Сіз білесіз ба?

Сіз білесіз ба?
жеке
блог

      Студент… Қаланың таңсық өміріне үйрену... Бүгінгі сәннен қалып қалмау азабы – міне, осының бәрі ауылдан қалаға жаңа өмір бастау үшін келген студенттің басты мақсаты. Жүрегі алып ұшып, не істесем екен деген қыз-жігіттердің «сән» қумайтыны кемде-кем шығар, арасында бірен-сараны болмаса. Және сол өмірге тез бейімделгісі келеді, бұл мүмкін жастық кезеңде болатын табиғи инстинкт болар, кім білсін? Сән дегенде жігіттерден қарағанда қыздардың жақындығы айқын көрінеді ғой. Оқу демалысынан сағына ауылына қайтқан қыздарын, кейде тіпті аналары да танымай қалып жатады. Көз алдарында қасы-көзі қиылған, еріндері қызарған, тырнақтары ұзарған, киімдері қысқарған... әрине, бұның бәрі жаттанды болар, бірақ бұл бізге «қалаға үйренген екен, қалалық болып кетіпті» деген жалған атақ алып береді. Біз сол атақты алу үшін де тыраштанамыз ғой. Иа, кезінде осы аурумен өзімде ауырғанмын. Әсіресе тырнақ өсіргенде жан салмайтынмын. Қала көшелерінің бұрыш-бұрышында қаптап тұрған сән салондарының қызылды-жасылды жарнамалары көз тартып, адам санасын улайды. Сән салондарында кезекте тұрған қыздар қаншама. 
     Мейрам күндері бос салон таппай тентіреп жүрген қыздарды да көзің шалады. Осындай бір қаурыт кезеңде салонға біз де бас сұқтық. Төртінші болып кезекте тұрмыз. Ауадай ғана бөлмені жақсылап жабдықтап қойыпты, қарасаң көз тояды. Кезекте отырған адамдарға қарап отыруға түрлі-түсті журналдар да кездеседі. Кезекте отырғанымызда көзді жан-жаққа жіберіп, құлақты түріп отыруға тырыстық. Көбі қазақ қыздары болса да, ана тілімізде сөйлеуге арланып, орыс тілінде сайрап отыр. Енді көзіміз  тырнақты әрлеп отырған 25 жас шамасындағы бойжеткенге ауды. Ең бірінші қарандашпен сызылған жұқа қасына, ерінінің жанындағы моншағына түсті. Алдында түрлі-түсті тырнақ бояйтын лактар мен егеуіштерден бос орын жоқ. Ол бойжеткеннің жан-жаққа қарауға мұршасы болмай, тұтынушының тырнағын егеп, өз-өзімен әлек. Аузына тартқан қорғаушы дәкесі жоқ, ол кісіні мен аяп кеттім. Ұшқан тырнақ бірде болмаса, бірде тыныс жолы арқылы ішке енеді ғой. Оның арты жақсы болмасы анық. Апам, «тырнақ тамаққа түсіп кетпесін, кейін шемір деген ауруға ұшырайсыңдар» - деп отырушы еді. Бұл жағын ойластырмаған сияқты. Әрең дегенде менің де кезегім келді. Есімін сұрағанымда өзіме жіті қарап алды да, Айгүл деп танысты. Әңгімеге тартайын деп бірнеше сұрақ қойып едім, орысша-қазақшасы бар жұтаң жауап берді. Бірақ бір ұққаным өзінің жоғарғы білімі жоқ екенін, бірақ тырнақ әрлеудің екі айлық курсын оқып, қазір осы мамандықтың арқасында өз нанын тауып жеп отырғанын айтты. Иә, қазір дипломдары қалтада не жұмыс жоқ, не басқа бітіретін еш шаруасы жоқ, ата-анасына масыл болып отырған жастарға қарағанда ақшаның көзін тапқан бойжеткенге риза болып қалдым. Әне-міне дегенше менің де тырнағымды әрлеп бітті. Қарасаң қызығарлықтай, бірақ ақшасы да соған тұрарлық.
      Жасанды тырнақ өсірудің ең төменгі бағалары бес мың, өзіңіз ойлап қараңыз. Мына қаржы тапшы заманында қалтамызға жеңіл түспейді. Оған қанша қызықсақта, әрбір мерекеде немесе күнделікті салондарға баруға қауқарымыз жоқ. Сондықтан көрген-білгендерімізді (интернеттен қарап) өзіміз жасауға тырысамыз. Абай атамыздың «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген асыл сөзін осы жерде бұрмалап, жылатып жібереміз –ау. Тырнақ өсірудің қаншалықты денсаулыққа зиян екенін біле тұра, саналы қателік жасауға бейімбіз. Себебі, осы кездегі қыздардың ұстанымы «Әдемі болу үшін – көп нәрсені құрбандық ете білу керек». Ойлап қараңызшы, ол тырнақтың тек әдемі көрсетеді-ау дегені болмаса түк пайдасы жоқ қой. Ал енді тырнақ жайлы біліміміздің қаншалықты екенін сараптап көрейікші...
