Жасанды жалпақтағанша, жауапсыз қалған артық!

Жасанды жалпақтағанша, жауапсыз қалған артық!
жеке
блог

     Адам баласы тумысынан жақсылыққа да  жамандыққа да бейім жаратылған. Бұл екеуі бір-бірімен астасып жатқан қасиеттер. Әрбір сәби дүниеге алғаш келгенде жат қылықтардан бойы таза болғанымен, кейін өскен ортасы оны өзіне бейімдетіп кетуі мүмкін. Қалыптасқан тұлғаның сана-сезімі мен бойындағы қарым-қабілеттер де әр алуан болып келеді. Жаратушы Аллаһ тағала адам бойына осыншалық қабілеттерді белгілі бір өлшеммен тиянақтап орналастырған. Негізгі мәселе, жаратылыстан бар осы қабілеттерді дұрыс ұштап, тәрбиелей білуде. Алайда, адамдардың көбісі бойындағы жағымды қасиеттерін, жағымпаздану, жалпақтау сынды жат қылықтарға айырбастап жатады. Жағымпаздықтың артында мадақтау, ал оның артында өтірік тұратыны белгілі. Енді осы ұғымдардың мәнісін ашуға тырысып көрелік.

 Адамдар неге өтірік айтады? Оған бір ғана жауап бар секілді: адамдар шындықты қорғау үшін өтірік айтады. Түсінікті ұғыммен айтқанда - өмір сүру үшін. Бірақ жалған мақтау адамды өркөкіректікке жетелейді. Мақталған адам жақсы мен жаманды ажыратып, бағалай алмай қалады, зардабын қара бұқара тартады. Ал, мақтаушылар жалған сөзі арқылы қоғамға, мемлекетке қаншама зиян келтіріп жатқанын аңғармайды. Тек әміршінің көңілін тапса болғаны.

Керісінше, тұлғаның бұрыс қылықтарын бетіне басып, дұрыс емес тұстарын көрсете білу адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің бірі. Ол  - шыншылдық. Жазушы ағамыз Шерхан Мұртаза: «Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей…  асырып мақтама, асырып жамандама. Әділін айт, дәл бағасын бер», деген астарлы сөздері жоғарыда айтылған ойларға саяды.

Қысқасы, жалған мақтау – тілмен жасалып жатқан күнә. Сондықтан да, жасанды жалпақтағанша, үндемеген артық деп ойлаймын.