Ашаршылық туралы кітап

Ашаршылық туралы кітап
жеке
блог

Өткен жылдың күзінде фейсбук әлеуметтік желісінен Валерий Михайловтың қазақшаға аударылған «Ғаламат жұт шежіресі» деген кітабы шыққалы жатырғанын бірнеше жазбадан көрдім. Көп уақыт өтпей ашаршылық туралы бір конференцияда «Ғаламат жұт шежіресін» Еренғайып ағаның қолынан алдым. Автор алпыс жылдан астам уақыт бойы жабық болған ашаршылық тақырыбына алғаш қалам тартқан Қазақстан жазушыларының бірі. Ол 1992 жылы қазақ тілінде «Ұлы жұттың жазбалары» деген кітабы жарық көрген екен. Кейін толықтырып 2008 жылы орыс тілінде қайтадан шығарылған. Ал қолыма тиген кітап осы соңғы нұсқасының негізінде ықшамдап аударылған екен. Аудармашы – Ғұсман Жандыбаев. «Мектеп» баспасынан жарық көрген кітап өткен тарихына жайбарақат қарай алмайтын әрбір қазақ баласы үшін айтары мол.

Сонымен кітап несімен құнды? Нақты не айтылады? Осыған көшейік. Кітап Ғ.Қайырбеков пен Ғ.Мүсіреповтың ашаршылық жылдар туралы естелігінен басталады. Одан соң Ф.И.Голощекиннің жастық шағынан бастап Қазақстанға келуіне дейінгі өмірі әр түрлі дәлелдермен толығырақ жазылуы қандықол Голощекиннің болмысы мен мінезін ашықтай түседі. Кіші Октябрь деп оқыранған Голощекиннің үкімет басындағы халыққа шын жанашыр ұлдарын қалай ысырғаны да әр түрлі жиындардағы сөздер арқылы айтылады. Кітаптың жарты бөлігін алып отырған Голощекин туралы әңгімелер мені кішкене жалықтырды.

Кітапта ашаршылық туралы сөздер болғанда көп ескеріле бермейтін «бесеудің хаты» да келтірілген. 1937 жылы хатқа қол қойғандардың бірі, «мен халық жауларының жауымын» деген Мансұр Ғатауллиннің ерлігіне тәнті болдым.

Содан соң зұлматты жылдады көзі көрген адамдардың естеліктері беріледі. Кітаптың ең әсерлі жері де осы бөлігі. Атап айтар болсақ, Павлодар ауданындағы саяси жер аударылған бес адамның хаты, он тоғыз жасар Татьяна Невадовскаяның жүргізген күнделік дәптері, т.б.. Татьянаның «Қазақстандағы қасірет» деген тақырып қойылған дәптерінде ашаршылықты әшкерелейтін әуесқойлықпен түсірілген күңгірт фотосуреттер мен көлемді өлең жолдары болған. Кітапта сол өлеңнің қазақша аудармасы жазылған. Ол: «қазақтардың қазіргі ұрпақтары аштықтан өлген адамдарды, балаларды, қарттарды және адамдары кетіп, құлазып бос қалған қыстақтар мен ауылдарды, далада үсікке ұшырағандар мен ауруға шалдыққандарды ұмытпаса екен деп тілеймін...» дейді. Шынымен солай ма? Ұмытпақ түгіл, кейбір замандастарымыз ұлтымыздың басына туған зұлматты жылдарды білгісі де келмейді. Бейне бір аспаннан салбырап түскендей...

Қазіргі кездегі ашаршылық туралы деректі фильмдердегі көптеген мәліметтер осы кітаптан алынғанын байқадым. Адам жеу фактілері де кітапта көптеп келтірілген.

Бірақ аударма жақсы шықты  деп айта алмаймын. Аударманың әлсіздігінен кітап мазмұнын сақтаса да тартымдылығын жоғалтып тұрғандай.

Егер авторының кім екенін білмей оқысаңыздар, кітапты ұлтшыл қазақ жазды деп ойлап қалуларыңыз бек мүмкін. Сол үшін де ұлтымыздың жоғын жоқтап, кітап жазған авторға мың иіліп алғыс білдіруге бармын.