Блогқа не жазуға болады?

Блогқа не жазуға болады?
жеке
блог

Бұл сұраққа біразымыз бас қатыратынымыз анық. ҚазНетте блогшы дейтіндер саусақпен санарлық, тіпті "Нағыз блогшы деп кімді атайсыз?" дегенге біраз күмілжіп қалатынымыз бар. Дегенмен, блогшы болуға әркімнің мүмкіндігі бар екенін ескере отырып, Массагеттің блогшыларына блогқа не жазу керектігі туралы бірер кеңес беріп өткім келеді. (Оқылымды блог жазудың қулықтары туралы мына жерде де жазып өткен болатынмын).

Ең бастысы - шынайылық. Ең бастысы жазбаңыз нанымды, шынайы шыққаны дұрыс. Өзіңізді құрбандыққа шалудан қорықпаңыз. "Мен мынаны жарияласам, маған деген көзқарас өзгеріп кете ме?" деген сұраққа бас қатырмаған дұрыс дер едім. Не айтқыңыз келеді, бәрін шынайы түрде ақтарып тастаңыз. Оқырман сіздің бұл шынайылығыңызды бірден байқайды.

Өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Қандай тақырып жаныңызға жақын? Нені бәрінен де жақсы білесіз? Өзіңіз түптеп тереңнен білмейтін мәселені әу бастан қозғамай-ақ қойған жөн.

Көбіне адам кез келген жазбадан өзін көргісі келеді. Өзі туралы көп айтқанды қалайды. Массагеттегі Өзім туралы кезексөзінің басқа кезексөздерге қарағанда ерекше қарқынмен белсенді түрде жүргенінің себебі осы болса керек. Мінез, болмыс, адам туралы жазбалар ерекше оқылады. Өзіңіз жайлы айтқанда, оқырманыңызды ұмытпағаныңыз жөн. Оқырманды әңгімеңізге араластыра отырыңыз. Оқырман жазбаңызды оқып отырып, өзінің басындағы соған ұқсас нәрсені есіне түсірсе, мақсатыңызға жеткеніңіз.

Жарқ еткен жаңалықтан хабардар болып отырыңыз. Қоғамда қандай мәселе өзекті? Сіз үшін дәл қазір қандай мәселе өзекті болып тұр? (Ол мүмкін жетім балалардың тағдыры немесе кешегі дәрістегі группаласыңның қылығы болуы мүмкін). Бүгін қандай күн, осы күнге байланысты қандай естеліктеріңіз бар? Бұлар да оқырманды қызықтыратыны сөзсіз. Таласты тақырыптарды ортаға тастаудан қорықпаңыз. 

Ең көп ізделетін сөз - махаббат. Адамзат махаббат туралы жазбалардан жалыққан емес, жалықпайды да. Дегенмен, бұл тақырыпқа өзіндік ерекшелігіңізбен келгеніңіз жөн. 

Түсінікті, қарапайым тілмен жазыңыз. Қарапайымдылық - қарабайырлық емес. Блог - көркем шығарма бола алмайды. Блогыңызға көркем шығарма жариялап жүрсеңіз, демек жазып жүргеніңіз блог емес. Блог - онлайн күнделік. Блог әркімнің жеке әлемі. Сондықтан интернет тілімен жазғаныңыз дұрыс дер едім. Тағы да айтып өтейін, қатесіз жазуға тырысып баққаныңыз жөн. 

Блог жазуға жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ол үшін өзіңізді селт еткізген жағдайларды түртіп алып отырыңыз. Кез келген жаңа ой келе қалса да, кейін ұмытып қалмас үшін бір жерге жазып алғаныңыз дұрыс. 

Блогым оқылмай қалады-ау, маған ешкім пікір жазбай қояды-ау деген блогшыға тән қорқыныштан айтар ойды іркіп қалған да дұрыс емес. Әркімнің талғамы әртүрлі. Мыңдаған оқырманның ішінен өзіңізбен ойы үндес адамдардың табылатыны сөзсіз! :)  

Сөз соңында Ұшқын сіздерге сәттілік тілейді! :) 

Сіздің ойыңызша, блогқа тағы не жазуға болады?

Сурет: diary.ru