Мен келдім, "блог-ауылға!"
жеке
блог

Мен келдім, "блог-ауылға!"

Осыдан дәл 22 жыл бұрын мен өмірімде бірінші рет алыс сапарға шықтым. Алыс сапар деп отырғаным, мен туған Сүмбе ауылынан 12 шақырым қашықтықтағы Қызыл-шекара ауылы... Ой-шұқыры көп, өте ұзақ жолды жарты сағат бойы жүрдік. 5 жасар бала әжәптәуір шаршап қалады екен... Дәл сол секілді 27 жасқа келген кезімде, ойда-жоқта блог-ауылға сапарлатып қалдым... Ендеше, жолаушы-мүсәпір дегендей "мүсәпір-ұлыңды" қарсы ал, патша көңілді оқырманым!

Иә, ол кезде 5 жастамын. Әжеміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, көз бен тіл тиеді деп ешкімге көрсетпей, ешқайда шығармай өсірген болатын. Соның салдарынан болар, Оралханның бір кейіпкері секілді аудан орталығын да көрмей, ауылдың шаңын көтеріп асыр салып жүрген болатынбыз. Кім айтқаны есімде жоқ, көрші ауыл "тасаттық" береді екен дегенді естідік. Үйге келіп қыңқылдап жүріп, өмірімдегі ең ұзақ сапарға шықтым... Мәссаған, біздің ауылдан да басқа елдімекен бар екен! Менің ең алғашқы ашқан жаңалығым осы болды. Екінші жаңалығым, екі қабатты үйлер. (Біздің ауылда үсті-үстіне мінгескен бар болғаны 2 үй бар. Сосын 3 қабатты мектеп, 2 қабатты балабақша, қалғаны тек шатырлы демесеңіз жарбиған тоқал-тамдар)... Ал, Қызыл-шекарада мінгескен үйлерге сан жетпейтіндей көрінді (енді бар болғаны 10-ға дейін санайтын сәбиге басқалай көрінбесі анық қой). Мұндай көп екі этажды үйлерді бірінші рет көруім. Қазір біреулер қылтима деп көпіретін балконға қарап аузым ашылып қалған. Үшінші ашқан жаңалығым, көрші ауылдың адамдары көзіме сұлу көрінбеді. Бәрі "жынды-сүлей" немесе "ұсқынсыз" секілді... "Бар сұлу пенделер біздің ауылға жиналған екен ғой" деп ойладым (Ол кезде күнде көріп жүрген адамға көз үйреніп кететінін, сол себепті де пенделердің бет бейнесіндегі олқылығын аңғармай қалатынымызды қайдан білейін)... Сол сапарда аталарым мен әжелерімнің, ертеректе шетінеген бір бауырымның мазарына барып, құран оқыттық. Тағы да түсініксіз. "Өзіміздің ауыл тұрғанда, туыстарымды неге соншама жерге  әкеліп жерледі екен?" деп қоямын. Ал, расында бұл екі ауыл арасының сәл-пәл алшақтығы болмаса, бір ауыл екенін мен қайдан білейін...

Енді, мұны неғып "көпіріп" отыр дегенге келейік. Сол 5 жасар бала сынды иек астындағы блог-ауылға бармағаныма ұялып отырмын. "Бақсам бақа екен" дегендей, блогшылар екі қабат үйге көшіп алыпты... Жарбиған тоқал-тамнан (мен үшін әлі де болса хан сарай) ұзап біз де көрелік деп шештік. Шынын айтайын ба, соңғы бірнеше күннен бері бірқатар блогтарды қарап отырып, сол 5 жастағы  "бар сұлу пенделер біздің ауылға жиналған екен ғой" деп ойлайтын кезім тағы еске түсті. Суреттегі кейіптері әдемі ғой, бірақ, кейбіреулердің сөйлемдегі ұсқындарына қарап қарным ашты. Қош! 12 шақырымнан да жақын жерде "жерленбей" тұрған кезде тізгінді тартайын... Өйткені, бұл да біздің бір ауылға айналып қалар! Яғни, ҚОШ КЕЛДІМ, блог-оқырмандар!