Әңгіме
жеке
блог

Әңгіме

Ұшатын адам

 

 Кенет «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!..» деген ащы дауыстан жағажай дүрлікті. Адамдар абдырады. Қапелімде не істерге білмей, барлығы дауыс шыққан жаққа үрейлене, шарасыз қарап қалған. Себебі, өзен ағысы жойқын, иірімі құйтырқы.

 Жанайқай алыстап, үзік-созықтанды. Жарқабақта оқшау тұрған жігіт жұрттың үрпиісіп, әлдене десіп жатқанынан секем алып, дереу төменге түсті. Жағалауға жеткенде тұншыққан дауысты құлағы шалды. «Құтқар!..» Ол өзенді бойлай жүгіре жөнелді. Суға бір батып, бір шыққан қолды да көрді. Жігіт ағыспен ыққан бейшараға тура ұмтылды. Қолына шап беруі мұң, ол жанталасып, мұны өзіне тартты. Жігіт жалт бұрылып, шалт қимылдап, ағысты көлденеңдей тілді. Тура мағынасында солай, денелі кісіні сүйреген күйі жағаға жетті. Бұл тосын көрініске куәгерлер аң-таң. Жігіт жүзіген де, жүгірген де сияқты. Қайтседе ажал аузындағы адам аман, қақалып-шашалып, өз-өзіне келуде. Жас шамасы елулерде сияқты көрінеді. Жұрт оны қаумалап, бірі мойын тұсына жұмарлап киім тықпаласа, бірі кеудесін ысқылап, жәрдемдесуде. Ол жан-жағына алақтап:

- Әл... Әлгі қайда?-деді.

- Кімді айтасыз?- деген шикіл сары келіншек кимелеп ерлердің ортасында жүр.

- Ме... Мені құтқарған...

- Ә, жаңа тұрған. Сізге алғашқы көмек көрсетті. Сосын...

- Ол өзі судан құтқарушы ма?-деп даурыққан көп беймәлім құтқарушыны таппай қойды.

- Өзі қарулы екен. Сіз кәміл сексен келі шығарсыз, әрі ағыс сұмдық. Соған қарамай...

- Со-соны айтам. Ол болмағанда шаруам біткен екен. Аяқ-қолым құрысып, су жұтып...

- Оның сізді қалай құтқарғанын өз көзіммен көрдім.

- Иә, мықты жүзігіш екен. Қимылына көз ілеспейді.

- Жүзіді дейсіңдер ме? Мені ол су бетімен дырылдатып сүйреді емес пе?-деп, егде кісі шынымен не болғанын түсіндіре алмады.

- Нағыз желаяқтың өзі. Расында ол сізді сүйреді. Тулақ құрлы көрмеді...

- Соқпа! Қазір қыс емес, мұз бар дейтін, шіліңгір шілде. Сүйреді, һмм, қарай гөр, сүйреді!..

- Көзіммен көрдім. Оллаһи-беллаһи сөйтті. Ағай сүйреді деп отырған жоқ па? Әйтпесе, зілдей кісі жас жігітке көтертеді ме?-дескендер жұмбақ жігіттің ерлігін дәріптеді.

- Айтпақшы, оның арбадағы әлдебір адамды итеріп, ұзап бара жатқанын байқадым. Өзінің жасы отыздарда білем,-деп біреу судан құтқарушы жайлы жаңа дерек айтты.

- Мүгедекпен дедіңіз бе? Қайғылыға жақ болған жаны ізгі жан болды-ау өзі. Бәлкім алысқа ұзамады,-деп құтқарушысын көргісі келген адам орнынан түрегелді. Осы уақта жергілікті телеарнаның түсіру тобы келіп, болған оқиғаны тәптіштеп сұрап жатты.

                                                           *          *          *

«Синоптиктердің мәліметі бойынша ауаның температурасы 40 градус...» дей бергенде арнаны өзгесіне ауыстырған Мұса бұрқылдады:

- Өй, мынауысында да, анауысында да осы. Ресей түтінге тұншығуда. Бізде қуаңшылық. Баяғының қарттары болсашы, олар болса, тасаттық беріп, жауын тілер. Әу, Жайдар, дүние не боп кетті өзі? Африкаға қар түсіп, мұз қатып, елі үсіпті, бізде аптап. Оқымыстылар қақсайтын ғаламдық жылыну дегендері тағы бар. Бұған не дейсің деймін? Бірдеңе десеңші.

- Шыдаймыз. Шүкір етеміз.

- Онсыз да сөйтеміз. Амал нешік? Жайдар, бұл шыныменде ақыр заман болмасын? Мұхиттың арғы жағындағылар кино түсіріпті. Соны көргендер 2012 жылы «конец света» деп шулап жүр ғой түге?

- Кісінің күлкісін келтірмеші. Сенде бір сондайға сеніп... баламысың, ол небәрі кино ғой.

