ҚОЛШОҚПАР

ҚОЛШОҚПАР
жеке
блог

Сіз кімнің қолшоқпарысыз? Осы сауалды қойсам, не деп тіл қатар едіңіз? Қолшоқпар кімнің қолына тисе, соның мақұлығы. Оны кім сілтесе де, бәрі-бір. Жауын іреп тастайды. Я талдырады, я құлатады, тіпті өлтіруі де бек мүмкін. Сол қолшоқпардың санасы болуы мүмкін бе? Өзіндік тәуелсіз ойы, танымы, білігі, білімі... Атам қазақтың жауға шапқандағы шоқпарының санасы болды деп өтірік айта алмаймын. О, ол кездегі Алашты қорғайтын жансыз, санасыз шоқпар болсам, арман не? Қазір заман өзгерді. Заң басқа. Шоқпар да өзгерген. Баяғыдай сілтейтін жансыз мақұлық қажет емес ешкімге... Қажеті – «адам шоқпар».  Сізді отқа да, б... да итеріп жүрген, сізді қынындағы пышағы, беліндегі сойылы етіп жүргендер бар. Жоқ дей алмайсыз. Қазір мен тәуір бір пікір айтсам, «мұның артында кім тұр?» деп үрке қарайды бәрі. «Кімнің шоқпарысың?» деп бағалайды.  Яғни, кімнің қаруысың? Расында біз кімнің қаруы болуымыз керек еді? Осы сауал әр шоқпарды ойландыруы тиіс. Ойлана алмайды екенсіз – түбі жоқ құрдым. Батасыз да кетесіз. Күштер таптап өте шығады, үстіңізден... Олар өйткені, сізді ұру үшін ғана пайдаланады. Ұрғаннан соң, қажетіңіз жоқ... Ендеше, неге мен қолшоқпар болуым тиіс? Айтпақшы, шоқпарыңыз жауыңыздың қолына тиіп өзіңізді майып қылса, не болар еді? Шоқпарға ренжи аласыз ба? Жоқ. Өйткені оның жаны жоқ. Ал, жаны болса ше?