ЖАЗА

ЖАЗА
жеке
блог

Жаза

Тұр бір сұлу екі көзі жасаурап

Жол шетіне дейді бәрі «Қаш, аулақ!»

Өз өмірін қиғанша ол асығыс

Таяғымен жол жиегін қашаулап

Шыдамадым, жетіп бардым қасына

Алып кеттім жол шетіне асыға

Үнсіз отыр  сұрағанда  себебін

Ерік берді мұңлық ару жасына,

«Сүйді сонда мені бір жігіт,-деді

Паршаладым, сезімін үгіттедім

Қиялымда зәулім сарай, кең қақпа

Баршылыққа, байлыққа үмітте едім

Жүретінмін, ешнәрсені ойламай

Сұм баршылық көзімді байлап қойғаны-ай!

Мені сүйген қарапайым жігітті

Менсінбедім, қиналарын ойға амай.

Ол жігітті мазақ етіп, күлдім мен

Бал дәуренмен жалын атып жүрдім мен

Тағдырымнан көрмеймін мен күнәні

Мен өзіммін өмірімді бүлдірген

Үстемдікті пайдаланып,  есірдім

Маған деген бар сезімін өшірдім

Көзі талып тұрушы еді қия алмай

Көрпеме де қарай алмай көсілдім

Үміт үзген сорлы жігіт жоқ болды

Іздемедім, оған көңілім тоқ болды,

Дәурендеткен, серуендеткен баршылық

Соқыр етіп екі көзге шоқ болды.

Қалталы деп тұрмысқа да шықтым мен

Деп ойладым сол сәттерде ұттым мен,

Жан-жарым да тап өзімдей мінезді

Сонда да бір қуанышты күттім мен

Не ұттым мен? Қайғыны ма бақты ма?

Жо-жоқ әлде, мансап пенен тақты ма?

Мінезіміз жараспады, ұрыстық

Талай мәрте көзімнен қан ақты да.

Уақыты өтті дәурендеткен айдынның

Жазаландым, екі көзден айрылдым

Өз үйімнен қуылдым, қалдым далада

Үдей түсті  мөлшері де қайғымның.

Көріп жүрмін сол шақтарды түсімнен

Қатемді мен қиналғанда түсінгем

Жанары от, мөлдір көзді жігітті

Жазаландым, қинағаным үшін мен,

Сансыз сұрақ жаулап алды санамды

Тырналаймын  жүректегі жарамды»,-

Деп  жас ару аяқтады сөздерін

Ал, қалғаны  бәрімізге қараңғы...

 

     Эльмира Матибаева                                                                    

 сурет : http://citatyi.ru/love_swans_img44382.html сайтынан алынды