Сыр елі

Сыр елі
жеке
блог

Көмейден төгіп бұрқанған жырды,

Сағымға бөккен даланы ұйыттың.

Шындаса жасап Сұлтаннан құлды,

Бағасын берген дара биіктің.

 

Еліме келсең еңсе бүгіп тым,

Құйма құлақты шайырға салғын.

Ұмытылмайтын келсе де ұмытқың,

Шәмші ағам жазған қайырмасы әннің.

 

Толқының қайда бағаңды асырған?

 Арқаңды түсті-ау жайдың оты өріп.

Көз жасындай боп жанарда тұнған,

Аралым жатыр қайғы көтеріп.

 

Жырына қосқан Нұртуған бабам,

Ақ айдын едің айбының асқан.

Қайтадан тулап тартылған жағаң,

Арылар қашан қайғы-мұң бастан.

 

Құндағына алып «Барсакелмесім»,

Құмдағы жүйрік құлан баласын.

Кешегі күннің аңсап елесін,

Тұнжырап жатыр Тұран даласы.

 

Жағасын Сырдың созыла жайлап,

Жақсылық күткен жұрты қайраннан.

Қазалым жатыр қазыналы аймақ,

Түп қазығына құты байланған.

 

Ұйыған сүттей елдің бірлігі,

Оң назар салып қарасын Аллам.

Байқоңыр жатыр жердің кіндігі,

Аспан мен жердің арасын жалғап.

 

Қыр жақтың ессе кешке самалы,

Ойпаңнан шығар Оғыздың мұңы.

Кешегімізді еске салады,

Қорқыттан қалған қобыздың үні.

 

Жыраулар үнін ұрлаған көкке,

Сары далам жатыр жанарын тігіп.

Тәлім тыңдасаң Тұрмағанбеттен,

Қаның тулайды, сана бұлқынып.

 

Бұқарбай,Сәрке мұқым қазақтың,

Баһадүрлері балар асылға.

Қаһары қашырып құтын тозақтың,

Тыныстап жатыр Жалағашымда.

 

Жаратқан салған жалқы назарын,

Айрықша тұрсың артықтығыңмен.

Байтақтан озып Балқы Базарым,

Балқытқан бойды барқыт жырымен.

 

Шайыры жазған марқайтып өлең,

Сөздері жүйрік жебеге жеткен.

Асқар мен Нағи,Қалтай түлеген,

Құндағы текті Тереңөзектен.

 

Қонақ боп келсең Шиеліге сен,

Қайтарсың елге тарқай құмарың.

Тербейді жырмен киелі мекен,

Қаратау салып Нартайдың әнін.

 

Шежіре уақыт қамығуда ойдан,

Қасіретін көрген қамал орданың.

Тарихы терең тамырын жайған,

Абыздар туған Жаңақорғаным.

 

Аңқылдап жатқан ақмаржанды елім,

Пейілмен тартқан кеусенін күздің.

Тереңнен сөздің ақтарған кенін,

Сөзге суарып семсерін жырдың.

 

Жаһанға тыңдатқан жүрек үндерін,

Жаралған жұртының жаны жасыннан.

Осындай міне Сыр елім менің,

Барша қазақтың бағын асырған.