- Сонда да. Жаман айтпай жақсы жоқ. Есіңде ме, 2008 жылы тау-тассыз тегіс жеріміз сілкініп, Шалқар көлі тартылды. 2010-да жұмбақ күйде киік пен балық қырылды. Табиғат тепе-теңдігі бұзылды. Бір жерді су басса, бір жерде зілзала. Күнде еститінің өлім. Осылай кете берсек...қорқам. АҚШ тайфуннан көз ашпайды. Олардың бір білгендері бар, сірә? Содан қортынды жасап, әлгіндей кино түсірген. Оған қалай сенбессің, сенбейін десең де сендіреді,-деп Мұса кәдімгідей таусылды.

- Барлығы адамдардың өздеріне байланысты. Түзу елге ештеңе болмайды,- Жайдар досының доғармасы қиын әңгімесіне осылай нүкте қоймақшы.

- Оны қайдан білдің?

- Өте ертеде Нұх, Ыбырайым қауымдары, Мәдян, Ғад, Рес, Сәмүд сияқты елдер болған. Бірақ олар шектен шыққандарының салдарынан жер бетінен тып-типыл жойылған.

- Е, мен олар туралы Құраннан оқығам...

- Оқысаң сол. Ол оқиғаларды Алла адамзатқа сабақ қылған. Уақыт қанша жаңарса да адамның жауы бәз баяғы лағнет атқан малғұн болып тұр. Одан құтылудың кілт-кілтипаны әркімнің өз ішінде. Адам әлемге қарамас бұрын, алдымен сол гәпті тапсын.

« Өзенге шомылып жүрген екі бала тілсіз жаудың құрбаны болды. Қамал Есболат дейтін адамды бір жігіт құтқарыпты» деген диктор сөзін іле-шала экранда жүзі таныс кісі көрінді: «Өкінішке орай  құтқарушымды білмеймін. Ол жетіп келді де, мені қасқағымда жағаға шығарып, өзі ғайып болды. Алғысымды да айтып үлгермедім.»

- Ей, Жайдар, мынау кеше сен құтқарған адам. Қазір ғой сен туралы жарыса жазып, телеарналар түсіріп жатар еді. Басыңа қонар бақтан қашып!..-деп Мұса қажай бастады.

- Біреуге жасаған жақсылығыңа қайтарым Алладан,-деп Жайдар сабырлы қалпы жылы жымиып, келесі бөлмеге ене берді.

- Жайдар, әу, Жайдар, сені осы мінезің үшін жақсы көрсем де, тап осыныңа бола кейде жек көріп қалам,- деп Мұса басы салбырап, отырып қалды. « Бірақ сенікі жөн. Сен қасқа жүзе білмейсің. Суға кеткенді қалай құтқардың десе, не дейсің? Өтірік айтудан да мақұрымсың. Судың бетімен шауып барып, шауып қайттым дермісің? Кім сенеді? Сенің сырыңды менен сұрасын! Қатырып тұрып сұқбат берер ем. Мені қалай құтқарғаныңнан бастап...» деп Мұса жансыз аяқтарын сипап, досы жайлы ойларын салмақтап, осының бәрін ішіне сақтап жүре алмасын сезді. « Жайдар жайлы фильм түсіруге болады. Бейбіт күнде ерлік жасау... Және қандай ерлік?!. Жаңылмасам, ол осымен тоғызыншы адамды ажалдан арашалады. Мұндай ерлік ұлықтауға лайық! Бірақ біздің бала қызық, берген-қылғанын бүтін дүниеден бүгеді...»

                                                           *          *          *

            Қаладағы екі бөлмелі пәтер Мұсаның үкіметтен алған құт-қонысы. Бұған да Жайдардың жәрдемі тиді. Бәрінен де сүйгенімен қосылуына дәнекерлігін айтсаңшы. Әйтпегенде Гүл-гүл бұған бұйырар ма? Мұса студент кезгі альбомды ақтарды.

            Ол кезде Мұса альбомдағы фотосуреттегідей тепсе темір үзгендей жігіт. Гүл-гүл екеуінің арасындағы махаббатқа көлденең көздер қызыға да қызғана қарайтын. Сөйтіп жүргенде оқулары бітіп, Гүл-гүл туған жері Ақтөбеге аттанды. Бір-бірінсіз тұра алмайтын ғашықтар үзбей байланысып тұруға уағдаласып, үйлену тойларын да межелеген. Бірақ аяқ астынан Мұса пойыздың астына түсіп, қасірет шекті. Бұлай тірі болғанша өлгенім артық деп өз-өзіне қол жұмсауға шейін барған, Жайдар жанынан табылды, өмірге деген құштарлығын арттырды, алыстағы сүйген қызына да бәрін түсіндіріп, екеуінің үй болуына дейін жеткізді. Мұсаның ойына ауруханадағы оқиға түсті. Сол түнгі Жайдардың адам сенгісіз әрекеті ше? Шынындада сол оқиға қалай болып еді өзі?

