Сәния Қуанқызының жауаптары

Сәния Қуанқызының жауаптары
жеке
блог

Сәлем Санека өзіңе қойылған сұрақтар, жауаптарыңмең қоса бір суретіңді салсаң постқа салатын және өзіңе ұнаған сұрақты көрсетіп кетсең деп қаншама мыңдаған жерге хат жібергем, бүгін таңертең жауап хат келіп тұр. соны сіздермен бөлісейін. 

Сәлем аса Құрметті Массагет қауымы, маған қойған сұрақтарыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін, осының барлығын ұйымдастырып отырған Жанатқа ерекше алғысымды білдіре отырып сұрақтарыңызға барынша шыншыл әрі қызықты етіп жауап беруге тырысамын. Сіздерге де сұрақ қойғым келген, бірақ алдында форумға еркін кіре алатынмын содан кейін қайтадан тіркелу керек болды ма түсінбедім кіре алмай қойдым, қазір көбіне телефоннан кіріп жүргендіктен форум мен үшін жабулы қазан)) ал ендеше кеттік!

Егер Қытайда тұру мүмкіндігі бар болса, қалар ма едің?

 Отбасылы болғаннан кейін күйеуімді елшілік жұмыстарымен Бейжіңге не Шанхайға 3-10 жылға жіберіп жатса екі қолымды көтеріп, жиналып кетуші едім және рахаттана тұрушы едім осы жақта, сонымен қоса балаларымның бастауыш сыныптық білімдерін осы аспан асты елде алғандарын қалаймын, ал жалғыз бастыларға жалпы кез келген бөтен елде 1 айдан артық тұру, оқу қажет емес деп ойлаймын және өзім жалғыз қай мемлекет болмасын 1-3 айдан артық уақыт тұруға келіспеуші едім. 

 Сәния Қуанқызына сұрақ: "Тағы неше жыл оқисыз өзі?"

Бұл сұрақты мені жақын танитындардың көбі қояды, менің оқығаным басқа біреуге зиянын тигізіп жатса бүгін-ақ тастап кетейін, оқимын дегенім жұмыс істемей жүрмін дегенді білдірмейді, жұмыс өтілім 6 жылды құрайды, яғни тек оқи беріп жиған-терген білімімді ішке сақтап жүрген жоқпын, қазақ елінің дамуына үлесімді қосып адал қызмет етіп жүрмін және мақсатым диплом жинақтау емес, ол өзінен жиналып жатыр, ал мақсатым солтүстіктің қызы оңтүстікке тұрмысқа шығып жатса қалың малы жақсы болсын деп та)) Тағы қанша жыл оқитынымды және келесі мамандығым қандай болатынын өзім де білмеймін, оқып жүрген кездерімде өмірім әртүрлі түстермен боялып қызықты өтеді және өтуде, бір тақырыпта ғылыми мақала жазар кезде қаншама идея, ой, ішкі толғаныс... білмеймін басқаша қалай айтарымды, бірінші сыныптан бастап 18 жыл оқып келем, басымда міндетті түрде кітап жатады, ұйқыға дейін 1 бет оқысам да оқыған кезде ғана ұйықтап кетем, кітапсыз ұйықтауым үшін 3 күн ұйықтамай 100 км жүріп шаршауым керек)) ең бастысы оқығанымыздан елімізге, жақын адамдарымызға, ал ең бастысы өзімізге пайдасы тиіп, зияны болмаса болды. Оқып, оқығанымды тоқудан шаршамаспын.

 Сәния Қуанқызы! Қай шет тілдерде еркін сөйлей аласыз?

 Өмірде жіберген ең үлкен олқылық осы шет тілі шығар, себебі жетісіп ешқандай шет тілін білмеймін, шынымды айтсам білуге деген құлшыныс болған емес, бойымда бір бетбақтық, ұятсыздау қасиетім бар мен сөйлеуге ұялмаймын, яғни 6 жасымда Қызылжар қаласына көшіп келгенімізде бір сөз орысша білген жоқпын «он мен она» дегендерді мүлдем ажырата алмайтынмын, қалғанын қойғанда, бірақ өз ойымды жеткізіп, өзіме керек нәрсені сұрап, жалпы өз қалағанымды істей/істете алатынмын және қазір де дәл солай, ағылшынша жақсы білетін адамдар мен сөйлегенде «жылайды», оған қоса басынан бір шалып өткен түрік, парсы тілдері, барлығы қарапайым деңгейде, ауыз екі сөйлеу дәрежесінде де білемін дей алмаймын, әйтеуір тек осы тілде сөйлейтін адамдармен қиналып, қызарып кетсем де сөйлесіп, сол тілдерде өтетін конференциялардан қалмай қатысып, аудармашыға аудыртқан мақаламды қорғап, сұрақтарына жауап беріп риза етем, риза етпесем де өзім риза болам)) қазір мамандығым бойынша бір қатар тілдер үйреніп жүрмін, меңгерілу нәтижесі қалай боларын білмеймін енді. Менің ойымша тіл ол тірі организм, оны күнделікті қолдану қажет және әр адамның тіл үйренерде белгілі бір мүддесі болуы тиіс, мен ешқашан шет елде тұрамын, оқимын деп армандамаппын, ал АЛЛАның маған қатысты өз ойлары болған-ау деймін соңғы 3 жылда ойым күрт өзгеріп, сасқанымнан курстарға жазылып тіл үйренуге кірістім, шетелге шықтым, содан түйгенім ең бастысы сол елдің сәлемдесуі мен алғыс білдіруші сөздерін жаттап алып, білмей қалған жерлеріңізде қазақша айта салып ыржаңдап күле берсеңіз болғаны))

