Тіленшілер тапқан табыс

Тіленшілер тапқан табыс
жеке
блог

Қазіргі таңда көшенің қай бұрышында да қаптап отырған қайыршыларға қарап елімізде әлеуметтік ахуалдың қандай екенін аңғара алмай қаламыз. Расында саны жағынан күн санап артып келе жатқан қайыршылардың мұндай күйге түсуіне не себеп деп себебін іздейміз. Киген киімдері тұрпайы, өздерін ұстау жағынан көп артта қалған, ибаның не екенін білмейтін кейбір нәпақашыларға қандай болжам жасарымызды түсінбейміз. Көпке топырақ шашуға тағы болмас. Кейбірі басына түскен ауыртпашылықтың салдарынан үй-күйсіз көшеде қалғандықтан осы іспен айналысса, кейбірі мүгедектіктің әсерінен жұмысқа жарамсыз есебінде осы жұмысқа шығып жатады. Ең сорақысы сол бұл іспен айналысатындардың үшінші тобы-аяқ-қолы балғадай жастарымыздың көше кезіп, қолын жайып нәпақа табуы. Елімізде еңбек етуге мүмкіндіктер жетіп артылады, жұмыс жағы да жақсы қарастырылған. Егін егіп, мал бақса да өзгеге күнін қаратпайтын жағдай жасауға болады емес пе? Автобусқа міне қалсаң мұңын шағып қасыңа келе қалып жағдайының нашар, балаларының көп екендігін айтып қолын жайып тұрып алатындарға тіпті айтуға уәж болсашы. Еліміздегі қайыршылардың көбісі бұл істі кәсіпке айналдырып алған. Артық қимылдағысы келмейді, одан да жұрттан тілемсектенген оңай. Кешке белгілі бір жұмыстан қайтқандай уақтылы қайтады. Дипломсыз жұмысқа тұра алмайтын болғандықтан адамдардың тапқан оңай кәсіп түрі осы болды.

  Жоқ-жітігіміз түгенделіп, іргеміз бүтінделіп қалды-ау дегенде, мына бір аты жаман кәсіптің бар болғанына не дейсіз? Дауылдай соққан желдей болған мына бір дағдарыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Себебі адамдар жұмысы қысқартылып, басқа кәсіп таппағандай, тіленшілікті кәсіпке айналдырып алыпты. Бірақ дағдарыс келді екен деп, адамгершілік қасиеттерімізден айырылсақ, былайғы күніміз не болмақ? Ия, тағдырдың талай қатал тауқыметіне душар болған халқымыз бәрінеде бекем болуы керек.

  Миллионер қаламыз Алматының кез-келген көшесіне бара қалсаңыз, қолын жайып, тиын сұрап, бата қайырған тіленшілерге кез боласыз. Солардың ішінде ақ жаулықты аналарымыз,ақсақал аталарымыз, қара домалақ бауырларымыз, қайыр сұраған жас қыз – келіншектер  былай тұрсын    қол-аяғы балғадай тірлікке жарамды  ағаларымыз да бар. Жер өткелдерінің бірінде  қара домбырасын асынып, жырлап тұрған жігіт ағасын көріп, бұл жағдайға неге мәжбүр болған деп ойға қаласың? Әйтеуір ол жағы белгісіз. Дәл осындай көрініс Гагарин көшесінің бойындағы кейуананы көріп көзіңе жас аласың. Ол анамыз қазір немере, шөберелеріне ертегі айтып, қызықтарын көріп отыратын кезі емес пе? Кейде көшеде келе жатып, ішімдікке сылқия тойып, жерде аунап   жатқан ағаларымызды көріп ішің қынжылады. Амал қанша, қолдан келер шара жоқ. Бұндай көріністер тек Алматы қаласында ғана емес, еліміздің басқа қалаларында да көптеп көрініс табады. Бала күнімізде шаштары желбіреп, алқам – салқам киінген қайыршыларды көрсек корқып, қашушы едік, ал қазір  қорықпақ түгілі оларға күнде көріп жүрген адамдарымыздай қарайтын болдық.

  Күніне адамдарға жалынышты күйде отыратын қайыршылар кешкісін үйлеріне барған кезде кемінде 3-4 мың теңге санайды екен. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі таңда тіленшілерімізді 3 топқа бөліп жүр. Олар: жоқтықтан, мүгедектіктен қайыр сұрау. Олар ешкімі жоқ көп балалы аналар, бала-шағасы тастап кеткен немесе жалғызбасты қарттар. Екіншіден, маскүнемдер-қолда бар мүліктерін, тіпті баспаналарын араққа айырбастап жібергендер де бар. Үшіншіден, пайда табу үшін қайыршылықты табыс көзіне айналдырғандар. Олар кәдімгі тәжіктер және қарапайым дені сау адамдар. Олар жұмыссыздықтың, бағаның қымбаттауына байланысты осы кәсіптің иесіне айналғандар.

  Ия, осы аталғандардың әсерінен жыл сайын елімізде дуаналардың саны арта түсуде. Бұл мәселеге көзімізді жұмып қарап отырмыз. Әлде бұл мұншама түйіні шешілмейтін мәселе ме? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, бұл жұрт жоқшылықтан қайыр сұрай ма, әлде тіленшілікті кәсіп етіп алған ба?