Жүрекпен диалог (2 - ші бөлім)

Жүрекпен диалог (2 - ші бөлім)
жеке
блог

Махаббат деген КОКТЕЙЛЬ!

Сіздерді қайдам, өзім жүрекпен тілдескенді ұнатамын. Сол диалогтарымның бірі сонау 2009 жылы мына жазбамда жазылған еді - "Жүрекпен диалог"... Міне, араға жылдар салып, тағы да жүрегімді сөйлеттім. Өйткені, жүрек алдамайды, ол тек шындықты айтады деп сенемін...

Бұл жолы оған: «Махаббат деген не?» деген өте - мөте қызық емес, бірақ бүкіл адамзатты қызықтыратын сұрақ қойдым. Сөйтсем, жас жүрегім не деді дейсіздер ме?

Ол маған: «Махаббат деген КОКТЕЙЛЬ!» деді. Мен болсам аң - таңмын. Біраз үндемей тұрып қалдым. Сосын ол: «Иә, иә, дәл солай, коктейль!!! Неге үндемейсің?» деп сөзін жалғастырды.

Мен сасқанымнан: «МММ, мұндай жауап күтпеген едім... Неге олай дейсің, мазағың ба?» дедім мен бұртиып.

Сонда жүрегім екі аяғын айқастырып, қолдарымен әрі - бері сермеп, дауыстап тұрып, сөздің мәнін түсіндіріп берді:

«Жанның Саясы - ау, әңгіме былай... Мен саған коктейльді дайындаудың тәсілін айтып берейін, ал қалғанын өзің түсініп аларсың!

Бірінші, «сенім» деген  жабысса кетпейтін бір  жігіт бар, соны аласың да, «достық» деген  сүйкімді қызбен араластырасың... Сонда екеуі қайнап қызғылт сары түске боялады. Оған кішкене қышқыл дәм мен қызыл түсті бояу  қосу үшін, пайда болған сұйықтыққа «қызғаныш» деген кәрі және мұздай апай бар, соны қосасың. Ол мылжыңдап, шулап, айғайлап, әйтеуір коктейльді дәмді қылады... Бірақ, есіңде сақта! Коктейльді екі жас бірге араластыруы керек. Оның дәмділігі мен түсінің қызылдығы қос ғашықтың  ниеті мен имандылығына тікелей байланысты болады. Ал, егер коктейльді бір қана адам араластырса, ол жауапсыз махаббат болады.

Айтпақшы, бұл коктейль әбден араласып болған соң, сүтті коктейль шығады. Ол сендердің ұрпақтарың...

Тағы да бір ескерту! Егер сенім, достық немесе қызғаныштың біреуі болмаса, коктейль дәмсіз болып қалады, яғни ұзаққа бармас, тез ашып кетеді. Ал, егер коктейль тек қызғаныштан жасалса, ол бар болғаны құштарлық. Енді түсіндің бе?» деді маған жүрегім сұқ саусағын жоғарыға көтеріп!

Мен: «Иә, иә түсіндім! Сірә, коктейльді жақсы көресің - ау?» дедім қалжыңдап.

Жүрегім: «Жаным - ау, біз ішпейміз ғой, өйткені, Алладан қорқамыз. Сондықтан, біздің коктейліміз АЛКОГОЛЬСІЗ!» деді ол да жымиып...

Мен: «Ендеше, дайындап көреміз бе?!!!» ...