 «Қанша сүйсе де Гүл-гүл менен теріс айналар» деп өмірден қатты түңіліп кеткен Мұса ай жарығымен жолын тауып, екі қолына сеніп, терезенің жақтауына мінді, ернеуіне таяды. Енді сәл жылжыса – бітті! Бірақ жан тәтті. Өзегі күйіп, төменге төніп біраз тұрды. Палатадағылар шырт ұйқыда. Жау ой: «Бол! Мұндай сәттілік тумайды. Тез ойыңдағыны іске асыр!» деп жұлмалайды. Шынында кім бөгет? Бұлттан сырғақтаған ай сәулесі бір төңкерілгенде төменнен әлдекімнің сұлбасы қарайғандай болды. «Тездетпесем болмас. Кешіріңдер мені! Қош, жарық дүние!..» деп енді құлай бергенде ауада құс қанаты сусылдағандай дыбыстар кеулеп, көз алдында түсініксіз құбылыс болды. О, тоба, жақтауға жабысып Жайдар тұр?!. Бір қолымен мұның өңірінен тас қылып ұстап алған. Бұл: « Сен не, өле алмай жүрмісің? Қайдан пайда болдың? Жынсың ба, перісің бе?» десе, ол әдетінше жымиып: « Осы сұрақты сенің өзіңе қойсам ба деп келіп тұрмын» дейді. Дәнеңе ұқпаған Мұса аң-таң. Әлгінде ғана қирап, өлсем деген ойы ізім-ғайым. «Сен мұнда қалай шықтың, ұштың ба?» десе: «Енді бір қабат жоғарыда болғаныңда жете алмайды екем. Шамам төртіншіге әрең жетті» деп қояды жайбарақат. Содан таң бозарғанша екеуі әңгіме соқты. Әуеге ұшам деп арқасына қанат байлап, күнге күйіп түсетін бағзы Икар заманғы аңыз, Икар заманғы арзу арманның бүгінгі зымыранға мініп, ғарышқа ұшқан адамзат баласының әлі де көкейін тесіп, көңілінен кетпесіне айналғанын, бұған әулиелік қонып, жаратылыс сырынан ши суырғандардың ғана қолы жеткенін және келешекте адам ғылым мен техниканың көмегіне сүйенбей, құс сияқты еркін ұшып-қонып жүре алатындығы жайынан ғажайып қиял қотарды. Осы түннен соң Мұса өзін он екі мүшесі сау жандай сезінді. Бәрінен бұрын Жайдардың: «Бұдан былай Гүлді сүйем, күнді сүйем, тыныш өмір сүрем десең, саған ұшуды үйретем» дегені жылаған балаға қалағанын әперіп, жұбатқандай әсерледі. «Мұса, өмірдің өзі тұнып тұрған көркемдік, ол саф алтын, шынайы әдебиет! Өйткені, оның авторы – Ұлық Иеміз! Адам сол сырға үңіліп, қиянатсыз өмір сүрсе, жолындағы жабықтар біртін-біртін ашылып, білімі молайып, рухы өседі» дегенін қалай ұмытсын. «Жайдар, сен мені құтқардың. Мен өмір сүрем!» деген де Жайдар күлімсіреп: « Сен де осылай самғайсың!» деп қолымен ауаны жеңіл қармап, баяу қалқып барып, жерге қонды. Күлімсіреген қалпы, сұқ саусағын ерніне апарып, ешкімге тіс жармауын және бір ескертті. Мұса артынан айқайлады: «Сені бұдан былай ұшатын адам дейтін болам!» Жайдар алақандарымен аузын қаусыра сыбырлады: «Олай десең бүлдіресің. Оданда жай ғана Икар дей сал.»

                                               *          *          *

            Ақтөбе мен Оралдың арасы пойызбен он сағат жол. Гүл-гүл тысқа көз жіберіп, төңкерілген дүние ішінен әлдене іздейтіндей манадан қыбырсыз отыр. Ештеңеге көз тоқтатып болмайды. Солқ-солқ соққан теміржол құдды кинокадр іспетті, сұлу суреттерді жұтып жатыр, жұтып жатыр. Әлдебір ауыл маңынан өте бере ойнап жүрген балалар көрінді. «Қайран, балалық! Құдай қаласа, біздің де баламыз болар. Мұса асырап алсақ дейді. Аңғал батырым-ай» деп ішін сипап, көзінен үзілген жасты саусағымен ілген Гүл-гүл өз өмірінің қалтарыс-бұлтарысын тағы ойлап кетті.

            Жолдамамен ауылына оралған жас маман бір жылдың қалай өткенін сезбеді. Бәрі жақсы-ау, тек жігітінен еш хабар-ошар болмағаны жанына батты. Көзден кетсе, көңілден де кетеді деп, Мұса ендігі өзге біреуді қалады-ау деген ойға лажсыз жығылды, оңашада ебіл-дебіл егілді. Енді қайтсін? Қыз жаны мұңға бейім. Шыдайын, бұйырған күні барып, бір дерегін білермін деп іштен тынып жүргенде Оралдан Жайдардың іздеп келмесі бар ма?!. Оны көргенде Мұсаны көргендей бар шер-наласын ақтарып, ағыл-тегіл босасын келіп.

