Менің махаббатым (эстафета)

Менің махаббатым  (эстафета)
жеке
блог

       Сенбі күні жұмыста тау боп үйілген қағаздан  басымды көтеріп, агентке көз салсам, Анардан хат келіп тұр екен. «Жанат саған эстафета таяқшасын ұсынғанын білесің бе?»- деп сұрады. Мен сол сәтте Массагетке кіріп, Жанаттың жазбасын іздей бастадым. Сайқа кірмегеніме 3 күн болып қалыпты… Жұмыс бабымен жүріп, қолым тимеді шыны керек. 

       Эстафета таяқшасын маған ұсынған Жанатқа рахмет. Алдында біраз ойландым, эстафетаның мән-мағынасын жете түсінбедім.  «Менің махаббатым» — жансыз зат  туралы ма, әлде сүйген адамым  туралы жазу керек пе деген сұрақ туды. Массагетке қайта кіріп, жазбаларға көз жүгірттім. Айжан Табын: "кәдімгі ойыншық, қос алақанға сыйып кететін кішкентай ғана ақ кқонжық менің нағыз махаббатым"  депті.  Жанат болса эстафета арқылы Айконаға өз сезімін білдіріпті, одан Массагетті жақсы көретіндігін айқындапты. Сонымен бастайын... ең алғашқы махаббатымнан  

                           Ғашық болу азап екен, мұң екен,          ...

          Мазасыз күн, ұйқы шала түн екен.

       Түніменен сүйгенімді ойлаймын

Сол сүйгенім мені де ойлап жүр ме екен?

     Менің алғашқы махаббатым – Мади есімді бала. Ол кезде мен небәрі 5 жасымда едім. Әрине, ол шын махаббат емес, бірақ әйтеуір сол әдемі бала маған қатты ұнайтын. ..  Одан кейін мектеп қабырғасында 7- 8 сынып оқып жүрген кезімде бір балаға ғашық болдым. Оны көрсем,  жүрегім дүрс-дүрс ететін, күлкісін көрсем, еріп кететін халде болдым.  Көрмеген күнім торлы аспан кейпіне ұшырайтын, жаным дауылдан қорғана алмай, қиналатын. Ал, оны көрген сәттен бастап, аспан көк түске боялып, жүрегім жанып-ұшып, себепсіз қиялға көшетін еді.  Эх… шіркін! Қазір есіме түсірсем, жүзіме жылу ұялайды. Балалық махаббат қой… сөнді де қалды...

...

      Махаббатсыз – бұл өмірді елестете алмаймын. Махаббат сезімі  жүректі  өртеп,  жанды тебірентер акыңдар жырлағандай мәңгі  өшпес сезім. Мен  МАХАББАТ деп аталатын шынашақтай құс жұрегіме ұялаған жандардың бірімін.  Сол себепті де, мен бірін-бірі сүйіп, жарасып жүргендерді де, жүректері қалап тұрса да, тағдырдың тәлкегімен қосыла алмай жүргендерді де түсінемін. Олардың басынан өткерген қуанышты сәттері мен мұңды мезеттері мен үшін жат емес. Біреуді жан тәніңмен беріліп сүю, дүниеге көзқарасыңды өзгертіп, ойыңды нұрландырып жіберері сөзсіз.

    Күз. Ымырт, Астана 

   Көкжиектен етбеттей батқан күннің қызыл-сары шапағы ғана қара қошқыл аспанды болар-болмас аймалап тұр. Сәлден соң ол да жоғалып, теріскейден жеткен қою бұлт Астананың аспанын  көмкеріп алды. 

     Сіркіреп жауған ақ нөсер жас шаhарға басқаша реңк беріп тұр. Еркелей аққан Есілдің сыңғырлы үні де бүгін ерекше. Әдеттегідей сылқым ағыс емес... 
   Дәл сол күні, дәл сол жаңбыр жауып тұрған кезде мен  аққұба келген, ұзын бойлы жігітпен таныстым. Дәл сол күзде  жүрегіме ұлы сезім ұялап,махаббат гүлі бүр жарды. 
..
   
     Күздің қара суық күндері басталған махаббат жаздын жайдары кештеріне де келіп жетті. Осылайша бақытты күндер сынаптай сырғып,арада үш күзді өткізді. Күздегі сағынышқа толы сезімдер,қыста ақ арманды арқалаған хаттарға ұласты. Ол жігіт астаналық емес, басқа қалада тұрғандықтан кездесіп жүрген кездеріміз аз болатұғын. Агент арқылы бір-бірімізге сағынышқа толы сөздер, махаббат өлеңдерін жолдап, бір-бірімізге сыр ақтарып жүрген кездер баршылық...

..
    Мәнді махаббат — сәнді өмірге апарар тура жол. Ендеше өмірде бірін-бірі сүйген жұптар, айнымас асыл қасиетті адамдар, баянды махаббат мол болғай! Махаббатты мәңгі  аялап өтейік, бұл сезімнің  қадіріне жете алмай жарты жолда қалғандар да бар,  сондықтан да қамшының  сабындай қысқа  ғұмырда бір — бірімізге деген сүйіспеншілік, махаббат сезімін жасырмай, сүйген адамға білдіре білу  керек!  Шың  сүю бақытын бағалаңдар!  

..

Махаббат деген – алау ғой жанып лаулаған,
Ғашықтардың жүректерін баураған.
Махаббат деген – ол көгілдір аспан ғой,
Күн батқанда, ғашықтардың жұлдыздары жайнаған.

Аялайық, әрқашан асыл сезімді,
Махаббатқа болу керек төзімді.
Махаббат жайлы ойымды жырға қостым мен,
Осыменен аяқтайын сөзімді.   

P.S. Эстафета таяқшасын Луизаға бергім келіп отыр. Қағып ал, Луиза  ;)