BlogCAMP-БлогКЕМП-БлогҚҰРЫЛТАЙ-2013 (ШЫМКЕНТ)

BlogCAMP-БлогКЕМП-БлогҚҰРЫЛТАЙ-2013 (ШЫМКЕНТ)
жеке
блог
Мазмұны:  
   
1. КІРІСПЕ
1.1.         БлогКэмп-2013-ке шолу...................................................................................................1
 
2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1.         Күнделік............................................................................................................................3
   
3. ҚОРЫТЫНДЫ  
3.1.         Әлемге, Халқыма, Массагеттік ағайындарға амандық тілеу............................................5  
 Шымкент, 2013  

Ассалаумағалейкум, ардақты менің Масагеттік ағайын, достарым!
Қалдарыңыз қалай? О, бауырым, сенің қалың қалай, бәрі дұрыс қой? Мм, ләйім жақсы болғай.

Байқаған болсаңыздар, кешегі апта Қазақ Интернетінде бір алып той, аламан бәйге болып өтті. БлогКэмп немесе немесе БлогҚұрылтай-2013 деген. Электронды есептегіш машинаның тілін жетік меңгеріп, бертін келе Блог жазудың қыр-сырын жүдә қатты білетін, қысқасы Қазақ Блогосферасының белді майталмандары мен дүлейлері - шырайыңнан айналдым Шымқала шахарына жиналды. ОҚО әкімішілігінің  (бастамасымен және) тікелей қолдауымен өткен бұл жиынның басты мақсаты, меніңше:

1)   Жаһан тыныстаған ИНТЕРНЕТ атты салаға Қазақ жастарын ендіру, баулу, игеруге қолдау жасау, қолына күрек беріп қара жұмысқа салғаннан әлдеқайда жеңіл жолдармен-ақ күнкөріс табу жолын көрсету (монетизация), оның ішінде идеологияны қатар жүргізіп жаппай тәрбие жұмыстарын реттеу, тиісінше туындап жатқан кейбір мәселелерді шешудің жолдарын қарастыру... қысқасы интернетті толық игеріп, оны игілілігіңе жарата алып, мүмкіндік болса одан тиімді жаңалықтар ашуыңа барлық жағдайыңды жасап қою.

2)   Ғаламтор желісіне сапалы, тиімді, нақты, қажетті ақпараттар (контент) енгізудің жолдарын көрсету. Ақыры, келген жеріміз жеке-жеке отырып ап блог (пост, жазба, күнделік) жүргізу болғандықтан, қаншама елдің назарын өзіне қаратқан аузы дуалы блоггерлердің айтарын тыңдату.

3)   Әлі жарық көріп үлгермеген, мазмұны мен берері мол, «шаранада жатқан» қазақ тілді сайттардың жобаларына байқау жасап, жігеріңе – жігер қосып, ісіңе дем беріп демеушілік ету.

**********************************************************************************************************************
**********************************************************************************************************************
**********************************************************************************************************************

*******************
19-20-21 наурыз

        Той болған соң, сол тойдың белсенді атсалысушылар қатарына бой түзеп, біршама міндеттемелер алып, қонақтар деген тізімнен өзімді өшірдім де: «Менің де тамшы терім осы көл-көсір тойда қызметіммен тамсын» деген ниетпен, онсыз да Шымқала қаласында болғандықтан, біраз «атымызды» салуға тырыстық. Ақылтөбеде күнде жиын... Күнде Мизамның (кафе) төріне отырып ап, бойдағы ақыл мен пікірталастың шексіз бірлігін аямай кеп жұмсаймыз. Айтуын айтып жаттық, кәдімгідееей біраааз жерге апарып тастайды екенбіз, байқадым. Соңында бір шешімге кеп, оны жазып, сызып қойып жатқандар да болды.

Солай да солай күн түнді озып (немесе керісінше) Құрылтай күні жақындай берді. Яғни ертең - наурыздың 22-сі - Ұлыстың ұлы күні (!) және Қазақияның түкпір-түкпірінен кең дисплейлі смартфондарына мініп, твиттер, инстаграм, фэйзбук дегендеріңізде пәшкі-пәшкі аккаунттары бар қонақ Блоггерлер қауымы келетін күн!


*******************
22 наурыз

        Сонымен Наурыздың 22-сі, күн керемет боп тұр, шақшиып. Таңертең, осы ауылдың тұрғыны Эльвиралар келеді, одан соң Мейіргүл мен Ақерке бар. Кешкі сағат 19:00 де Мизамда препати (қаз. пре-бұрын, пати-вечір ғой). Әбетке таман Мейіргүлді қинап жүріп қонақүйінен шығарып алдым да, 16:00 де кездесетін жерге дәл уақытында 17:00 де болдық)). Оңаша шығып, қаланың көркі деп саналатын 2-3 әдреске бардық, Шымкентский кәуаптан дәм алдық.

