Жанымдай жақсы көрген жан...

Жанымдай жақсы көрген жан...
жеке
блог

Мен үшін ең ардақты адам – ол менің Апам!

Егер бүгін Апам (Әкемнің анасы) тірі болғанда... сексен екіге келер еді, әттең ол осыдан 12-жыл бұрын, 2000 жылдың 30 қаңтарында қайтыс болмағанда... Жетпіске жете салып, (15-қазан туған күні) 3-жарым айдан соң, мәңгілік мекенге жол тартып кетті...

Кішкене мінездеме, апамның ерекшеліктері.

Апамның аты - Ұлдар, ал әкесінің аты - Тілепберген еді. Атына заты сай, Ұлдар десе, ұлдарға ұқсап өскен ғой менің Апам. Әкесінің тілегі де орындалып, артынан інісі өмірге келген.

Апам кішкентайынан ұл балалармен көп ойнап, ермінезді болып өскен. Сонымен қатар, темекі шегуді де үйреніп алған. Кейін әкесі біліп қойып, қанша ұрысқанмен, оны тастай алмапты. Бір қызығы, біздің апаға темекі шеккені жарасатын сияқты. Өзі шеккенімен де, бізге оның зиян екенін түсіндіре білді. Мақтанғаным емес, бірақ, қыздар былай тұрсын, ерлер де темекі шекпейді біздің әулетте. Менің тіпті темекінің иісінен басым ауырады. Темекіні жек көремін! (Апамның ертерек қайтыс болғаны, мүмкін соның да кесірінен бе деп ойлаймын). Содан соң апам шай ішкенді ерекше жақсы көретін. Мен де апаның қасына отырып алып, шай іше беретінмін. Шөлдегеннен емес, жай әңгіме айту үшін. Әйтеуір әңгімеміз таусылмайтын. Апаға сыйлық жасап қуантқысы келетіндер, міндетті түрде бір блок темекі, қымбат индийский шай алып келетін. Апам соған-ақ мәз болатын. Басқалардың апалары сызылып қалған болса, біздің апа ешкімнен тайсалмайтын, өр мінезді, тік сөйлеп, турасын айтып отыра беретін адам болған. Сол мінезінен бе екен, тіпті ер кісілер де тайсалатын. Бәрі де сыйлайтын, бүкіл әулетте апаға қарсы келетін ешкім жоқ еді... Сосын апам ауырып-сырқамай, ешкімге ауыртпалығын салмай, ешкім ойламаған жерден қайтыс болды.

Менің Апам туралы ойларым немесе еске алу.  

Мен ес білгелі бір адамды шексіз жақсы көрсем, ол менің – Апам. Ал мені мейірім шапағатымен, шексіз махаббатымен жақсы көрген бір жан болса, ол да аяулы апам.

Айтпақшы менің атымды да, Папам "Апасының еркесі болсын"-деп, НАЗЕРКЕ қойған. 

Мына бір өлеңді немесе сөйлемді мен университетте оқып жүрген кезде, апамды қатты сағынып, еріксіз жазған едім. Барлығы есімде жоқ, есіме түскен жолдары мынау:

Сағыныш деген бір сезім бар, мен білетін бала кезден...
Ол сезім толқытқанда... тоқтамайды, сорғалайды жасың көзден...
Көздің жасы ағады, аға берсін, сезім отын жағады, жаға берсін...Түсіндіре алмаған соң сезіміңді... барлық адам түсінетін жанды сөзбен.

(сағынышқа толы сезімімді ешкім түсінбейтін сияқты көрінетін маған, сондықтан ешкімге көрсетпей, көрпенің астына тығылып. жылап алатынмын)

Мына суретте мен оң жағында тұрмын, ал сол жағындағы сіңілім. Мектепте оқып жүрген кезім, қай сыныпта екенім есімде жоқ. 6-7-сыныпта болу керек шамамен. Мына суретте көзі жұмылып тұрғандай, апам қазір мәңгілік ұйқы құшағында.

Апам қайтыс болған кезде, мен 11-сыныпта оқып жүрген едім. Сол күн көз алдымнан кетпейді... Мен өз бөлмемде орыс әдебиетінен берілген тапсырманы орындап, белгілі бір ақынның өлеңін жаттап жатқанмын. Өлең жаттауды жаным жақсы көретін. (Ол кезде апам үйде жоқ, өзінің төркініне, яғни інісінің үйіне қыдырып кеткен болатын. Бір қызығы, апамның анасы да тірі болатын. Оны біз «Дәу апа»-дейтінбіз.) Бір кезде қатты айқайлап жылаған ащы дауысты естідім. Орнымнан атып тұрып, кіреберістегі бөлмеге қарай жүріріп шықтым. Не болғанын түк түсінбей қалдым. Марат ағам (Папамның інісі) мамамды қысып құшақтап алып, қатты жылап тұр. Менің жаным түршігіп кетті... «Не болып қалды? Оның отбасында жаман бір жағдай болды ма?»-деп ойладым. Ол мені көре салып, одан бетер жылады... Енді мені құшағына алып «Апаңнан айрылып қалдық, Назерке»-деді! Қалайша? Жоооқ! Мен сенбеймін! Ол маған кететін кезінде «Мен ертең келемін, сен жылама»-деп кетіп еді ғой. Мен әлі күнге дейін таңқалатыным, апамның ақырғы сапарға аттанып бара жатқанын сезгендеймін. Жай ғана қыдырып бара жатса да, апамды қимай, жібергім келмеп еді.. Сол кезде апам да соны сезгендей... Мені қатты қысып құшақтап, біразға дейін жібермей тұрды. Менің де жылы құшақта жылап тұра бергім келген еді... Сонымен жаңағыдай жағдай болды. Содан үйде абыр-сабыр басталды. Папам іссапарда болатын. Хабар беріліп, сол күні түнде ұшып келді. Бүкіл ағайын-туғандар жиналып, дайындық жасап жатыр. Ал мен болсам, әлі де өз көзіммен апамды көрмейінше, ешкімге сенбедім... Ағыл-тегіл жылайын десем, болмайды. "Мүмкін тірі шығар"-деген үміт бар. "Осыдан апаны алып келсін, қасында отырып, қалай да тірілтіп аламын"-деп те ойлап қоям өзімше. Содан апамның мәйітін үйге алып келіп, ертесіне жерлеуге алып шыққанша мен тіріліп кететініне сендім. Ал үйден құран оқып, алып шығып бара жатқанда... бар жан-даусыммен айқайлап, ай бір ағыл-тегіл жыладым. Соған дейін олай жылай алмадым.