- Үн-түнсіз жатып алдыңдар ғой. Мұса мені мүлдем ұмытты...

- Гүл, ол сені бір сәтте есінен шығарған емес. Мұсаң аман, хабарласады.

- Мен мұнда бір хабарын зарығып күтіп жүрмін. Ол бәлкім басқамен көңіл жарастырды? Оқып жүргенде ант-су ішіп, сенсіз маған өмір жоқ дейтін.

- Сол сертіне берік. Текке қапаланасың. Ол жұмысқа тұрды, өзің сияқты оң-солын қарады, сөйтіп жүргенде күн артынан күн өтіп,-деп Жайдар мейлінше қыз көңілін жұмсартып, Мұсаның шын ахуалын қалай айтам деп қиналғанда, Гүл-гүлдің өзі:

- Ол бірде маған: « Егер мен мүгедек болып қалсам, сен мені тастап кетесің ғой? Мен болсам сені қандай жағдайда да сүйіп, алақаныма салып аялап өтер едім» демесі бар ма. Оны неге айтты? «Мұса, қайдағыны айтып, жанымды шошытпашы» деп басу салғам. Мені шығарып саларда сол сөзін қайталады. «Мұса, сені Құдайдан тілеп алдым, сенсіз маған да өмір қараң. Қандай жағдайда болсаң да мен сендікпін» деп салдым. Ол сонда рахаттанып күліп, екі бетімнен алма-кезек сүйіп, жас балаша жайраң қаққан. Сөйткен жігітім... Шынын айтшы, Жайдар, жүрегім бірдеңе сезеді, әлде оған...

- Гүл, сенің мына сөзіңнен соң арадағы бір жылдың себебі мүлдем маңызды болмай қалды. Бар айтарым – екеуің шынында да бір-бірің үшін жаралғансыңдар. Олай болса, араларыңда он сағаттық жолдан өзге еш кедерігіні көріп тұрғам жоқ. Ол сені сүйеді, сен оны. Одан басқа не керек?!. Ол сені күтуде. Енді оған өзің баруың керек,- дегені қызды жігерлендірді, кешікпей Гүл-гүл Оралға келді. Ойында ауырлық болмаса да іштей барлығына тас-түйін қыз арбаға таңылған жігітін көргенде есінен танбады. «Мұсам менің!» деп құшағын ашып, егіліп, алдына құлай кетті. Содан жанында біржола қалып қойды десе болар. Барлығы ретімен шешілді. Үйленді. Екі жақ мың жылдық құда болды. Енді міне, Гүл-гүл төркіндеп келеді.

                                                           *          *          *

            Жайдар суретші. Кейде өлең, әңгіме жазып, өнердің өзге де қырынан мүмкіндігін байқайды. Оларды да доғарып, спортпен шұғылданып, жүгіріп, суға шомылып, табиғат кезіп кеткенде жаңа бір ой, тосын бір дүние тауып қайтады. Арманшыл, қиялшыл, шығармашыл жанның күнделікті өмірі үнемі жан жалықтырмас жақсылыққа толы.

            Ол бүгін өзенге жалғыз келді. Біртүрлі өзін осы сәттер осы жерде болуы керектей сезінді. Әттең жүзу білмейді. Әйтпесе, көптің ортасынан табылар еді. Қанша үйренуге тырысса да әзірге нәтижесіз. Жағалау суретін қағазға түсіріп, жарқабақта тұрған, ышқынған үнге жалта қарады. Өзен ортасында бала батып барады екен. Құтқарушылар қайықтарына от алдырғанша Жайдар оған бұрын жетті. Бірдеңеден құр қалардай қаумалағандар баладан гөрі бұны тосырқайды. Баланың әкесі келіп, алғысын айтып, өзін мұның алдында кінәлі, қарыздар сезінуде. Сөйтіп жатқанда еңгезердей біреу:

- Жігітім, не істедің? Ұқпай қалдық қой,-деген, бәрі ентеледі. Енді қайттімге түскенде құтқарушылар келіп, Жайдар бұл тығырықтан сытылды. Есесіне басқалар қоймаған сұрақты бұлар төпетті.

- Соңғы уақытта беймәлім көмекшіміздің пайда болғанын жұрттан естиміз. Және бәрі бір ауыздан: «ол жүзімейді, бірақ кім-кімді де құтқарады» дейтін. Сол «супермен» сен секілдісің. Жаңа өз көзімізбен көрдік, баланы алып, су үстімен зуладың ғой, ә? Қайыққа жеткізбедің. Шыны сен кімсің? Бәлкім адам емес...-деп Сергей дейтіні Жайдарды нұқып, үсті-басына, әсіресе, ойлы тұнық көздеріне ұзақ үңілді.