 Сәния мен Мәуленге ортақ сұрақ:

Егер осы өмірлерің түс болып, терең ұйқыдан ояндың делік. Алда не істейсін? Енді бар өміріңнің алда қалай болатын білесің ?(мысалы қалай мектеп оқып, бітіретініңді деген сияқты)

Алдын ала осы өмірімде не боларын білгенде, Әкемді соңғы рет көрген күнді, яғни 3.06.2012ж. өзгертер едім, Әкеме оны қалай қатты жақсы көретінімді, сыйлайтынымды, алғысымды айтушы едім және қатты-қатты құшақтап, маңдайынан иіскеуші едім... Басқаның барлығына шүкіршілік, барлығына қанағат, барлығына ризамын!

 Екі адамға ортақ сұрақ қояйын ендеше: Мұң деген не?

Мұң – жақын адамынан айрылғаннан 1-2 ай өткеннен кейін ішіңді қуысқа, көзіңді жасқа толтыратын сезім.

 Санияға сұрақ, жұмыстарыңыздың бәрін бітіруге уақытты жеткізесізбе, яғни 16 сағатта көп жұмыстарды аяқтайсызба?

АЛЛАның көмегімен әрине, біраз жұмыстың басын қайрып жатырмыз, бірақ менің жанымдағы ақ ниетті, үнемі қол ұшын беруге дайын достарым, таныстарым, бауырларымсыз көп істің нәтижесін көрмес едім, оларды қатты жақсы көрем, сыйлаймын және дәл қазір маған жасаған жақсылықтарын өз қолыммен қайтара алмасам да оны ешқашан ұмытпаймын және АЛЛАдан оларға тек жақсылық тілеймін.

 Сәния Қуанқызына сұрақ: "Сіз үшін отбасындағы әйел адамның рөлі қандай? Қалай елестетесіз?"

Әрине, қазір көрікті, салмақты сөздерді көпіртіп ақылды әйел еріне тіреу, ер басшы әйел қосшы, мойын деуіме болады, бірақ мен үшін әйел ол үйдің иесі, берекесі, жылуы, ал ер адам сыртқы дүние мен үйді байланыстырушы, сондықтан ердің үйде көп болмауына байланысты әйелдің отбасындағы рөлі өте үлкен, жауапкершілігі көп деп білем. Өз елесім бойымша, әйел – ерден 20-30 минут бұрын тұрады, жұмыстан үйге ерінен 20-30 минутқа бұрын келеді, күйеуінің айтқанынан шықпайды, тіпті жұмысқа, қонаққа, далаға, серуендеуге киіп шығатын киімдерінің қайсысын киетініне дейін күйеуінен рұқсат алады, ол үшін 1-ші орында күйеуі, 2-ші балалары, 3-ші күйеуінің туыстары)) әзірге осы...

Сәния Қуанқызына сұрақ: "Махаббатты қалай бағалайсыз? Қолыңыздағы алтынның қадірі қандай?"

