Елес

Елес
жеке
блог

Заттарымызды сүйретіп, су жаңа пәтерге көштік. Мына пәтердің әуресін-ай... Бұл да бір қызық қой дегенмен. 

Бірінші күн. Құрбыларым да көңілді, мен де разымын. Заттарды орналастырып барып, қаланың жан-жағына жұмыстарымызбен жөңкідік.

Кешкісін дастарханда бас қостық. Құдды бір отбасындаймыз.

-Ол саған қай жерде көрінді?

-Асүйде отырғанда. Саған ше?

-Қонақ бөлмеде.

Құрбыларымның сөзіне араласайын дедім.

-Кім көрінді, қыздар?

Айгүл мен Бақыт бір-бірін көздерімен ұғынысып алды да, тамақтарын кернеп жіберіп:

-Мына үйде... Елес пе, сондай бірдеңе бар сияқты,-деді.

-Не???

Шайға шашалу деген осы екен ғой. 

***

Үйде бір өзім. Сағат тілі сырт-сырт соғып, мүлгіген тыныштықтың түндігін кері серпиді. Беймазамын. Құрбыларым айтқан жарқ етіп жоқ болатын аппақ елес қай жерден шыға келер екен деп мазасызданумен отырмын. Кежегемді кері кетіріп, жіпсіз байлаған "тұмауым" туралы ұмытып та кетіппін... Жан дүниедегі арпалыс тәннің ауруын оп-оңай жеңіп шықты.

Әлдебір шытырман оқиғаның куәгері болсам деп армандаушы едім. "Армандар орындалады" Жоқ, мен енді ол жайлы ойламайтын да боламын! Тек елесті көрмесем екен. Көргім келмейді!

Кенет жуынатын бөлмеден тырс еткен дыбыс шықты. Иманым ұшты. Елес жақындап келе жатыр ма, қалай? 

Қайтадан тыныштық. 

Бір орнымда қыбырламай қанша уақыт отырдым екен? Құдай біледі. Ал елес әлі жоқ.

Иә, елес жоқ... 

Өз-өзіме келейін дедім.

"Мүмкін, құрбыларым маған қалжыңдаған шығар? Жо-жоқ!.." 

Аяғымды санап басып дәлізге шықтым. Тым-тырыс...

Ақыры сол күні елесті көре алмадым. Бос кеткен қайран уақытым -ай ))

П.С: Күнде кешкісін үйге кіргенде аяқ киімімді шешіп жатып : "Елес бүгін көрінбеді ме?" деп сұраймын...