- Жат планеталық емеспін. Қазақпын. Атым Жайдар. Сендер маған жүзуді үйретсеңдер, білгілерің келгенге жауап берейін,-деп Жайдар қулана жауап қатты.

- Малти білмеймін?! Мынау қызық болды ғой? Жігіттер, біз ғой жүзіп, қайықпен әуреленіп, қиналамыз. Бұл болса, шауып барып, шауып келеді. Жерің мен суың бұған бәрібір. Сен сырыңды ашпасаң да мұны жоғары жақ білсе, зерттеу нысанына айналасың, көзіңді бақырайтып қамап тастайды. Сонда не істер екенсің, сабазым?

- Бірақ сендер мені ұстап бермессіңдер. Көмектестім ғой.

- Жігітім, біле-білсең сен әлемдегі ең атақты адам болып шыға келер едің. Қане, айтыңдаршы, қай адам су бетімен жүреді? Аяғына су шаңғысын іліп, қайықтың күшімен зулайтындар сенімен салыстыруға тұрмайды. Сен бар ғой, жігітім, біле-білсең елдің атын шығарасың. Тұңғыш рет су бетімен жүгіруді ойлап тапқан данышпан деп мақтап, президент қолыңды қысып, бүкіл әлем сені көрмекке ынтығып жатса, о, бұл нағыз басыңды айналдырар бақыт қой?-деп және бір сөзшеңі желпінді.

- Сонымен жігіттер, сендер маған жүзуді үйретесіңдер ме, болмаса мен қайтайын...

- Солда сөз боп па? Уәдеңде тұрсаң, қазірден бастап итшілейсің бе, бақа құсап жүзесің бе, бәріне баулимыз. Бір аптада жап-жақсы балық болып шығасың!

-  Маған сол спортшылардың баттерфляй әдісі мен тереңге сүңгу жарайды.

- Олай болса, уәде – уәде! -деп жігіттер қол алысып тарқасты.

                                               *          *          *

Арада апта емес, ай сырғыды. Жайдар көңілді. Себебі, ақыры жүзуді үйренді.

- Досым, Гүлің келіп, жүзің бал-бұл жайнапты. Мені мазалауды қойдың. Мендей күтушіден сүйгенің мың есе артық-ау, ә?-деп әзілдей сөйлегеніне Мұса да есе жібермеді.

- Икар, өзің ғой адамзатты су апатынан құтқарамын деп үйге бір соқпайсың. Әйтпесе, орның опырайып тұр. Әлде сен өзен күзетем деп жүріп, су перісіне ғашық боп қалмадың ба? Сендей жігіттің сүйгені жоқ дегенге кім сенеді.

- Жоға, жаңа достар таптым. Түс ауа сендерді солармен таныстырам және барлығыңның алдыңда сын тапсырамын. Бұйырса, махаббат мәселесінен де алда сын тапсырармын.

- Гүл-гүл, естідің бе, Икар бізге сын тапсырмақ екен,- деп Мұса жадырай сөйледі.

- Қайдағы жоқ атты Жайдардай жігіттің жампозына таңғаның не, азан шақырып қойған есімімен атасаңшы. Икарың ұшамын деп қауырсыны күнге күйіп, мойны үзілетін көнедегі бір әумесер емес пе? Ол әумесер мен Жайдардың арасында не байланыс?-деп Гүл-гүл барлай қараған, екеуі құпиялары ашылып қалғандай қипақтады.

 Судан құтқарушылармен танысу Мұса мен Гүл-гүлге тосын жаңалық болды. Қызықтың көкесі Жайдардың жүзгіштерше киініп алып, сыннан өтуі еді. Ағыспен алысып, толқынмен жарысып, алуан әдіске сап жүзіген Жайдарды «комиссия» әрең тежеді.

- Жарайсың Жайдар, сыннан сүрінбедің. Енді сен де нағыз сүңгушісің. Құттықтаймыз!-деп достары қолын қысып, арқасынан қағып, тіпті мөрі басылған су жаңа куәлік ұстатты.

- Жағалауға шығайық. Ендігі сөз менен,-деп Жайдар бәрін оңаша бір жерге жинады. Олар одан әңгіме күткен, ол болса, шұғыл бұрылып, өзеннің арғы бетіне кәдімгідей жаяу періп кетті. Су бетінде мың сан күміс тамшы жан-жаққа шашырап, ортасында Жайдар оқтай зулап барады. Құйын-перен солай шапқан бойы арғы бетке шығып, қолын бұлғап, сондай ағынмен жандарына қайтып жетіп келді. Бәрі сөзден қалған. Гүл-гүлде ес жоқ.

- Се-сені Мұсаның Икар деуін түсінсем бұйырмасын. Жаңа ғана адам-амфибия болдың, соныңа қарап, сені Ихтиандр деу керек деп тұрғам, мына өнеріңді көріп... тіпті не дерге жоқ. Айтыңдаршы,  бұған жүзудің не керегі бар?

- Соны айтам. Мұндайды кім көрген?!-деп жігіттер ойран-асыр болып, Жайдарды айналшықтап,- сен дәу де болса адам емессің,-дейді жапатармағай.

