Біздің Фейсбук

Біздің Фейсбук
жеке
блог

Олар ең маңызды оқиға осында болады деп біледі (өйткені, алдымен осы жерден білесің). Ол оқиға жайлы ең өткір пікірлер осында айтылып, ең дәл баға осы жерде беріледі – яғни тарих осында жасалып, осында жазылып жатыр. Ендеше ең қызықты адамдар да осында. Фейсбукті білмейтін немесе оған енді тіркеліп жатқан адамдар – «сәл қалыңқырап қалған». Және бұл пікірлер шындықтан алыс болмауы мүмкін. 

Қазір Фейсбуксіз өмірімізді көзге елестету мүмкін болмай қалды. Күніміз осында өтіп жатыр. Сондықтан ондағы өмірдің мәні туралы сұрақтар тумай тұрмайды.

Фейсбук бүгінде тиімді қарым-қатынас құралы және нағыз пікірталас алаңы болды. Кәсібі ұқсас немесе саяси көзқарасы жақын адамдарға ортақ мінездер бар ма? Оларды әлдебір іс-қимылдарға жетелейтін не нәрсе? Осы сұрақтарға жауап іздегісі келген кісіге Фейсбук таптырмайтын зертхана сияқты. Ол арқылы жеке тұлғалардың мінез-құлқын тереңірек біліп, іс-әрекетін талдауға болады екен. Өз басым мысалы, Мұхтар Тайжан мырзаны өмірде көріп, әңгімелескен емеспін. Көпшілігіміз құрметпен еске алатын Болатхан Тайжанның Мұхтар атты ұлы бар екенін, оның саясатпен айналыса бастағанын Фейсбуктен білдім. Одан бері шамамен екі жылдан аса уақыт өтті. Ешқашан кездестірмесем де қазір бұл кісі туралы біраз нәрсе білем дей алам. Әрине, Фейсбуктің арқасында. Бұл жерде отырсаңыз, бұрыннан аты әйгілі адамдарды да жақынырақ біле алады екенсіз. Айталық, Әміржан Қосанов мырза. Танымал адам. Бірақ соның өзінде Фейсбук Қазақстан саясатының ардагері деуге келетін бұл кісіні бұрынғыдан жақынырақ білуге көмектесті. Әлбетте, «личкада» хат алысу арқылы емес. Олардың өз жазбалары, пікірталас кезіндегі, әлдебір оқиғаға қатысты пікірлеріне қарап. Осы арада айта кететін бір мәселе, тұлғаны ашатын оның «статусындағы» философиялық ойлары емес, әлдебір төтенше оқиғаға қатысты реакциясы, қызу пікірталас барысындағы сөз саптауы екен.

Қызықтың бәрі Фейсбукте ме?

Фейсбукте қандай да бір себеппен болсын (мысалы, отаны, тілі бір болғандықтан) «бас қосып» тұратын адамдар өзінше бір қауым. Фейсбук – олардың тұрмысы мен мәдениетінің үлкен бір бөлігі. Оларға мұндағы өмірдің қызығы мен маңызы кәдімгі шын өмірдегіден кем емес. Тіпті кейбірі үшін Фейсбуктегі өмір шынайы өмірге айналды деуге болады. Көпшілігі ең маңызды оқиға осында болады деп біледі (өйткені, алдымен осы жерден білесің). Ол оқиға жайлы ең өткір пікірлер осында айтылып, ең дәл баға осы жерде беріледі – яғни тарих осында жасалып, осында жазылып жатыр. Ендеше ең қызықты адамдар да осында. Фейсбукті білмейтін немесе оған енді тіркеліп жатқан адамдар – «сәл қалыңқырап қалған». Расында бұл пікірлері шындықтан алыс болмауы да мүмкін.

Фейсбукті ұстап тұрған нәрсе оның «лайк» деп аталатын функциясы десек, жаңалық ашқанымыз емес. Қолданушы бұл жерге «Ел не жазып жатыр екен?» деген қызығушылықтан гөрі, статусына қанша адам «лайк» басқанын, кімнің қандай пікір жазғанын білу үшін асығады. «Пәленшеге нравится ваш статус...» деген хабарламаның көбірек көрінуі керемет көңіл-күй сыйлайды.

Мораль айтса, «новичок» болуы мүмкін

Алғаш пайдаланып жүргенде пікірің ұнамай қалса, жерден алып жерге салатындар шошытатын. Ызасына қатты тисең, кейбірі тіпті чатқа шығып алып шатақ шығарады. Мысалы, өзім басым мұндай 3-4 фейсбукшіні кездестірдім, бір қызығы оның екеуі журналист. Дегенмен, қазір жұрт өзгенің пікірін сыйлауды үйрене бастағандай. Тік мінез көбіне Фейсбукті жаңа пайдаланып жүргендерден, сосын қоғамдық жұмысқа қатысы аз саланың өкілдерінен шығады. Бір есептен, Фейсбукте біреуге пікір жазу телевизорда сөйлеп отырған адамды сынау сияқты. Өзің білмейтін, ертең көрмейтін адам. Оның сөзінен мін де тез табылады. Бірақ мұның тв-дан артықшылығы, пікіріңді өзіне айтуға мүмкіндік бар. Ол белгілі адам болса тіпті жақсы, жазып тастап «енді қайтер екен?» деп қарап отырасың. Сол кездегі көңіл күймен айтылған сынның әсері қандай екенін түсіну үшін біраз уақыт қажет. Осы себепті болса керек, өзара таныс адамдар, Фейсбуктің майын ішкендер сөз аяғын ұрыс-керіске ұластырмайды. Тіпті мәселе даулы, пікірлері алшақ болса да.

