Көңілді көктем, сезілдің өктем!
жеке
блог

Көңілді көктем, сезілдің өктем!

Қызығы... 28 ақпан аяқтала салысымен, 1 наурыздағы  күн ерекше атты, жерге жайма-шуақ нұрын шашып қана қоймай, көптен жүрген адамдарың бойындағы күпті көңілін де сейілткендей. Сергелдеңге салған сансыз сұрақтар мен, мида мызғыған мағынасыз ойлар, жүректе жатып жабыққан, жағымсыз жайлардың барлығын көктемнің күлімкөз жанары әп-сәтте жойып жібергендей әсерлі, шер толқытар күймен енді. Күлім қағып жұмысына, сабағына, балабақшасына бара жатқан тіршілік иелерінің сол күнгі жүрістері де паң, өмірге риза кейіпте көрінді маған. Санаудан адам жаңылса да, мезгіл жаңылмайды-ау деген ойға қаласың. Тұп-тура көктем екендігін дәлелдегісі келгендей алғашқы күннен-ақ  тырбанып, көкжиекке шыққан күннің де күлкісі жанымды жұбатқандай. Біреу үшін жай жұма, біреу үшін күнделікті күн, біреу үшін мерзімді мезгіл, ал біреу үшін  қимастыққа ұласқан құпия ғасыр болғандай. 1 наурыздағы табиғаттың жұпар иісі де өзгеше болды, байқадыңыз ба? Сол сәтте терезенің түртпегін ашып қойғам, бөлмеме жаңа мезгілдің саясы енгендей болды. Өзімше қуанып, өзімше мұңайып жүрдім. Қуанғанымның себебі, өздеріңізге аян, жоғарыда айтқандай  көңілді көктемнің керемет әсері бойымды жылытса, ал, тұнық тіршіліктің тасасында қалып қойған, қимастық сезімге ұласқан махаббатым жүрегімді өртеді. 28 ақпан күні жолға шығарып салып тұрып, ең болмаса, ең құрығанда «тағы бір күн қал» деп айтуға тартынған  көңілім алабөтен. Сенімен бірге сырлы мезгілдің сырасынан сусындағым келген болар, бәлкім, осы сұлулықты сенің көзіңмен көргім келген шығар. Кім білсін, аман бол. Ендігі көктем екеуміздің Алматыдағы қызықты күндерімізді тоссын, соған жетелесін.

 

                                                                                                                  Сурет: Яндекс сайтынан алынды