- Сумен алғаш жүгіргенімде Архимедке ұқсап, «Эврикалап» қуандым,-деп қойып, Жайдар шөпке малдасын құрып отыра кетті, - жайғасыңдар, ал енді Икарға келейік.

«Ол қақында ешкімге тіс жармайтынымыз қайда?» дегендей Мұса жөткерінді.

- Мұса мені Икар деп әзілдейді. Оның өзіндік сыры бар. Қаласа айта жатар.

- Жайдар, өзіңмен жақсы дос боп кеттік. Мұсаға қалай сенсең, бізге де солай сен. Сонымен Икар дегендерің ұшам деп күнге күйетін баяғының аңыз-адамы ма?

- Сергей, шамаладың. Бірақ біздің Икар қанатсыз,-деп Мұса килікті,-алдарыңдағы Жайдар сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Суға батпайды, отқа жанбайды, ас-сусыз қырық күн шыдайды және құс сияқты ұшады!

- Қойшы ей? Рас па?!.-деп дабырласқан достарын сабырға шақырған Жайдар орнынан түрегеліп, әрлі-берлі жүрді. Жігіттердің бірі сыбырлайды: «Ұшайын деп жүр. Қарада тұр, қазір ұшады» дейді. Мұны естіп Жайдар күліп жіберді. Оған бәрі қосылды.

- Ұшайын деп жүргем жоқ, сөзді неден бастарға білмей қиналып тұрғаным,-дей бергенде Гүл-гүлдің басындағы орамалын жел ұшырып әкетпесі бар ма?

- Ой-ой! Ұстаңдаршы!-деп Гүл-гүл шыңғырып жіберді. Қу жігіттің бірі тағы:

- Әні, ұшты-ұшты! Айттым ғой,-деген бәрі ду күлді. Олай-бұлай аунақши қалқыған орамал қарағайдың ұшар басына ілініп, жалауша желбіреді. Орамалдан көз алмаған күйі Сергей де сөздің қисынын келтірді:

- Несіне қиналасың. Оданда ұш, ұш та қарындастың орамалын құш!

- О, пәлі, Есениннің інісі жарады. Қазақшасын-ай, қалай-қалай өлеңдетеді өзі, ә?!.

- Жігіттер,- күлкісін әрең тиған Жайдар да желбіреген орамалға қарап алып,- жігіттер, бұны өнер түріне жатқызуға қисын таппадым. Бұл қасиет. Бұл құдайалды ерек сынақ. Бұның жауапкершілігі мықты. Бұны суға жүзуді үйренгендей меңгеру мүмкін емес. Су бетімен жүгіру, әуеге көтерілу, жартасқа құрал-саймансыз өрмелеу – мұның бәрі адам баласының өн-бойында әуелден бар, рухына тән қасиет,- деп байсалды әңгімесін жалғады.

- Ендеше сен оны қалай меңгердің?

- Шетін ғана кертідім. Себебі, балалықта білместікпен көп нәрсе бүлдіріппін. Неге үлкендер қолымды қақпаған? Неге балпақ ініне су құйып, тұншықтырдым. Неге сымға қонған қарлығаштарға кесек аттым? Неге құмырсқаның илеуін тапап, өртедім. Неге кесіртке мен жыланды қамшымен остым? Неге?.. Кезінде түсіндірсе, өйтпес едім ғой. Қазір өкінішімнің орнын толтыруға тырысып-ақ бағам. Бірақ «бала қылмыстарымды» жою үшін, опыну аз, орасан жақсылықтар жасауым, жүректі кірден тазартуға тиіспін.

- Бала кезгі шалалықтың ұшуға қандай қатысы бар? Біз де бала болғанбыз, рогаткамен қанша құс өлтірдік, әлі күн мақтанышпен еске аламыз. Ауық-ауық аң-құс атуға шығып қоятынымыз сол балалығымыздың қалмағаны. Балалықтағының бәрі кешірімді емес пе? Оны жіпке тізген кім бар? Иығымыздағы періштеміз бе? Өзім ондай-мұндайға сенбеймін.

- Алла балиғатқа толмағанның шалағайлығын есепке алмайды. Алайда Ол үрлеген ішіміздегі жан-рухқа бала кездегі істеген қателіктер есейе келе кесір екен. Осыны білдім. Рух пәк, иманы күшті болса, адам аузымен де, қолымен де тіршілікке зиянын тигізбесе, онда көп нәрсеге қол жеткізеді. Егер мен тәртіппен өскенімде төбелеріңде самғап жүрер едім, ал қазір небәрі,-деп Жайдар кейінге шегініп, алға екпіндей ұмтылды, көрінбес сатыларды басқандай биіктей беруде. Құс сияқты лезде әуелеп, ағаш басындағы орамалды іліп, дөңгелене айналып, ауада сәл қалқыды. Бәрі шектерін тартты.

- Человек Паук!

