңдылықты өзіне бағындырып кеткен де біздің ержүрек ерлеріміз бар.Өзімен қатарластарының алды,"үлкенге-іні,кішіге-аға" болып,алдыңғы буынның өнерін өзіне үлгі тұтып,кейінгі ұрпаққа насихаттаушылар үшін өмірдің сыны мен сыйы өзгерек.Олар үшін елінен асқан құнды байлық жоқ болып есептелді. Елі үшін бар күш жігерін сарп етіп,миллиондаған халықтың үмітін ақтауға тырысты. Ақыры ақтады да.Құдды өмірден ерте озарын сезгендей,үлкен өмірге де ертерек қадам басты,спорттың есігін мезгілінен ерте қақты.Жаңа ғасырға аяқ басар сәтте елді ерекше жігерлендіріп, жаңаша серпіліспен жаңа сыйлығын дайындады,халқына жаңа ой мен жаңа жігер туғызды. Өзінің көкксеген арманына жетіп қана қоймай,әлемді мойындатты.«Ұлт намысы – менің намысым!» деп ұрандатты.Бұл-2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы болған 20 жастағы жүректің иесі Бекзат Саттарханов еді. Анасы Сырлыкүл Шойбекова бір сөзінде"Бекзат құрсақта жатқанында ерекше болатынын дәрігерлер бірден байқады. «Нәрестенің жүрегі арыстандікіндей соғады» деп 4 айлық кезінде мені қуантқан еді" деген екен. Бүгін енді "Арыстан жүректің иесі" Бекзаттың туылған күні. Егер ол қазір арамызда болғанда 33 жасқа да толар еді.Алайда біздің  Бекзатымыз  20 жасында XXI ғасырға 20 минут қалғанда Түркістаннан Шымкентке бара жатқан жолда көлік апатына ұшырап,көз жұмды.

Заман қандай қатігез

Таппадық-ау айласын.

Ерте түскен аспаннан 

Бекзат жұлдыз қайдасың?

Өмірден өткенде осылай сан соқтық  та,артынан өкініп,өксіп,жылап қалдық...  Жалпы спорттағы 6 жылдық ғұмырында Бекзат 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен екен.Қазір мұндай ерлікті қайталап жатқандарда аз емес. Дегенмен,"Ер Төстігім бір бөлек,қалғандары бір бөлек"дегендей,Бекзаттың қазақ тарихындағы алар орны,отырар төрі,бағындырған шыңы бөлек.Себебі,Олимпиядада бокстан қазақ елінен шыққан тұңғыш алтын медальдің иегері.Былғары қолғап шеберлерінің арасындағы көк туымызды көкке желбіретіп,Әнұранымызбен дүние  жүзінің құлақ құрышын қандырған,"Қазақ" халқының өр рухты екенін әлемге мойындатқан да осы -Бекзат Саттарханов.

 

  Тағзым

Ерте қағып "Өмір" атты есікті,

Тәнті еттің күллі әлемге бесікті.

"Ел намысын қорғап жүрем" дегенде

Тәңір қолдап, періштелер есітті.

 

Тұңғышы боп қайсар қазақ елінің,

Мақтанышы бола білдің жеріңнің.

Тағзым жасап,ерлігіңе бас иіп

Орнын берем сап алтындай төрімнің.

 

Жұлдыз болып туған қазақ халқына,

Ер Бекзатым,сен ешқашан сөнбейсің!

Әр қазақтың жүргендейсің жанында,

Сен біз үшін мәңгіліксің,өлмейсің!