Бас тартуға құқын жоқ!

Бас тартуға құқын жоқ!
жеке
блог

Кеше бір рухани әңгіме оқып едім қатты ұнады. Соны ортаға салайын.

Бас тартуға қақың жоқ!

 Туған жерден бас тартпа.

Егер туған жерді таңдау мүмкіндігі болса, сәбилердің бәрі салыстырмалы түрде болсын әділеттілік орнаған елді таңдар еді. Алайда, туған жерді таңдау адамның еркіндегі дүние емес. Сондықтан кіндік қаның қай жерде тамды, сол жерді жақсы көруге міндеттіміз. Мейлі ол қарбаласы көп қала болсын, мейлі адамдары қайсар да қайырымды болсын, мейлі арам да айлакер болсын, тіпті ол тарихи Отаның болмаса да туған жердің аты – туған жер! Сондықтан одан бас тартуға болмайды.

 Ата- анаңнан бас тартпа.

Егер ата-ананы таңдау мүмкіндігі болса, бала атаулы зиянды әдеттерден аулақ, жан жылуын төге білетін ата-ананы таңдар ма еді, кім білсін?! Бізде ондай мүмкіндік жоқ: ата-анаң маскүнем, мүмкіндігі шектеулі немесе жалғыз басты жан болуы да мүмкін.Ата-ананы әлеуметтік статусына қарап бағаламайды. Себебі, әкенің аты -әке, ананың аты-ана! кейде жолы болмаған жандардың «Елдің ата-анасы срндай, менің ата-анам маған жағдай жасамады» деп налып отырған кейпіне қарап «Ата-ана саған бәрін бермесе де, бәрін көруге болатын өмір сыйлады ғой!» дегің келеді. Қазіргі таңда қаншама ата-ана қарттар үйін паналап отыр?! Өмір сыйлаған жандарды қалайша тірілей өлтіруге болады?!.

 Ана тіліңнен бас тартпа.

Әр адамның ана сүтімен бойына дарыған тілі бар. Ол тіл әлем бойынша ең көп қолданылатын тілдің бірі болуы да, болмауы да мүмкін. Өмір ағыны мен заман талабына қарай үш тілді, төрт тілді меңгеруге тура келсе де, ана тіліңді ұмытып қалуға қақың жоқ! Өзге тілді білсе де, өз тілін ұмытпаған адам қандай құрметке болсын лайықты. Ал өзге жүз тілді меңгерсе де, өз тілінде сөйлей білмейтін, өз тілінде ойлай білмейтін адам – мәңгүрт. Жалғандағы  ең үлкен жалғыз бақытсыздық – мәңгүрттік шығар. Оны Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін» оқысаңыз, түсінерсіз. Ондағы кейіпкер қолдан жасалған мәңгүрттің құрбаны болса, қазіргі қоғамдағы мәңгүрттік - өз қалауымызбен таңдап алған жол! Одан өкінішті не бар?.

 

Бауыр етің – балаңнан бас тартпа.

Иә, бұл да Алланың қалауымен болатын жағдай. Алланың ғана емес, өз қалауымен бойға біткен баланы тоғыз ай бойы толғанып күткен ана құндақтаулы сәбиін перзентханаға қалдырып кете барады. Одан кейін бейкүнә сәбиді анасының ыстық құшағы емес, тастанды балаларға арналған үй күтіп алады.  Баланы жалғыз қалдыру, қалдырмау мәселесі ананың ғана емес, әкенің де бас қатыратын мәселесі. Өкінішке орай, орын алатын мұндай жағдайлардың бәріне ананы ғана кінәлі санап жатады. Шын мәнінде ешкім  ешкімді  ақтап алуға тиіс емес. Себебі, бала болашағы үшін оның пайда болуына себепші болған екі адам да жауапты. Әдетте жетім бала айналасындағы адамдарға көз салып, дүниені танып-біле бастағанда «Басқада бар ана неге менде жоқ? Басқада бар әке неге менде жоқ?  Олар қайда?» деген сұрақтардың жауабын іздей бастайды. Бір кездері керек қылмай тастап кеткен анасын жерді жеті айналса да тауып алатын балалар болады. Сондағы қалағандары – «Не үшін?» деген жалғыз сұраққа жауап алу. Өкінішке орай, ол кезде «Сен өмірге мүгедек болып келіп едің..», «Әкең тастап кетіп еді, жалғыз асырай алмадым» және тағы да басқа толып жатқан «себептер» оны ақтап ала алмайды...

Өміріңнен бас тартпа.

Сан сынақ пен бұралаң жолдары көп өмірде адасып қалып, өзіңді жапандағы жалғыз жандай сезінетін кездер болады. Оң жағына, сол жағыңа, алдыңа қарасаң да – белгісіздік, ал артыңа көз салсаң – бұлдыр сағым ғана болатын сәттер бар. Ондай кезде төмен түскен басыңды жоғары ұста, жерге қараған жүзіңді аспанға қарат: көктегі күнді – үміт сәулесін көре біл. Жылап ал, не бар даусыңмен айғайла. Қаласаң, себепсіз сықылықтап күліп ал, әйтеуір әрекетсіз қалма. Тығырықтан шығар жол ізде, тек өміріңнен бас тартпа! Өмірден аяулы, өмірден қадірлі ештеңе жоқ, себебі өмірге бір-ақ рет келіп, бір-ақ рет кетеміз...

Адамның екі туған жері, екі анасы, екі әкесі, ана сүтімен дарыған екі тілі, екі өмірі болмайды. Көзіңнің қарашығындай қорғап, жүрегінде аялап ұстау керек қастерлі ұғымдардың бәрі – жалғыз!.

 

Авторы  Зарина Долотай