- Бэтмен!

- Ниндзя!

- Икар!

 Көзі жыпылықтап, аузы ашылып, қазықтай қатқан Гүл-гүл даусы дірілдеп:

- Жа-Жайдар!- деді. Жеп-жеңіл қимылмен сусылдай келіп, Жайдар оған орамалын ұстатты.

- Ой, көп рахмет! Бұл орамалды күміс алқалы абысыным ырымдап мойныма салған еді...

- Сен қалай-қалай самғап кеттің?!. Бұл фантастика ғой! Жайдар, сен тіпті ұшады екенсің ғой, ә?!. Бізге де үйретші,-деп Сергей сөзді бөлді.

- Бірінші мені,- деп Мұса арбасымен кимелеп Жайдардың жанына таяды.

- Достар, рухымыздың зәру тамағын дұрыс тауып бере білсек, бәрің де ұша аласыңдар. Қалауын тапса, қар да жанады! Бұндағы басты машық – нәпсіні ауыздықтап, жаратылыстан сабақ алу. Егер әр адам ақ жүректікке ұмтылар болса, онда дүние гүл-гүл жайнайды. Табиғаттағы тепе-теңдікті бұзатын экологиялық құбылыстар емес, алдымен адамның пейілі. Көп нәрсе пейілге, мейірге байланысты. Өмірде көп жақсылық жасап, жаның жаңарып, түлеген сайын алдыңнан небір сұлу қақпалар ашылып, жаратылыс жұмбақтарының шешуін табасың. Сосын ата-бабамыз: «Жайық деген жанды су» деп бекер айтпаған, көпті көрген өзеннің өзегі, жаны бар. Әлемде өзен-көлдер сарқылып, бір кезгі Арал тағдырын кешуде. Себебі, адамдардың пейілі тарылды, көзі дүние-затқа шырмалып, ақылы сарқылды. Судың сарқылуы адам санасының сарқылуына тәуелді. «Кең болсаң, кем болмайсың» қағидасын, «Кем болсаң, жем боласың» ығыстыруда. Осыған жол бермеуіміз керек. Сондықтан Жайық неге адамдарды жұтады деп жазғыруымыздың өзі түбірімен қате. Оның қайғысына құлақ ас, жүрек соғысын тыңда, қорға, сонда ол сені иіріміне орап әкетпес, қайта ақ толқынына салып тербетер. Табиғат – тірі ағза, соны сен өз жаныңдай сезін!

- Әлгі шекесіне алма құлайтын Исекеңнің заңы бойынша біз жерге матаулымыз. Жалғанда қанаттылар ғана ұшады. Гравитация заңын ескеріп, ұшақтарды да құстарға сәйкестендіріп жасаған. Ал сенде қанат жоқ. Сен жаңалық аштың, ә?-деп Мұса қолын шапаттап жіберді.

- Жоқ. Бәрі бар нәрсе. Жаңа жерден болмашы көтерілгенімде бәрің балаға ұқсап, мені кімге теңерге білмей, кино киіпкерлерін атап, таңдай қақтыңдар. Біз кейде түсімізде ұшамыз, өзгеше ғұмыр кешеміз. Түс – шын ғаламнан хабар алу! Иесінің дәргейіндегі жан тәннен ажырап, көз көрместі шарлайды. Мен адам жерде жүрсе, неге су бетімен жүрмеске, түсінде ұшса, неге өңінде ұшпасқа деп ойландым. Осы ойға құлағаным сонша, жаратқанның жасырындарын тілеп-тілеп, өзімдікі қылып алдым білем. Қайталап айтам, мұндағы ең басты шарт – ақ жүректілік! Аққа Құдай жақ, рухы тазаға ажал жоқ. Оған атмосферадағы оттегі, азот, басқа да аргон, озон, неон, ксенон тәрізді газдардың өзі көрінбейтін саты болса, ол төменгі тропосфераны еркін шарлайды. Алыс болашақта рух 800 шақырымдағы экзосфераға шейін, одан да ғарыш кеңістігіне шырқап берер. Адам жүз метрді сағатына 40 км. жылдамдықпен 9,8 секундта кесіп өте алады. Тіпті тездетсе уақыт баяулап, адам одан озады. Бұл Эйнштейн теориясымен сәйкес. Демек, жылдамдық уақыттан үстем болғанда, адам жерден биіктегенде ауа оны көтереді, яки адам кеңістікте кинетикалық энергияны тудырады. Әрі бала сипат мінез маңызды. Бала құлаймын, бір жерімді сындырамын деп қауіптенбестен ойнайды. Міне, осы пәк тәуекелдік бір қанатың. Мұқағали ақынша айтсам, менің сәби болғым келетіні содан. Бәрін қайта бастар ем! Жаңа адамды қалай тәрбиелеу керектігін теория жүзінде емес, іс жүзінде көрсетем!.. Бүгіннің адамы көзбен көргенге ғана сенген заманда мені осындай ойлар мазалайды, достар...