*********************************************************************************************

Кешкі сағат 19:10. Асығып жүрсек те 10 минут кешігіп, теңізде жүзіп бара жатқандай әсермен, толқыны біресе алға біресе артқа тербетіп, ерекше тебіреніспен Мизамның табалдырығын аттадық (қасымда Мейіргүл бар)... ҚазНеттің жілігін шағып, майын ішкендермен қол алысып амандасып, сөз саптап әңгімелесу дегеннің өзі қалай болар екен... Түйені түгімен жұтатын әнебір блогшылар отыр. Олармен әңгіме қалай жарасар екен... Демімді тарттым да сүңгіп кеттім...

Қанша дегенмен, онлайн мен офлайнның айырмашылығы, өзіндік бір тәтті жері, өзіндік қызығы мен артықшылығы, жүрексініп бейімделе алмай қалатын жерлерің де болады екен.

Қонақтың дені Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген жастар арғы жағы Түркия, Қытай (Моңғолия, Франция) екен.

Бір есімді жисам, айналам қаптаған қыз, жырқ-жырқ найзағайдың жарқылы көзімді алады... Бір ойым: «Қандай фестивальда жүрміз?»,- деп қоям. Сөйтсем, отырыс аяқталуға жақындап, жаппай профессионалды фотоаппаратпен суретке түсу басталып жатыр екен. Түстік, ааай кеп түстік-еей...

***********************************************************************************************

        Түнгі 00:00. Германия мен Қазақстан «ойыны». Ойын десе ойын... Жасы 12-ге толмағандар көретін ойын болды...(((


*******************
23 наурыз

        Бекітілген бағдарлама бойынша таңғы сағат 08:30 да БлогҚұрылтайға тіркелу басталады.

9:15 те кіріп барсам (түнімен зырқылдатып соққан немістің ойынын көріп, ұйықтап қаппын), жайбасар халықпыз ғой, құрылтай ашылмақ түгілі әлі адам толық та жиналмапты.

Кешігіп басталса да отырыс керемет өтіп жатыр. Форум түрінде өткен жиналыста көрермендер де ортаға шығып сауалдарын қойып, тіпті пікірталастырып не ақылын айтып жатты. Құйтырқы сұрақ, қисық жауап, дүр күлкі, гүбір-гүбір әңгіме, жырқ-жырқ профессионалды фотоаппарат жарқылының дыбыстары...

Бағанадан бері қалғып бара жатқан халықты оятпақ болған белсенді СтартАП мүшелерін марапаттау рәсімі басталды. Ду қол шапалақ. Арнайы ұйымдастырылған БлогКемп-13 ті әлеуметтік желіде жарнамалап, жариялағандарды да құр қол қалдырмады. Ооо, Сәния Қуанқызы!!! Жарайсың!!!

Бағдарламаға ақ қағазға қара сиямен дөңгелетіп тұрып жазып қойған:

18:30 Бәйшешек лагеріне жол тарту. Яғни, 18:25 тершамасында ОҚМУ (Мұқтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ Мемлекеттік Университеті, қысқаша ТЕХ) алдында тұруымыз керек...

18:43. Есбол досымның Мерседес автокөлігімен жүйіткіп Тәуке Хан даңғылымен «басып» келеміз. Әне бір бағдаршам қалды, содан өтсек Универге де жетеміз... Үйге барып жолдорбамды алам да шығам деп ойлағам ғой... Кешігіп келем...

Көзімнің қарашығы үлкейіп кетті. БлогКемп-ке жиналған бүкіл жұрт автобустарына жайғасып алып, «нағыз қазақ» МЕНІ ғана күтіп отыр екен. Затымды ала-мала жолдың арғы бетіне өттім. Жаман ұрысты (жабылып)...

**********************************************************************************************

Амангелді Сейітхан мен Асқар Хамиденовтерден құралған (өте) сәтті дуеттің орындауындағы тың қазақы әндердің ырғағының тебіреткен толқынымен тербеліп келеміз. Керемет жігіттер екен, тәнтімін. Жастықтың жалыны кеудесіне симай тасыған, екі көзінде шоқ қызған жігіттер мен қыздар, ән салу, таныс-біліс, күлкі-ойын, қалжың сөздер... Осының бәрі тіпті автобустың ішінде көтерілген шаңның көзді ашытып, танауды бітеп бара жатқанын да сездірмеді.

