Тәуелсіздікке тағзым
жеке
блог

Тәуелсіздікке тағзым

 

Тәуелсіздікке тағзым
Тыңда далам, айтатұғын датым бар,
Сөйле қалам, көсілуге қақың бар.
Өзге тілмен орағытпай алыстан,
Кезің келді өз тіліңе жақындар.
Тыңдат елді, әруақтар сүйінсін,
Күнің келді, бұл да саған қиын сын.
Аласапыран дауылда да біріккен,
Көк байрақтың ел астына жиылсын.
Алда асу, сынақтар тұр күрделі,
Әлсіредің нарық белден бүргелі.
Есіңді жи, ертең келер ұрпағың,
Елім бар деп мақтана алсын іргелі.
Бейбіт күнді батыр бабаң көрген жоқ,
Рухтары мәңгі тірі, өлген жоқ.
Қолыңда бар алтыныңды қадірле,
Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ.
Ат үстінде атып еді таң талай,
Жау шапқанда тұс-тұсыңнан анталай.
Елдігімді сақтаймын деп егіліп,
«Елім-айлап» зарға ұласты ән талай.
Ойран болып орны қалған ордалар,
Тарихтан қалған белгі қолда бар.
Асыл мұра – баға жетпес байлығын,
Бүгін ұрпақ мақтан етіп толғанар.
Шайқап кеткен Алматының алаңын,
Жастары үшін дархан, байтақ даланың.
Естілгенде ана зары алыстан,
«Желтоқсанды» жазбай кетпес қаламым.
Өткен өтті,
Уақыт жетті ойланар,
Мақсат, тілек орындалсын ойда бар.
Жыламауға тиіссің сен өмірде,
Барсаң енді, Қазағым, тек тойға бар!