Әдемі болғысы келмейтін әйел жоқ!

Әдемі болғысы келмейтін әйел жоқ!
жеке
блог

Артық салмақ-азап! Әсіресе, әйелдер үшін. Оның ішінде жаз маусымында. Дүкендердегі көздің жауын алатын көйлек-көншек сымға тартқандай сұлуларға арналған. Аз да болса артық салмағы барлар босқа дәмеленбесе де болады. Ал, әдемі болғысы келмейтін әйел жоқ! 

Әйел атаулының өзі ұнатқан көйлектің сыймағандығын ғана емес, соңғы кездердегі сәтсіздіктерін де артық салмаққа  жаба салатыны бар. Мен де сөйткем. Диетадан диета қоймай жүріп,  1 айда 6-7 келі жоғалттым. Бірақ, сол артық салмақпен бірге ағзамның қорғаныш қабылетін де  /иммунитет/  азайтып алыппын. Қазір сол  ақымақтығымның есесін толтырмаққа тыраштанып жүрмін. Дәрігерімнің айтуымша, 1 айда 4 келіден астам салмақ жоғалту  адам ағзасы үшін аса қауіпті.


 

Мен «маңдайы тасқа тимей қайтпайтын бекірелердің»  бірімін. Дәрігерімнің сөзіне де аса мән бермес пе едім, кім білсін? Құлағым есітіп, көзім көрген  мына бір жайт болмаса...

Жасы 30-дың үстіндегі бір танысым қазір ауруханада жатыр. Бет біткеннің ажарлысы оның соңғы жылдардағы «жыры»  -артық салмақ болатын. Ал, қазір «байтал тұрмақ, бас қайғы».  Жас, әрі әдемі әйел инсульт алып, денесінің 1 бөлігі жансызданып қалған. Өзі осының бәрін  Қытайда шығарылған /артық салмақтан арылтатын/ капсулалардан көреді.

Ол қытайлық капсулаларды үздіксіз  қабылдап, 1 айда 15 келі артық салмақтан  арылған. Содан азғасы  әбден әлсіреп, жүрегі сыр берген. Осы оқиға өзгені қайдам, өзімді тәубама тез түсірді. Ал, менің өзім білгенді өзге де білсе екен- дейтін жаман  /мүмкін жақсы?/ әдетім бар. Мына жазбаға себепкер болған да сол...

 

Әдетте «сұлулық көп құрбандықты талап етеді» -деп жатады. Әрине, сұлу да, сымбатты болған жақсы. Ал, деніңнің сау болғаны  бәрінен де жақсы!