     Осы шашымыз бен тырнағымызды қиған кезде неге ауырсынбаймыз? Себебі, ол жерде қан айналымы мен жүйке жүйесі болмайды. Шаш пен тырнақ терінің ең жоғарғы қабатында орналасатын, «кератин» деп аталатын серпінді заттан тұрады екен. Соның әсерінен шаш пен тырнақ үздіксіз өсу процесін бастан кешіреді. Қазіргі кезде тіпті психологтар тырнақтың пішіні мен түрлеріне қарап адамның қандай аурумен ауыратынын да анықтап бере алады.
     Біле білсек, тырнақ әсемдігі үшін жағылатын бояудың да зияны шаш етектен көрінеді. 
Тырнақ бояуының құрамында атын естісек те, затын білмейтін, затын білсек те атын естімеген неше түрлі, ағзаға зиян химикаттар кездеседі. Гигиеналық тұрғыдан алып қарасақ та, тамақ жасап жатқан кезде  бірде болмаса бірде тырнақтың немесе бояудың араласып кетуінің соңы үлкен ауруға ұшыратады.  Тіпті тырнақты бояғанда кейбіріміз сапалы бояуды да білмейміз. Бояу жағып жатқан кезде міндетті түрде аузымызға дәке байлауымыз керек, себебі химикаттың өткір иісі мұрынның шырышты қабатына зиянын тигізері сөзсіз.   
      Қаншалықты тырнағымызды боясақ, соншалықты рак ауруына шалдығу мүмкіндігіміз жоғары болады екен. 
    Біз дінімізге берік, аузымыздан Алламыз түспейтін халықпыз ғой. Осы тырнақ мәселесі де қасиетті кітабымыз Құран кәрімде шет қалмаған. Ол жерде жұма күні жұма намазына дайындық ретінде жуынып-шайынып, тырнақты осы күні алған сауабырақ деп жазылған. Осы жерде еріксіз есіме апамның бір әңгімесі түседі.
     Кішкентай күнімде апам жұма сайын тырнағын алғанда үнемі тырнақпен бірге жас талшыбықты ұсақтап турап жерге көмеді. Осындай бір жұмада мені жас талшыққа жіберді, енді сұрамасам тағатым таусылып, өзімді қоярға жер таба алатын емеспін. Апам оны ұсақтап турап әңгімесін бастап кетті. «Балам, бұл өмір жалған. Қамшының сабындай қысқа. Әйтеуір бір күні дәм-тұзымыз таусылады. Сонда мәңгілік өмір табалдырығын аттайсың, - деп ұзақ ойға шомып барып, О дүниеде Алла алдында есеп беруге барасың. Бара жатқан жолда неше түрлі кедергілерден өтесің. Соның бірі алдыңнан көздің жауын алатын көш қызығы өтеді, сұлу жігіт, сұлу қыздар өлең айтып, би билеп сені өзіне қарай шақырады – деп әнгімесін осы жерден үзіп, табалдырықтың бір бұрышына тырнақтарын көме  бастады. Ал, менің ойымда апам айтқан әңгімелер ертегі сияқты көз алдымнан өтіп жатыр. Өзімді сахарада келе жатқандай сезіндім. Себебі мен үшін көш тек шөлді далада жүретін сияқты болып көрінетін, мен ол кезде солай ойлайтынмын. Апам қасыма жайғасып келіп, өз сөзін сабақтады. Сол кезде нәпсі  құмар адам шыдамай еріп кетуге тырысады екен. Еріп кетсең тозақтан бірақ шығасың.  Сені тозақтан аман алып қалатын тырнақтарың. Ал бірге көмілген жас шыбық ол кезде өсіп, тырнақтарың киіміңнен ұстап қалады екен. Осы жерде қураған шеңгелдің ұштарында өсіп тұрған тырнақтар көз алдымда көлбеңдеп кетпей қойды. Е, бала қиял десеңші, «сондықтанда тырнағыңды аларда, қалқам, жас шыбықты ұсақтап турап табалдырықтың жанына көмгейсің» деп аңызын аяқтады. Мен ертегіден шыға алмаған сезіммен, - апа, осының бәрі шын ба?- дегенімде балам-ау кім біліпті оны. Үлкендер солай деп айтатын» - деп ақталуға тырысты. Ия, оны тек о дүниеге барып келгенде ғана білуге болады ғой. Бұл ғылымдағы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Міне, бұл апамның әңгімелерінің біреуі ғана.
         Ертегіні тыңдап, оқып өскен мен үшін ең сүйікті кейіпкерім жезтырнақ болатын. Таңқалмаңыз, кәдімгі кішкентай балаларды қорқыту үшін айтылатын жағымсыз кейіпкер. Мен балаларға ертегі айтқанда міндетті түрде кейіпкерлердің ішінде жезтырнақтар кездеседі. Осы кездері сол ертегінің кейіпкеріне айналып бара жатқан жоқпыз ба деген ой мазалайды. Осы күннің жезтырнағы болмай, өзіміздің өмірімізді өзіміз қысқартпай аман жүрейік, қыздар!