«Апамның мені алдап тастап кеткені-ай»-деп жыным да келген кез болды... Негізі апам қайда барса да, мені қасынан еш қалдырмайтын. Ал мектеп оқып жүргенде, әрқашан апаммен бірге жүруге мүмкіндік бола бермеді. «Сабағыңнан қаласың»-деген сөзді жек көретінмін сол кезде. Апам үйде болмаса, үйдің іші тым көңілсіз болып көрінетін. Ештеңеге зауқым да жоқ. Ал апам үйде болса, мен үшін әр күнім - мейрам. Өйткені... сабақтан келген кезде, самаурынын қайнатып, бар тәттісін басқалардан тығып, маған арнап тамақтың дәмдісін пісіріп отырады. Ең бастысы, сені асыға күтіп отыратын жан бар екенін сезіну - қандай бақыт! Апамның мені еркелеткені, бар жағдайымды жасап өбектегені әлі көз алдымда... Еркелегім келеді ылғи, Еркесі едім мен оның. Десем-дағы еркелікті ұмытып та келемін. Сағындым ғой! Құлағымда, құлагымда тұр міне, "Айналайын, тамағынды іш, демінді алшы"- деген үн... Байғұс апам, көп жыл болды, көп жыл болды көрмедім... Мүмкін менің бойжетіп, ой тоқтатын жасқа келсем де, есейгім келмейтіні содан шығар. Көбіне адамдардан апамнан көрген мейірімділікті, жылулық пен қамқорлықты іздеп тұрамын. Менің жағдайымды жасап, жаны ашып тұратындарды кейде апама ұқсатамын. Айтпақшы мен Мамам мен Папама неге екенін білмеймін, еркелей алмаймын. Олар да мені еркелете бермейді. Әрине, қамқорлықтарын танытып, жағдайымды да жасап жатады... Бірақ бәрібір бірнәрсе жетіспейді!

Мен мектепті бітіретін жылы осындай оқиға болғандықтан, менің одан кейін ештеңеге деген қызығушылығым болмады. Мысалы, сабаққа да бару керек болған соң ғана бардым десе болады. Сосын болашаққа да ешқандай жоспарым жоқ еді... Тіпті өмір де сүргім келмеді!... Мен үшін қызықтың бәрі біткендей болды. Мектепті бітіріп, университтетте оқып жүрсем де, ештеңеге қызықпаймын, өз ойыммен әуремін. Екі жылдай қатты қиналдым, кейінірек өз-өзіме келдім. Әлі де әлсін-әлсін сағыныш-мұңға беріліп тұрамын. Егер түсіме кірсе, қуанып қаламын. Түсімде апам осы өмірде бар секілді ойлап, «неге қайтыс болған деп жүрміз?»-деп, жоқ екеніне сенбей қаламын.
Қазір Мен жақын адамыңды жоғалту, оның бұл өмірде жоқ екенін түсіну – ең жаман жүрегіңді ауыртатын жағдай деп білемін. Оған ешкімнің жасар амалы да, шарасы да жоқтығы одан бетер қынжылтады. Сосын Мен бір адамның жақыны қайтыс болса, көңіл айтуға қатты қиналамын, себебі маған «тас түскен жеріне ауыр»-дегендей, бөтен адам қанша көңіл айтқанмен, ауыртпалық басына түскен адамды түсіне алмайды. Түсінсе де, ол үшін ештеңе істей алмайды. Сондықтан, мен көңіл сұрағанда былай ойлап тұрамын: «Мен осы екі ауыз сөзді айтқанда, одан ештеңе өзгермейді. Оның тіпті көңілін де көтере алмаймын. Бірақ сонда да айту керек. Әйтпесе әдепсіз, тәрбиесіз болып көрінесің! Тез-тез айтып құтылайыншы, тууй қалай айтам, оны мазақ қылып тұрғандай болмаймын ба?». Өйткені менің апам қайтыс болғанда, мен ешкімнің көңіл сұрағанын, жұбату айтқанын тыңдағым да келмеді. «Сендер бәрібір мені түсінбейсіңдер ғой, Апамды қайтара алмайсыңдар ғой, сол үшін ештеңе де демей-ақ қойыңдаршы, өтінем»-осылай ойлаған кез болған. Көңіл сұраулардан, мезі болған кез шығар мүмкін.

Содан бері көңіл сұрауды өзім де ұнатпаймын...

Бүгін бір сағынышқа толы сезіммен есіме алып, мынаның бәрін қалай жазып шыққанымды өзім білмей қалдым. Уақытта зымырап өтіп кетіпті... Кеш батыпты... Қой үйге қайтайын.