- Ой, сен тым ауырлатып жібердің ғой. Әлгі сфера, озон деген пәлсәпаңды қақпадық. Не деп кеттің? Әрі өмір бір-ақ рет берілген. Сен қайтадан сәби болуды айтасың, күлкілі-ақ...

- Иә, түк те ұқпадық,-десті қалғандары да Мұсаны қостап.

- Айттым ғой, бұны спорттық машықпен емес, Аллаға деген асықпен аласың. Іші тарлар ешқашан ұшпайды. Болашақта бір адамдар ұшақсыз самғап жүрсе, бірі оларға қызыға қарайтын болады. Ғажабы ұшатындарға ешкімнің қылдай қиянаты тимейді. Оларға көз де, сөз де, оқ та өтпейді. Қамшының сабындай өмірде:«Тазалыққа тағы кеттім, балалықты қуып жеттім, жоғары ғаршыдан өттім!» дегізер шәкірім-асыққа жетсек, сәби болу, періштелік пейілге ену дегеніңіз сол! Бұйырса, солай түлегендердің физиологиялық жасының ұзақтығы 150 жылға жетеді. Арғысы Алла дидарын көру, мәңгі өмір, мәңгі самғау!-деп заттарын жинастырған Жайдарға барлығы жандарында бөгде ғаламшардан келген кісі тұрғандай енді үрке қарайтындай ма, бірақ оның жайраңдай күліп, Мұсаның арбасын итеріп, бәрімен қатарласа жүріп бара жатқаны ғана «бұл да ет пен сүйектен жаралған өзіміз текті адам ғой» дегізіп, әрбірі ол үлгілеген рух іліміне ынтықты.

- Судан талайды құтқарыпсың, ұшып адамға көмектестің бе?- деген Гүлгүлдің қиғаш сауалына Жайдар басын изеп, Мұсаға қарады, сосын:

- Екі мәрте. Бірде симпозиумға шақырту алып, Германияның Трир қаласына барғам. Әр тараптан келген суретшілер бар, Рейннің саласы Мозель өзенінің пейзажын жазып жатқанбыз. Кенет көпірден бір бейбақ құлағалы тұр деп бәрі ду етті. Сонда су бетімен алдымен жүгіріп, іле ұшып, жұртты шулатқанмын. Құтқарған бейшарам көзі андыздай болып: «О, супермен!» деп қолтаңба сұрады. Тосқан маңдайына бояумен «Мен қазақпын!» деп сүйкей салдым да ғайып болдым, -деп бәрін күлдірді.

- Бар әлемге идея тастаған сен екенсің ғой, бәсе-бәсе қит етсе, ұшатын адамдар жайлы түсіреді де жатады. Оның нақ авторы қазақ баласы екенін олар біліп пе? Әлгіге маңдайынды жума демедің бе?- деп Ырыс күлкіні үдетті. Достары екінші хикаяны да әңгімелеуін өтінді. Жайдар Мұсаға қарап, басын изеген, ол әрең шыдап келеді екен, көсілді. Әсіресе, Гүл-гүлмен табысуын, өзін төсекке таңылғанда аппақ қылып күтіп, туғанындай қарағанын, ауруханадағы ажалдан арашалаған түнді, бәрін-бәрін балын тамыза тарқатқанда біздің кейіпкеріміздің  тұлғасы одан сайын зорайып көрінді. Барлығы балаларын ізгілікке баулып, өздері тек жақсылық жасауды мұрат қылып, жаманнан арылуға серттесті. Ғұмыр жетсе, 2070-ші, тіпті одан ілгері 2030-шы жылдары әуеге самғап қалармыз деп армандап барып, әрең тарқасты.

- Көптің көзінше айта алмадым, менің де сендерге жеткізерім бар,- Гүл-гүл екі досқа күлімдей қарады,- Алла қосса, біздің баламыз, дұрысы балаларымыз болады.

- Балалар үйімен сөйлестің бе?-деп Мұсаның жүзі жайнап кетті.

- Дәрігерде болдым. Егіздерің болады деді. Ұл мен қыз... Мұны естіген Мұса жылап жіберді.

- Мұса, бұл сенің қос қанатың, әлі-ақ қырандай самғайсың! Асылында нағыз ұшатын адам сенсің! Алла сендерді жақсы көреді,-деп Жайдар ерлі-зайыптарды құшақтап, досының көзінен аққан жасты сүртіп, арбаны жолдың қос жиегін бойлата ирелеңдетіп, тез жүргізді. Сосын ән бастаған, әуен ырғағымен Мұса қолын екі жағына жайып, қанат қылды. Қуаныштан алып-ұшқан жүрегі: «Мен ұшамын, ұшам!» деп лүпілдеуде. Үш дауыста көңілдің ажары тіптен әуелеп, жүрек тербеді: «Құс та болғым келмейді қанаты бар, қанаты бар күмістен жаратылған. Сәби болғым келеді, сәби болғым, Бұл өмірден хабарсыз, жаңа туған...»