Махаббатты бағалауда белгілі бір шарттар мен өлшемдерім жоқ, өмірімде қатты ғашық болдым, махаббат ауруымен ауырдым, бақыт құшағында мас та болдым, көл-дария етіп көз жасымды да төктім, махаббаттың тәттісі мен ащысын да таттым... Махаббатты кім қалай бағалайтындығын білмеймін, өзім де еш баға бере алмаймын, әрине кез келген шынайы, мөлдір, таза сезімді құрметтеймін, бірақ түйгенім әр адам өзінің өмірілік тәжірибесіне, тәрбиесіне, ортасына байланысты шығар «махаббат» деген ұығымды әр түрлі қолданады, түсінеді, әркім үшін оның маңыздылығы, салмақтылығы, жауапкершілігі де әрқилы, бүгін «сені сүйемін» деп жүрген жігітің ертең басқа біреуге дәл солай сезімін білдіргенін көргенде оған сенбегеніме, оны сүйіп қалмағаныма қуанам... Мені сүйген ержігітті қаншалықты ренжітпейін, көңілін қалдырмайын десем де, кейде түсініспеушілікке ұрынам, ал өзім сүймесем, жүрегіме жатпаса ол адамды алдап жүре бере алмаймын, керісінше онымен бірге қиналып кетем, оған да маған да жақсы болу үшін не істесек екен деп жауап іздеп жүрем.

Сезімін, жылулығын, қамқорлығын білдірген әр жігітті қолымдағы алтыным деп бағалау қателік, егер шынымен қолыма алтын, жүрегіме жылуын жеткізе білген қарапайым қазақтың жігіті кездесіп жатса қадірін уақытылы түсінемін деп ойлаймын, сол кезде оның қадірі қандай екенін айта алатын шығармын))

Өмірде қызғаншақсыз ба? Жалпы қызғанышты қалай жеңуге болады?

Иә, мен өте қызғаншақпын, бірақ көрсетпеуге тырысып бағам, кейде көрініп қалады, себебі үндемей қаламын, ал өте көп сөйлейтін адамның үндемей қалғаны жақсылыққа емес)) қызғаншақтығым жігітке ғана қатысты емес, ата-анамды әпкеме, немерелеріне, достарымды басқа достарына қызғанам, сондай бір «өлген» қызғаншақпын және оны жеңгімде келмейді, ол мені басқалардың назарын тек өзіме аударту үшін өзімді жақсы етіп көрсетуге ұмтылдыртқызады, уәждейді. Қызғаншақ болу жақсы ғой, керемет сезім, ал сені қызғанса тіптен тамаша, жігіттердің қызғанғаны маған ұнайды, оны мен бір қамқорлық деп қабылдаймын, бірақ ал қызғанып ұрып-соғатындар, айқай-шу шығаратындар қызғаншақ емес, өздеріне сенімсіз жандар, бұл екеуі әртүрлі ұғым. 

Сания Қуанқызына сұрақ: Қателеспесем, осы ауылда Игіт Аслан деген сізге ғашық жан болып еді ғой) Сол кісі қазір қайда? Бар ма өзі? Танисыз ба? 

Өкінішке орай, ол адам жайлы массагеттен тыс ештене білмеймін, ешқандай әлеуметтік желіде араласпағанмын, негізі менімен араласады деген әңгіме барын естігем, бірақ мен Игітжанға өте-мөте қызықсыз болуым керек ол мені, мен оны массагеттен тыс өмірде іздеп, одан бетері араласып көрмеппіз, әрине мен үшін Игіттің орны бөлек, бір кездері массагет соны банға жіберумен қызық еді, қайда жүрсе де аман-есен болуына тілектеспін!

Сәния' ғашық адамыңыз бар ма?

Ғашық адамым жоқ, бастаңғыда «Көктемнен не күтесіз?» деген мақаладағыдай, осы көктем ғашық болуды күтіп жүрген үшінші көктемім, бұйырғаны болар, бірақ адам ғашық болғанда мүлдем өзгеше сезімде болады ғой, мен де сол сезімдерді сезгім келеді, махаббатты сағынып кеттім, кейбіреулер 25 жасында қайдағы махаббат, оны көргеннен, алақанға алақан тигеннен енді бетін қызарып, аяғынның астынан жер кетіп, дем жетпей, т.б. сезімдерге бөленбейсің, бір жігітпен 3-5 кездесіп, соған бауыр басып қаласын, тиесін, бақытты боласын дейді, мен ондайды қаламаймын, үлкен сезімге сенемін және мен үшін шын ғашықтар қосылады!!!

 

Сұрақтардың дәрежесін бөліп-жарып жақсыларын іріктей алмадым, барлығы шынайы қызушылықтан қойылғанға ұқсайды, барынша жауап беруге тырыстым, бірақ саны жағынан көбірек сұрақ Көркемнен болғандықтан осы аруды ерекшелеуге болады, оқуларыңызға жеңілдеу болсын деп қай жағынан қысқартуға тырыссам да болмады)) ) 

 

Осы жолғы бірліктер Көркемнің еншісіне бұйырды.

Достар массагеттіктердің сауалдарына осылай жауап бергілеріңіз келсе, пікір етіп жаза отырыңыздар, өтініштеріңізді жағдайларыңызға қарай қанағаттандырамыз)))