Қыздың жолы жіңішке

Қыздың жолы жіңішке
жеке
блог

Жүрегіме батып, жанымды ауыртатын жайт бар... Кеше бір құрбыма хабарласқам. Студент кезімізде бірге жүріп, бір дастарханнан тамақ ішіп, біраз нәрсені бірге көрген құрбым ғой. Өзі бір тік мінезділеу келген, бірбеткей қыз еді. Тұрмыс құрыпты. Мамасы сәл ауыратын. "Мамаң қалай?" деп сұрадым әңгіме арасында. "Жақында зейнетке шығады" деп қалды. Мамасы жап-жас, зейнетке шығады дегені несі? Сөйтсем, енесін айтып тұр екен құрбым. "Жоғи, өз мамаң деймін!" Дауысым қатқылдау шықты. "Енем де өз мамам ғой..."

Менің де мамам әлгінде ауырды. Қазір аман-есен. Шүкір. Бір сәт дүние құрғырдың бәріне қол сілтеп, туу Оралдың бір түкпіріндегі шағын ауылыма тартып-ақ кеткім келді. Күл болмаса, бүл болсын. Анам ауырып жатып, мені ойлады: "Жоқ, құлыным, сауығам ғой... Жұмысыңнан қалма..."

"Қыз деген осы ғой... Жат жұрттық..."

Бұл да мамамның айтқаны. Әпкем тұрмыс құрғанда айтқан. Осындай кезде "Қыздың жолы жіңішке" деген сөздің растығына көзің жете түседі екен. Шындыққа тура қарайықшы... Мектеп бітіресің, оқу оқисың, жұмыс істейсің, сосын тұрмысқа шығасың. Сонда өмір бойы қатты айтсам кешірерсіздер, өзге біреудің ата-анасын бағып-қағу үшін дайындаламыз ба? Өзіміздің ата-анамыз ше? Олар қартайғанда кім қарайласады? Мәселен, ұлы жоқ шаңырақта қыздың бәрі жат жұртқа кетсе... Әділ емес! Мүлде әділ емес! Табиғаттың заңы да, қазақтың дәстүрі де әділ емес!

Қазақ бір ұзатылған қыз төркініне қайтып келе бермеуі керек дейді... Ағам да сөйдеп отырады. "Қайтып келген қыз жаман, келсеңдер жұптарыңмен бірге келіңдер, қарындастарым..." 

Тірлік толқынына жұтылып, біз нағыз асылымыздың қадіріне жете бермейді екенбіз. Нағыз қадірлі адамдардың қасынан табылудың орнына... Бұл неғылған шарасыздық! Бәрі бір қу дүние үшін бе?!! Қусаң да жеткізбей, көзді арбайтын қу дүние-ай... 

Аяулы анашым менің...