Нағима

Нағима
жеке
блог

Түсіме Нағима кіріп жүр...«Тағы кірді» демей-ақ қояйын.Бірінші рет кірді түсіме. Бәлкім соңғы рет… Бота көзі мөлдіреп маған қарап тұр екен деймін. Тура өмірдегідей. Көзқарасын айтамын. Ондай көзді кейін мен кездестірмедім. Жә, басынан бастайын.«Нағимасы кім, Есқалиева ма?» деген сауалдар мазалап өткен болар оқыған жанды.
 Ол кезде мен баламын. 92-93- ші жылдар шамасы. Жайлаудамыз. Қарасудың бойы. Көрші жайлаудан, яғни Бесқауғада отырған Жақан атты малшыдан бізге бір тайынша ауысып келді. Шатысып кеткен түгіміз жоқ, айырбастап алдық. Сол тайынша біздің қорамыздағы өзі құралпылас тайыншалардан ірі болатын. Үлкен денесіне жараспайтын киіктің басындай кішкене басы бар. Көзі… Енді, ондай көз тек боталарда бар шығар. Ірілігіне қарап біз оған «Нағима» деп ат қойдық.  Содан Нағима құнажын шықты. Дөнежінге өткен жылы бұзаулады. Армандап жүрген бұзауымыз болған соң «Арманай»деп (ұрғашы бұзау) атадық.Нағиманың бір ерекшелігі қаншама жыл төлдеді, қаншама бұқа ауысты, барлық бұзауының көзі өзінің көзіндей сиыр малына тән емес бота көз болушы еді.
Нағима дәәәәу сиыр болды.Табын сиырдың ішінде түйедей болып алыстан көрінуші еді. Жеңгемнің салған бақшасының жауы болды. Қоршап қойған торкөз сымдардан жәй ғана аттап кете салушы еді. «Обратка» сүттерді (көк сүт, сеператорджан өткен сүт, ол кезде ешкім ірімшік жасап сату дегенді білмейтін ауыл жақта) бір өзі ішуші еді астаудан. Кей жылдары 18ге дейін сауын сиырын сауатынбыз.Осылардан шыққан сүттің обраткісін өзі жалғыз ішуші еді. Ол кезде басқа ағаларым үйленбеген.Жеңгеме сиыр сауып көмектесетінмін. Басқа сиырлардың барлығын сауа алғаныммен Нағиманы сауа алмайтынмын.Желіні уысыма симаушы еді. Ондай сүтті сиырды содан кейін көрмеппін. 13-15 летірге дейін сүт беруші еді. Кейін жылдар өте қартая бастаған соң күздікке кетті жарықтық. Еті үш үйлі жанға жетті ғой.