Жоба құтты болсын!

Жоба құтты болсын!
жеке
блог

Ассалаумағалейкум, ағайын!!!

Бүгін on.kz сайтының үлкейіп осындай Massaget.kz танымдық ойын-сауық порталы болғанын естіп, осында мен де қоныс аударып отырмын. Басты ұстанымы - тіліміздің мәртебесін ғаламторда биіктету деп санаған бұл жоба көздеген мақсатына жетсін, оқырмандарымен мағыналы, сапалы дүниелермен бөлісетін бірден-бір ақпарат көзі болғай! Заманымыздың қажетті ақпарат құралдарының бірі болып отырған ғаламторда іздеген жан керегін табатын сайт болғалы отыр екен. Ақ жол!

Ал, мен он.кз-тегі дәстүрді, яғни «МузАРТ»-тағы, өз шығармашылығымдағы жаңалықтармен бөлісуді осында да жалғастырмақ ниеттемін. Оған бүгін себеп те жоқ емес. Кеше Жүсіпбек Елебеков атындағы эстарда және цирк колледжінде өзім ерекше құрмет тұтатын ірі тұлға, аты аңызға айналған Димаш ағаның 100 жылдығына арналған салтанатты жиында өнер көрсетуге шақырылып, күтпеген тосынсый алып қайттым. Ол «Д. Қонаевқа 100 жыл» медалі. Жиынға Димаш ағаның қарындасы Сара Қонаева апамыз, Қонаев мұражайының директоры Болысбек Батталханов, Қазақстан халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов ағаларымыз бастаған зиялы қауым жиналды. Өзім өмірлік үлгі тұтар дара тұлғаның мерейтойында осындай баға жетпес сый алу маған үлкен абырой болғанын айтпай кете алмадым. Халқының өнерін жоғары бағалаған жан заманындағы әндерді насихаттаушылардың бірі ретінде марапаттауға алғысымды білдіре отырып, елінің жан-жақты көркеюіне, соның ішінде Алматы қаласының көркеюі жолында ерен еңбек еткен Д. Қонаев атымен дәл осы қала аталса деген арман-тілегімді ортаға салдым.

Жалпы «МузАРТ» жоспарларына келер болсам былтырғы жылы оңтүстік аймақтардан бастаған гастрольдік сапарларымызды жақын арада жалғастыруды көздеп отырмыз. Оған қоса кезекте альбом шығару да тұр. Қанша жоспарлап, уақытын белгілеп жатсақ та кейде дегеніміз бола бермейтін кездер бар. Сонымен жеке және топ альбомын шығару, Алла қаласа, осы жылдың еншісіне тимек.

Жалпы жеке шығармашылығыма тоқталсам жаңа жылдан бері отандық телеарналардан «Асыл ана» атты әнім мен «Арай» тобымен дуэт болып орындаған «Сен» атты әнге түсірілген бейнебаяндар көрсетіле бастады.

Соңғы аталған әнге бейнебаян түсіру, жалпы дуэт болып ән айту жайлы ұсыныс та «Арай» тобы жігіттерінен болды. Өздеріңіз байқағандай былтырғы жылы жас әншілер тарапынан болсын, «Айгөлек» бағдарламасына қатысатын кішкентай әнші балапандармен айту жайлы ұсыныс болсын ешқайсысынан бас тартпай, қолдан келген көмегімді беруге тырыстым. Нәтижелері көңілден шығарлықтай болды деп ойлаймын. Әзірге осы.