Бәйшешек лагеріне жеттік. Лезде кешкі астың қамына кірісіп, артынша "Домбыра пати" атты шараның өтетіні мәлім болды. Аттарыңнан айналайын, қазақы күй мен ән домбыраның ішегінен шертілгенде менің жанымның перенесі де қоса шертілді. Ортада алау. Жиналған жұрт тым-тырс, ұйып тыңдап отыр. Кеш қызыып тұр.

Домбыра патидің әсерінен кейін, ахілеп-ухілеп ал енді ұйықтап көр. Дәлізде "мафия" ойнағандардың жарқын дауысы таңғы 5-6 лар шамасында саябырсыды.


*******************
24 наурыз

Таң. Таңғы асты "плотны" ішіп ап, аймақты зерттеуге көштік.
Аспанмен құшақтасқан алып таудың баурайы еріксіз таңдандырып, биік шыңның басына шығуды құмартасың.

Сосын түс ауа сүйікті әрі асыға күткен футбол ойнау қамына кірісе бастадық. Жанымызды жеп 3-4 ойын ойнап тастаппыз. Жинақталған 5 команданың ішінен біздің команда финалға шығып, қарсылас "ӘКІМШІЛІК" командасымен кездестік. Жігіттердің бірізді, "паспен", баппен ойнайтындығы қызықтырып сәл қорқытты. Қайта жігерімізді қамшылап ойынды бастап кеттік. Пас, пас гол!!! Пас, пас гол!!! Есеп 2-0, Біздің команда алда. Ойынның соңғы минуты өтіп жатыр. Жігіттер шаршаған, жүгіріс аз, қақпаныалыстан дәлдеп тебу мүмкіндігі сыналып жатыр. Бәрі сәтсіз. Не керек, біздің жігіттер дерлік ұяты бар, арлы, иманды болғандықтан қарсылас команданың 1 добын қуалап жүріп өз қақпамызға салдырдық. Ұят болмасын дедік)) Жеңіс бізде: БЛОГГЕРЛЕР жеңді.

Біраз ағайындар тауға шығып мәре-сәре боп жатқанда біз "доп ойнаған-тозардың" анықтамасымен - ыңырсып, аяқ-қол-бел дегеніңізді ала алмай, кәдімгідей қиналып қалдық. Аяқ ақсап қалды. Қысымен аюша майды қордалап жата бергеннің пайдасы да. Сол әлекпен өз басым 3 күн жүрдім.

Кешкілік асқа әкімшілік ұйымдастырған 800 түп кәуаптың тартылатыны біраздан бері аңсарымызды аудырып жүрген. Соны күтім отырмыз.

Кәуаптің дәмі керемет бопты. Мммм...

2 күннің басты қызығы немесе "ШОУ" десе де болатын - қыздардың "Ұйқыашары" жігіттердің "Селт еткізері" басталды.

Қыздардың ұсынған дәміне қысымен тоң боп жатқан сезімдер оянып, селт еткен жүректен жігіттердің селтеткізері өзара үлестіріліп жатты.

Сәні бір бөлек Дәмі тіл үйіретін ұйқыашарлардың байқауы өтті. Мен де өзіммен-өзім келісіп өз-өзімді қазылыққа ұсынып, Эльвираның Абзал деген жігітке берген ұйқыашарына Ең 1-ші орынды бердім (анааау BLOgcamp 13 деген жазуы бар торт!)

Соңынан суретке түсу тағы бастады...

 

 

Міне!

Атышулы БлогҚұрылтай думаны - өте сәтті, өте қызықты, керемет атмосферада, керемет жерде осылай өтті. Кеудеге алынған масса әсердің оты келесі жылға дейін жету керек. Мен көрген БлогҚұрылтай осылай өтті. Келдік, көрдік, жеңдік...)

Блоггерлермен офлайн танысқаныма өте қуаныштымын!

Әлем қалпы тыныш, Еліміз аман, Елбасымыз бақуат, жастарымыз жалынды, блоггерлердің қаламы қарымды болғай. Барлықтарыңызды Көктем Мейрамы, Қазақтың Төл мейрамы - Жаңа Жылмен Құттықтаймын. Ешқашан ауырмаңыздар. Отбасыларыңызға бақ кеп қонсын! Берекелі, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақ Елі жасай берсін!

 

БЛОГҚҰРЫЛТАЙДА ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!!!


Суреттер: Ең әдемі суреттерді іріктеп алдым... Әдемі емес суреттерде әдемі емес боп түсіппін...