Түрмеде отырып ғалым болған...
жеке
блог

Түрмеде отырып ғалым болған...

Маған бұл мақаланы оқытушым Серік Жұмабекұлы берген болатын. Белгілі заңгер ғалым, профессор Сұлтан Сартаевпен  болған сұхбат "Егемен Қазақстан" газетінде 2001 жылы "Ату жазасына кесілгендер өлім алдында не ойлайды?" деген тақырыппен жарияланған екен. Маған өте қатты ұнады. Сіздерге сол сұхбаттан мына бір Сұлтан ағамыздың айтқан қызық дерегін ұсынамын:

"Тарихта менің білуімше, өмірлік қамауда отырған кісінің өзіне жұбаныш тапқаны жөнінде бір-ақ дерек бар.

Стоун деген американдық жас жігіт бірде өзінің үйленгелі жүрген ғашық қызын әлдекімнің зорлап жатқан жерінде үстінен түседі. Қызғаныштан өзін-өзі ұстай алмай зорлықшыны сол мезетте өлтіріп жібереді. Сөйтіп, өмір бойы қамауда отыру жазасына кесіледі. Төрт қабырғаның аясында уақыт өтіп жатады. Бірде ол өзі жатқан абақтының торлы терезесінің жақтауына келіп қос шымшық торғай ұя сала бастағанын байқайды. Шымшықтарды үркітіп алмас үшін ең түкпірге барып, күні бойы қозғалмай отырады да, торғайлардың күйбең тіршілігін қадағалайды. Олар неше күнде ұя жасап болғанын, жұмыртқаларын қанша күн басқанын, жаңадан шыққан балапандарды енесі күніне қанша рет тамақтандырғанын, олардың қалай өсіп жетілгенін, қанаттанғанын, ақыры ұяларын тастап ұшып кеткен сәттерін түгелдей қағазға мұқият жазып отырады. Бұдан кейін ол ұяға тағы басқа құстар келіп балапан басады. Олар туралы да жаза береді. Сосын ол алғашқы мақаласын құстардың өмірін зерттейтін – орнитология саласындағы журналға жібереді. Бұл мақала маман-орнитологтардың көңілінен шығады. Олар түрмеде отырған жас жігітке мақалаларын одан әрі жалғастыра беруін өтінеді. Арнайы әдебиеттер жіберіп тұрады. Ақыры түрмедегі жас жігіт орнитология саласындағы ғылыми зерттеулермен айналысып кетеді.

Күндердің күні мұны естіген бір бай әйел оған сырттай ғашық болып, қамқорлығына ала бастайды. Әдебиеттермен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрмыстық жағдай жасайды.

Стоун түрмеде 52 жыл отырады. Осы уақыт аралығында оның есімі дүние жүзіне әйгілі ғалым ретінде ғана емес, қамаудағы өмірін өз қолымен нұрландырған ғажайып адам ретінде де танылады.

Ғылыми қоғамдастықтың талабы бойынша Стоун 52 жылдан соң түрмеден босатылады. Ол бостандыққа шыға салысымен жүз метрдей жүгіріп барып, тұрып қалады. «Камерама қайтып барсамба екен, енді мен еркіндіктегі қандастарымның арасында адам құсап жүре алармын ба?!» деген ойға келеді..."

 

Оқиғаның немен аяқталғаны беймәлім. Қалай, сіздерге ұнадыма?

Сурет: google.kz алынды.