НОНГРАТА

НОНГРАТА
жеке
блог

Үйлендік... Үй болдық. Бірлі-жарым баланың әкесіміз. Мойындаймын! Бірақ, көктем келгендіктен болар, бір сұлу қыз көріп қалып "Әдемі екен-ә" деп шыныңды айтсаң, қасымда тұрғандар: "Әйеліңіз бар ғой" дейді... Сонда немене, әйелім болса, сұлулықты көрмеуім керек пе? Айналама қарайтын "адамзаттық құқығым" жоқ па? Тағы бір ой мазалайды. Бойдақтар ойына келгенін істеуге, қарауға, сөз айтуға, ішкі ойын айналасындағылармен бөлісуге құқылы. Ал, бойдақ еместерге "нонграта". Неге? Мен біреуді әдемі екен десем, демек ол адаммен тауға шығып, шырша аралап кетпеймін ғой. Айтам да, қоямын...

Үйлендік. Үй болдық. Әріптестермен әңгімелесіп отырмыз делік. "Қайтпайсыз ба?" дейді. "Сендер отырсыңдар ғой, мен де отыра тұрайын" десең "әйеліңіз бар ғой" дейді тағы да жерден жеті қоян тапқандай. Сонда, әйелі жоқтар кез-келген жерде омалып отыра беруге, орайы келсе қонып қалуға құқылы да, бізге "нонграта" ма?

Үйлендік. Үй болдық. Өткенде екі қыз такси ұстап тұр екен. Жол-жөнекей ала кеттім. "Әйеліңіз бар ма?" дейді. "Бар" десем. "Не болды жап-жас болып" деп өзімді сөкті. Сонда, немене 27 жас бүгінгілерге жап-жас болып көріне ме? Біле білген адамға бұл бір пенденің жарым ғұмыры (алла 64 жас өмір берсе).  

Үйлендік. Үй болдық. Әзілдеп, әрненің басын шалып отырсаң, "әйеліңіз біле ме?" дейді. Сонда не, "Алладан жасырмағанды, әйелден жасыруым керек пе?"

Түсінбеймін, біреулер үшін әйел деген "бүжәй", әйел деген "ужас", әйел деген "Қорқыттың көрі"... Сен сол Қорқыттың көрінде жатқан Қорқыт бабамыз сияқтысың. 

Ал, шын мәнінде ше? Шын мәнінде үйленгендер де, үйленбегендер де - пенде... Ал, пенделер пендешілікке бармай қоймайды. Сондықтан да, "әйеліңіз бар ғой" деген өлшем, "Алла көріп тұр" деген сыпатқа тең келе алмайды.