Нұрзия АТАЕВА: "Массагет маған байлық берді!"

Нұрзия АТАЕВА: "Массагет маған байлық берді!"
жеке
блог

"СЫРЛЫ СҰХБАТ АЛАҢЫНЫҢ" оқырмандарына Нұрзияның жауаптарын ұсынамыз!

Мектепте қандай оқушы болдыңыз?

Жалпы айтқанда үздік, сыныптың топ басшысы, мұғалім келгенше «мұғалім» болатын оқушы болдым. Сабақ үстінде үй тапсырмасын менен бұрын ешкім айтпау керек, «мен бірінші жүрем» дейтін түсінік болатын. Мектепішілік іс-шараларда жүргізуші, әнші, сондай-ақ бірнарсеге ақша жинасақ «кассир» «қызметтерін» атқаратынмын.

Интернеттің Сіздің өміріңіздегі орны?

Интернет – тура қазіргі уақытпен алсақ, менің өмірімнің сәні. Жұмыста, үйде интернет байланысы үзіліп қалса, тірлігім тоқырауға ұшырайды, қайнап жатқан әлемнің қызығынан құр қалып, саяси, мәдени жаңалықтардан мақұрым қалған қараңғы адамдай сезінемін өзімді. Демек, маңыздылығы өте жоғары.Санамның өсуінде ғаламтордың ықпалы зор деп білемін.

Асқақ арманыңыз?

Армансыз адамды неге, кімге теңейтінін жақсы білесіздер ғой. Арман-қиялым көп. Сыртқа жариялауды құптамаймын. Көз тимесе де, сөз тие ме деп қорқамын). Себебі бар, 9-сыныпты аяқтап, қалаға оқуға кетемін деп жүргенде, жанқұрбым: «күнде сенің оқуға түсе алмай қалғаныңды тілеймін» деген болатын. Сондықтан кейбір қыңыр адамдардың теріс ниеттерінен қиялым «қиылып» кете ме деген үрей болады.

Көктем деген Сіз үшін ...

Бала кезімдегі көктем - ағаш егіп, оны суғарудан тұрса, қазіргі көктем – тіршіліктің жадырауы, адамдардың сергектенуі, қыздардың құлпыруымен ерекше мезгіл. Көктем – мереке, көктем –ару, көктем – гүл!

Алматыға қашан келесің?

Алла бұйыртқан күні. Әйтеуір Алматы сағымдар арасынан қол бұлғап тұрады))

Депутат болсаң Ғазизаны ұмытып кетпейсің бе?

Топ жарып, депутат болып жатсам, есіме салып тұрса, ұмытпаймын ғой. Ғазиза, ұмытып кететін адамдар қатарынан емессің))

Депутат болсаң Ғазизаға «Бір гектер жер берем» деген уәдеңді ұмытып кетпейсің бе?

«Депутат боласың» деп менің кәсібіме деген аңсарымды арттырып жіберетіндерің-ай)). Депутаттардың құзыретінде «жер беру» болса, қабырғаммен кеңесем ғой)

Өзіңізге көңіліңіз толмайтын кездер бола ма?

Біреудің пікірін бірінші орынға қоямын, «анау не дейді, ұят қой» деп қымсынып жүріп, опық жеген кездерімде еңсем езіліп, жүдеп жүремін. Сондай кезде кейде «бетсіз» адам боп кеткім келеді)).

Бала кезіңізде қандай болдыңыз? Туған жеріңіз? (Нүрзия әпкем  жамбылдық  екенін білемін, нақты қай жерінен?)

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Көкжелек деген шағын ауылында тудым.  Бала кезім асыр салып, қыдырудан тұрмады. Ер балаға тән даланың қарбалас «қара» жұмысының қыспағында өстім. Әкем еңбекке салып жұмсайтын. Шаруашылықты тындырып болғасын, алма талдың астына «үй» соғып ойнайтынмын, көшенің қыз-қырқынын жинап. Ағаш қуыршақтарымыз болатын, тілімдей матаның ортасын ойып, киіндіріп қоятын. Е, ғажайып балалық шақ-ай!

Махаббат белгісі ретінде нені түсінесің? Мысалы, жігіт не істесе ол шын сүйгендікті білдіреді?

Жүректің кескінін көрсем, махаббат сезімі пайда болады. Демек, махаббатың белгісі – жүрек.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да...

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да!» - деп Абайша ой түйген жігіттің шын сүйгенін байқауға болады. Шын сүйген жігітке мардымсыз берген жауабың, бетін қайтаратын сөздер айтқаның - оның шын сезімін жеткізе беруіне тосқауыл болмайтын сияқты.

Өзіңіздің қандай мінезіңізді ұнатпайсыз?

Аңғалдық, уайымшылдық, жат адамға тез бауыр басу сияқты өзім жақтырмайтын мінездерім бар.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Кең болсаң, кем болмайсың! Елге, досқа, бауырға адал бол!

Осы өміріңізге өкінген кездеріңіз болды ма?

Пенделікке бой алдырамын, осы күндеріме шүкір етпей, кейде тіршіліктің құты қашқанда өмір сүргім келмей кететіні бар.

Өзіңіз қазақ порталын ашуыңыз мүмкін бе?

Бізге алдағы уақытымызды болжау бақыты бұйырмағандықтан, кесіп айту қиын. Жеке портал ашу ойымда жоқ, жұмысым да оған мүмкіндік бермейді, ақылым да жетпейді. Күн санап көбейіп жатқан қазақ порталдарының қазанында біте қайнассам болғаны.

Массагет Сізге не берді?

Массагет маған байлық берді. Ия, байлық. Менің дүние танымымның, ой-өрісімнің кеңеюі, адами қасиеттерімнің дамуы, рухани байлығымның артуы бәрі Массагеттің бергені. Ендеше, байлық емей немене?! Сырлас, мұңдас жандармен табыстырған, тұтас төңірек тұнжырап тұрғанда сая табатын мейірімді мекенім. Өмірді сүруді үйреткен – жаңаша мектебім!

 

Баршаңызға сұрақтар үшін алғысым зор! Өмірлеріңізді жауапсыз сұрақтар болмасын, өмірге келгеніңе өкінетін де кездер болмасын. Ірі болыңыздар!

 

Нұрзия! Сізге көп рақмет!