Балгерге сену – жалған үмітке сену

Балгерге сену – жалған үмітке сену
жеке
блог

Балгерге сену – жалған үмітке сену


Балгерліктің де күні ғылым-білім дамығаннан кейін біржола батуға айналды. Ислам балгерліктің жалған екенін бұрыннан айтып келді. Ал ғылым оны тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Сондықтан да бүгінгі ғылым оккультизмді жалған ілім, табиғатта жоқ нәрсеге сену деп біледі.

Біз халқымыздың надандықтан құтылуына ерік бермей отырған ойлау жүйелерін қирату мақсатындағы мақалалар сериясын одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыбымыз сәуегейлік және сәуегейлер хақында болмақ.

Сәуегейліктің жұлдызға қарап болжау, құмалақ салу, тас тарту, карта ашу, жауырынға қарап болжау сияқты толып жатқан әдістері бар. Қазақ ондай кәсіп иелерін көбіне балгер деп атайды. Біз де түсінікті болу үшін осы атауды қолданамыз.

Балгерлік бұрынғы өркениеттердің барлығында болды. Мысалы, Қытайда құммен немесе тасбақаның қабығына қарап бал ашқан. Ежелгі гректер мен римдіктер оракул көріпкелдік жасайды деп сенген. Және де Ежелгі Римде құрбандыққа шалынған малдың бауырына қарап болжам айту дәстүрі болған. Шығыс Еуропа елдерінің сәуегейлері кофенің қоюына қарап бал ашқан. Орыс тілінде «гадание на кофейной гуще» деген тұрақты тіркес бар. Ол «ешбір негізі жоқ болжам жасау» деген мағынада қолданылады.

Заман өте келе көзі ашылған жұрт сенуден қала бастағандықтан, балгерлікті кәсіп етушілер де азайды.

Балгерге сену – ескіліктің қалдығы

Білім-ғылым келмеген уақыттарда бақсы-балгердің ел ішінде ролі мықты болды. Ол заңды да еді. Өйткені, ауруды емдеу, болашақты болжау сияқты істерде біршама білікті «мамандар» солар еді. Олар тіпті бұл қызметті белгілі бір дәуірлерге дейін адал атқарды десек, қателеспейміз. Әрине, бақсы-балгер емшілік немесе сәуегейлік жасағанда тәжірибеге, ақыл-ойға сүйенді деу қиын. Олар адамның бір жақсылыққа сенбей өмір сүре алмайтынын білді. Сөйтіп, болашақта жақсы оқиғалар күтіп тұрғанын (ол үшін тек «жолын ашып жіберу» қажеттігін) айтып, адамға сенім берді. Яғни, адам көңіл қуантатын нәрсе естігісі келеді. Әлдебір тылсым құдірет иесі болып алған балгер оның осы қалауын орындады. Ал илану (орысша айтқанда «внушение») қараңғы заманда ғана емес, ілім-білім барынша дамыған қазіргі күнде де аса қажет нәрсе.

Балгерлік оккультизммен, яғни табиғатта жоқ күшке иланумен байланысты нәрсе. Тарқатып айтсақ, ғылымға белгісіз бір күштер бар, олар аспан әлемінде немесе адамның ішінде болуы мүмкін, ондай тылсым құдіретпен «ерекше қасиеті бар адамдар» ғана байланыс жасай алады деген сенім. Астрология, сиқыршылық, бақсылық сияқтылар да сол оккультизммен байланысты.

Ислам балгерлік пен бақсылықты адам санасы мен еркінің жауы деп таниды

Алайда, негізсіз сенімнен туған өзге де түсініктер сияқты балгерліктің де күні ғылым дамығаннан кейін біржола батуға айналды. Құран балгерліктің жалған екеніне сендіріп келсе, ғылым оны тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Сондықтан да бүгінгі ғылым оккультизмді «жалған ілім, табиғатта жоқ нәрсеге сену» деп біледі.

Құранға қайшы іс ететіндерін балгерлер өздері де сезеді. Сол себепті сәуегейлігін «бісміллә» деп бастайды, Құраннан дұға оқып, Құдайды көмекке шақырады. Олардың мұнысын күнәнің ең сұмдығы деп бағаламасқа шара жоқ. Өйткені, сол әрекетімен балгер өзінің күмәнді ісіне Алланы қатыстырып қояды. Оның сол «діндарлығын» көрген жұрт та балгерлік Құдайға қызмет етудің бір түрі екен деген пікірде болады.

Балгерлік бүгінгі заманға да жетіп отыр. Оның себебі неде?

Ғылым мен техниканы дамытқан елдерде жалған ілімдерге сенушілер жоқтың қасы деуге болады. Ал сол ғылым мен техниканың жетістігін пайдаланғанымен, оның маңыздылығын жете түсінбейтін халықтарда балгерлік белгілі бір дәрежеде сақталып келеді. Оған себеп, біріншіден, дәстүршілдік. Яғни бұрынғыдан қалған, ата-бабалар сенген нәрселерге деген құрмет. Екінші себеп, адам өзінің қас дұшпаны үрейді ақыл-ойға жеңдіре алмауы. Өмірде қиындық көріп, өзіне деген сенімі азайған адамдар болады. Олар көңілге дем беретін бір үміт іздейді. Сонда көбінің баратыны – балгерлер. Өйткені, бұлар болашақта жақсылық болатынын айтады. Былай қарағанда, балгер үміт сыйлаумен болса да көмектесетін пайдалы кәсіптің адамы сияқты көрінуі мүмкін. Іс жүзінде олай емес. Балгер негізсіз, жалған үмітке жетелеп, адамды одан әрі адастырады. Ең жаманы, өзіне деген сенімнен, еркінен айырады.

Ал адам бәріне салқындылықпен қарауы, әр істі ақылмен таразылап, қиындыққа өз ерік-жігерімен қарсы тұруды үйренуі тиіс.



Бауыржан Ауғанұлы