«Фейсбук деген бұл елге жақсы болды. Естісі де, есері де шығып алады. Сөйтеді, ойына келгенін жазады, әркімге бір соқтығады» дейтін де пікірлер бар. Бұл мазасыздыққа себеп бола алмайды. Өйткені, біраздан соң қай сөзді жұрттың қалай қабылдайтынын кез келген түсіне бастайды. Сөйтіп, өзге жұртты өзіндей көріп өмір сүруді үйренеді. Бұл да үлкен қаладағы тіршілік сияқты. Ауылдан келген адам осы жердің тәртібімен өмір сүруіне тура келеді. Әлеуметтік желінің өз мәдениеті бар. Ол жаңадан келгендерді осында өмір сүрудің мәдениетіне бейімдеп алады. Сондықтан Фейсбукке адамдардың көбірек келгені жақсы. 

Орыстілді фейсбукшілер

Фейсбуктегі жұрт та орыстілді және қазақтілді болып бөлінеді. «Қазақтар» өздерін ғана емес, орыстілділердің де не істеп, не қойып жатқанын көріп отыр. Ал орыстілді фейсбукшіде мұндай мүмкіндік жоқ. Олар өздерінше бір қауым болып, бөлек кетіп барады. Бір-бірін оқиды, пікір жазады, талқылайды. «Қазақтармен» жұмысы жоқ. (Екі тілде жазатындар бар. Бірақ аздығы себепті, ахуалға әсер алмайды).

Орыстілділер қазақ журналистикасына дау-дамай шыққан кезде ғана назар аударады. Мысалы, Тоқберген Әбиевке немесе Бағым Мұхитденоваға қатысты оқиғалар. Бірақ мұндай айғай-шулар қазақ журналистикасын толық сипаттап бере алмайды. Ол – «қазақтардың» бір ғана қыры. Журналды «орыстар мен еврейлерге қарсы» сұхбат жариялауға итермелеген не нәрсе? Ксенофобия ма, әлде жоғары бәсеке жағдайында айғайлатып тақырып қойып, оқырман тарту ниеті ме? Қазақ басылымдарын оқымай, қазақ мәселесін білмей бұл сұраққа дәл жауап беру қиын. Бағым ханымға қатысты дау кезінде орыстілді журналистер тұтастай бірыңғай позиция ұстану себебі осында жатыр. Ендеше қазақша оқымайтын орыстілділердің «қазақтар» туралы пікірі үстірт деген түйін жасасақ, онша қателеспейміз.

Көбіне қазақы ортадан шыққан адамдарды қызықтыратын мәселелер бар. Мысалы, дін, зиялы қауым және қылмыс әлемі. Бұлардың қоғам қауіпсіздігі мен дамуы үшін аса маңызды екенін айтып жату артық. Бірақ бізде бұл мәселелерді орыстілділер білмейді, олар жайлы мағлұматы мардымсыз. Өйткені, бұл тақырыптарды негізінен қазақша басылымдар мен қазақтілді блоггерлер жазады. Бұдан шығатын қорытынды, қазақша оқымайтын публицистер мен сарапшылар Қазақстан қоғамын тұтас көре алмайды, объективті пікір айта алмайды. Ал екі жақты да қарап отырған қазақтілділерде тәжірибе мен шеберлік жетіспейді. Тақырыптан ауытқымай Фейсбугімізге қайта оралайық.

Бағым Мұхитденова дауына ұқсас оқиғалар қоғамдағы көзқарастар мен үрдістерді байқауға көмектеседі. Ал оны тез әрі анық көріп, бағалаудағы Фейсбуктің атқаратын рөлі тіпті керемет. Бұрын ол үшін бірнеше басылымды қарауға, сұхбат алуға, әртүрлі адамдардың пікірін сұрауға, жиындарға қатысуға тура келер еді. Қазір болса, оқиғаның өзі, оны жұрттың қалай қабылдағаны, ол туралы негізгі пікірлер іріктеліп, айқындалып келіп көз алдыңыздан өтіп жатыр.

Мұндай жағдайда телевидение, газет-журналдың болашағы қандай деген сауал өзекті мәселеге айналуы заңды.

Мақала Фейсбук қолданушыларды жіктеп көрсем деген ойдан басталып еді. Олардың ішінен өзім байқаған негізгі типтер мен нақты тұлғалар туралы «Біздің фейсбукшілер» деп аталатын екінші бөлімде айтылатын болады.

Ержан Әбдіраман