жеке
блог

Үш өлең (8 наурызға)

Аяулы аналарымыздың, қадірменді әкпе-қарындастарымыздың, сүйікті құрбылардың берекесіне арнаймын. 

 СӘЛЕМ ХАТ

Қасиетім де, киелім де сен,

Тұмар қып бойға түйерім де сен.

Сенесің бе, әлде, сенбейсің бе енді?

Әкемнен артық сүйемін десем.

 

Кешір, бұл сөзім асылық болар?!

Ақымақ ұлың тасынып толар.

Санамды мұжып, сансыз ойларым

Күн бата көкке шашылып қалар.

 

Мен үшін жайған құдайға қолды,

Көзіңнен көрдім шырайлы әлемді.

Дәл қазір шексіз мейіріңді айтсам,

Мыналар өксіп жылайды-ау енді.

 

Көз жасын қайтем?!

Айтпадым, мақұл.

Өткіздің бе аман ақпаныңды ақыр?

Әудем-ақ жерде басын бұлт басып,

Әкемдей болып ақ тауым жатыр.

 

Шаршата берме санаңды, күнім,

Аймалап жеткен самал – бұрымың.

Түсіме кеше әкем кіріпті,

Сағынып жүр-ау жаман құлынын.

 

Жалыны шығар сол берген оттың,

Қоздайды келіп кеудемде көп мұң.

Шіркін, сіздің шал – асыл ғой, асыл!

Мен ондай еркек көрген де жоқпын.

 

Не деймін, шеше, бәрі аман ба өзі,

Оң болсын хақтың қараған көзі.

Өзіңдей қамқор ауылды ойласам,

Кеткім келеді қаладан безіп.

 

Басы той жалған, баяны сұмдық,

Арманымды алдан жаяды ту қып.

Аманмын, шеше, несін айтайын,

Мендегі сол ғой.

Баяғы тірлік.

 

Түнеріп, төніп қара аспан өңі,

Тентегің талай адасқан еді.

Тіл тиді, ойбай!!!

Туған тауымның

Аршасыменен аласта мені.

 

Құшағына еніп, шабыт сайтанның,

Кешір, жан анам, бағыттан тайдым!..

Омырауыңды иіскеп емделемін ғой,

Аман бол алда барып қайтармын. 

 

ҚОШТАСУ

Қызғандырмашы, мұз қалдырмашы кеудемде,

Тағдырда мынау табылу қиын жүрекке ем.

Сыздандырмашы онсыз да жүрек шерменде,

Көргенде сені дір еткен.

 

Кетесің енді, жетесің енді жарыңа,

Өтесің көзден сағым боп.

Шолпандай таңда шоқ тастап менің жаныма,

Өшесің лезде жалын боп.

 

Алтының болған алданышыңды ескермей,

Кетесің бойда ар-намысыңды мәңгі іркіп.

Ұлысам ба екен көкжалдың мұңын кешкендей,

Бар дауысымды жаңғыртып.

 

Не деймін, жаным,

Өгеймін бе, әлде тірлікке,

Кедеймін бе, әлде жазығым.

Лаулаған шақта, әттең-ай, әттең, білдік пе,

Тағдырдың жазған, тәңірдің жазған жазуын?!

 

Өртеніп, жанып өкініште өтер әр түнім,

Баянсыз бақ боп жолықтың маған несін сен?!

Бал түнін қиған, жар түнін қиған, жарқыным,

Алтыныңды енді кешір сен!

 

«Қойшы енді...» деймін өзімді-өзім жұбатып,

Қайғымнан сәтке қайтып бір.

Дегенмен қалқам төзімді сезім жылатып,

Сөзіңді көзің айтып тұр.

 

Аман бол енді, бағыңды мәңгі жырлайын,

Бәріне куә кірпікке қонған тамшылар.

Уыстағанмен қолыңда тұрмас құмдайын,

Бақыт дегенің сол шығар!

2008

Қарындасыма

Ағаңның жаулап жүргенін жүрегін сезім, 

Ағат ойламай , қалқашым , біле білші өзің. 

Айтудан тіпті именем кінәмді саған, 

Аумайды- ау, сірә, тәтемнен мінезің сенің. 

 

Ұмытып мүлдем кешегі мұңсыз баланы, 

«Ақын» боп кеткен жүрегім жүр сыздап әлі,

Жақын боп өзім тұрғасын «жамандықтарға»,

Хақым жоқ саған паңданып ұрсуға дағы.

 

Жоқ, қарғам, сезім – жамандық, кінә емес әрі,

Жүрегі мөлдір жандардың жүдемес әні. 

Пәктігі сенен аумаған перизат болып. 

Кеудемді менің жаулап жүр бір елес әлі.

 

Көңілі күйе пенделер күндейді мені,

«Ұятты» жандар өзінше тілдейді мені.

Ертерек кеттім есейіп қасыңнан сенің,

Жақсы аға бола алдым ба?...

Білмеймін оны .

 

Жүрсің-ау, білем, сен маған өкпелеп іштен,

Өтінем қинап ағаңды, өйтпе, періштем.

Шарам не оған, жүргесін өзегімді өртеп,

Ғашықтық деген дерт екен отпенен ішкен.

 

Дүбірлеп кірсіз, риясыз құлын- жүрегің,

Оятар таңда қалғыған жырымды менің.

Келемін саған жабырқау жастығымды алып,

Сәбидей мөлдір күлкіңмен жуындыр өзің.

2007

Қайсар Қауымбек

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі