Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Махаббат хикаясы. Диляй және Шахо.

Махаббат хикаясы. Диляй және Шахо.

Махаббат хикаясы. Диляй және Шахо.

Сәлем достар. Алғашқы жазбамды махаббат туралы жазудан бастаймын.

Баяғы өткен заманда, байлығымен, күшімен даңқы шыққан дүниеде бір хан болыпты. Оның бірінен бірі сымбатты жеті ұлы бар екен. Алайда, хан құдіретті күшті Аллаға күндіз-түні жалбарынып, бір қыз балаға зар болыпты. Ол құдіретті күшті Аллаға жалбарына отырып:
- Егер әйелім қыз тапса, оны мен еркек көзі түспейтін жерде өсіремін. Көруге әрекеттенгенді аямай жазалайтын боламын. Егер де қызыма ұнаған адам ебін тауып бара қалса, оны сол жүрегі түкті адамға ғана қосамын, - депті.
Не істеймін десе құдіретті Алланың еркінде емес пе! Ұлы ханның әйелі екіқабат болып тоғыз ай, тоғыз күн, тоғыз сағаттан кейін бір қыз тауыпты. Оның атын Шахо қойды...
Хан өте қуанды. Бірақ әйеліне, қызметшілеріне нәрестені ешкімге көрсетпе деп бұйырады. Егер оны біреу көріп қалса, барлығын жазалайтынын қатал ескертеді. Ханның көңілі мұнымен де көншімейді. Ол қызметшілеріне биік дуалды тамаша сарай салындар, биіктігі сондай, ешкім сол дуалдан асып түсе алмайтын болсын, дейді.
Көп ұзамай қала маңында күмбезі көк тіреген ғажап жаңа сарай салынады.
Аулаға тамаша бақ отырғызылып, тұнық суларына ғажайып балықтар жіберіледі, сол бақтың ортасындағы жиырма адамның құшағы жетпейтін жуан кәрі ағаштың басына тамаша орын - Шахоға тақ жасалады.
Қызбен бірге сарайда оның қырық құрдас қыздары тұратын болады. Сұлу Шахо олармен еш мұң - мұқтаждық көрмей алаңсыз ойнайды.
Хан сарайдың есігін өз қолымен мықтап жабады. Есіктің кілтін кішкентай жәшікке салып, оны құпия жерде сақтайды.
Уақыт өтіп жатады. Шахо күн сайын әдемілене береді. Оның сұлулығы сондай, судағы сәулесін көрген құстар да сүйсіне қарасады. Үлбіреген денесі роза гүлінің уылжыған жапырағындай, мөлдіреген қара көзі қарақаттай, иілген жіңішке қара қасы жаңа туған айдай болатын.
Шахо күн сайын ұйқысынан тұрысымен бақта, хош иісті гүлдер арасында не әнші құстардың сайрағанын, не қызметшілерінің әңгімесін тыңдап, демалады.
Осы кезде даңқты Қандағар қаласында әйгілі ұры, сымбатты сауыққой Диляй деген тұратын. Ол туралы қарттар: Егер Алла Тағала мысыққа қанат берсе, ол құстың тумаған жұмыртқасын да ұрлап әкететін болар еді, - деп күлетін. Бірақ кейінгі кезде Диляй базарға шыққанда: Мен кейде бай, кейде жарлымын. Не үйім, не әйелім жоқ, жалғызбын, - деп қайғыратын еді.
Тіпті түнгі көрген түсінде де ол отау, үй жайы тұрмыс туралы арман ететін. Шөлдегеннің түсіне су кіреді, - деп халық тегін айтпаған ғой.
Диляй ұақ уақыт қиялдады. Ол ханның май гүліндей сұлу қызы бар деп естіген еді, егер де мен оның сарайына барсам ше? - деген батыл ойға келіп тіреледі ақыры.
Айтып қана қоймай, айтқаның істей білген ғана еркек. Міне, түн қараңғылығын жамылған Диляй қыз сарайына келеді.
Ол сарайды айналып көп жүрді, оған құр қол кіруге болмайтынына көзі жетті. Соңдықтан ол Қандағарға қайта келіп, ұзын арқан алып, таң сібірлеп, тау бастары қызыл - күреңдене бергенде, қайтадан қыз сарайынын биік дуалының түбіне келеді.
Диляй арқанды биік дуалдың сүйір өркешіне тастап жіберіп, ақырын жоғары көтерілді. Дуал ішіне білдірмей түсіп, гүлденген бақтың ішінен бір-ақ шықты. Айнала қарап, бір жуан қыыл талға көзі түскен ол соның бұтақтары арасына жасырынайын деп ойлады.
Кешікпей таң да атты. Қыздар да оянды, сонсоң олар Шахомен бірге қызыл талдың иілген жапырағынын астында отырысып, біріне-бірі көрген түстерін айтты.
Ұзақ күн осылай өтті. Диляй қызыл талдың жапырағының астында Шахоның сұлулығына құмары қанбай қараумен болды.
Қыздар тарап, Шахо жалғыз қалғаннан кейін, Диляй оған хат жазды:
Сүйіктім, сені көргенде менің жүрегімде махаббат оты тұтанды. Шөл далада жолаушылардың сусыз өмір сүре алмайтын сияқты, менде сенсіз өмір сүруім мүмкін емес. Маған көп қамығуға тура келді. Сенсіз өмір сүруден гөрі өлгенімнің артық екенің мен енді түсіндім. Көзімнің қарашығындай көріктім, Шахо, сен мені сүйесін бе? жауап берші.
Диляй осылай хат жазып, төмен отырған қыздың аяғының үстіне тастады. Ол хатты оқып өте таң қалды.
Таңдаңған қыз:
Егер ешкімді көрмесем, мен оған не сүйемін, не сүймеймін деп қалай айтамын? - деп жан-жағына қарады. Бір кезде оның көзі айнадай жарқыраған судың бетіне түсті. Сасып қалған Шахоның даусы да шығып кетті. Судан тамаша көздері өзіне қадалған бейтаныс адамның жүзін көрді.
Қысылғандықтан Шахоның нәзік өңі бозарып сала берді. Өзіне күлімдей қарап отырған көркем жас жігіттен ұялып, қайта қарауға батылы бармады. Бір кезде Шахоға су бетінен емес, әлдеқайда жоғары жақтан бір дауыс естілді:
Көрікті өмір гүлі, Шахо жаным.
Сен болдың өмірімде таңдағаным.
Қара көз, қиғаш қасты дидарынды,
Көргенде көңіл толқып, тулар қаным.
Күтемін ұзақ түнде кірпік ілмей,
Мені ая, жауап бер кешіктірмей.
Көрікті өмір гүлі, Шахо жаным.
Сырын аш жүрегіннің бір іркілмей.
Шахо қысылып қалды. Танымайтын тамаша жас жігітке не деп жауап қайтаруды білмеді. Бірнеше минут өтті, ал Шахо әлі үнсіз отыр.
Диляйдің кеудесін шер кернеді. Ағаштан қарғып түсіп, иығы салбырап дуалға қарай жөнелді. Арқанмен ақырын жоғары көтерілген ол, Шахоға қарап тұрып:
- Қымбатты Шахо, қош бол. Енді өмір бойы көріспеспіз. Сен менің жүрегіме махаббат отын жақтың, енді мен сенсіз өмір сүре алмаспын... - дейді.
Тамаша жас жігіт кетіп қалар, енді қайтіп оралмас деп шошынған Шахо оған көз тастап, естілер-естілмес дауыспен:
- О, бейтаныс адам, мен сені сүйемін, - дейді. Бұл сөзді естігенде Диляй қуанғанынан дуалдан құлап кете жаздайды. Өзін ұмытқан ол бар даусымен:
- Қымбаттым, күт мені! Мен сені іздеп келемін, илан менің сөзіме,-деп айқайлап жібереді.
Осы сөздерден кейін көңілін қуаныш билеген Диляй дуалдан қарғып түсіп, Қандағарға баратын жолмен кетіп бара жатады.
Қуаныш соңынан әрқашан да үрейлі ойлар оралатыны бар емес пе.
Мен кедеймін, - деп ойлады Диляй. Оның әкесіне, құдіретті ұлы ханға қалай бармақпын?
Ақыры ол ойын: Индияға барайын, өз өмірімде ақырғы рет көп алтын, қымбатты заттар ұрлап, Шахомен мұқтажсыз, бақытты өмір сүрудің қамын ойлаймын, - деп қорытады.
Сөйтіп Диляй қала қақпасына жетпей, басқа жаққа бет алып, Индияға жүріп кетеді.
Диляй құдіретті Акбар елінің орталық үлкен қаласына жеткенге дейін талай-талай жолдарды басып өтеді.
Қалың топқа араласқан Диляй байқап, құлақ тігумен болады. Оның отты көздері көргендерін жазбай аңғарып, есіне сақтайды. Диляй түнде күзетшілердің көзін ала беріп, патша сарайына келіп, қалың темірмен қаптаған жасырып есікті тауып ашып, патша қазынасына кіреді. Ол асыл тастарды, құйма алтындарды қойны-қоншына, қалталарына көтергенше тығып алғаннан кейін сарайдан шығудың қамын ойлайды.
Бірақ Диляй есіктен шықпақшы болғанда, күзетшілер оны көріп қалады. Ұзақ қуып жүріп, ақыры ұстайды. Қолын артына байлап, қарт уәзірге алып келеді:
- А, оңбаған! - деп ақырады уәзір. Арам ниетті ұры, қазынаны ұрлағысы келгенің қарашы мұның.
- Жығылған сүрінгенге күледі деген, - деп Диляй оны келемеждей бастады. Мен сенен асқан ұры емеспін!
Бұл сөзде уәзірді қатты ашуландырады. Сол жерде ол Диляйды үш жылға түрмеге жапқызып, содан кейін ең ауыр жазамен өлтірілсін, - деп бұйырады.
...Бұл кездерде өзінің сүйген жарын қандай ауыр жағдайға кездескенін білмейтін Шахо сұлу оны күндіз-түні ойлаумен болады.
Бір күні хан Шахоға келгенде, оған қызы:
- Әке, мен өмірі жұрт дегеннің не екенің көрмей өстім. Мені сарайдан босатыныз, мүлде зерігіп кеттім, - дейді.
Қызының кесір сөздерін естіп, хан бұлқан-талқан болып ашуланады да күзетшілер санын бұрынғыдан да көбейтіп, сарайдың есігіне бұрынғыдан да үлкен ауыр құлып салғызады.
Шахо зарлап жыласа да ештене істей алмайды. Сонымен қайғы - қасірет, зарыға күту үстінде бақандай екі жыл өтеді.
Бір кезде Шахо сүйген жарының жасырынған жерін көрейін деп қызыл талға шықпақшы болады. Ол қызыл талға өрмелеп, бірте-бірте жоғары көтеріле береді, ақырында оның көз алдынан тамаша көрініс ашылады:
алыста көз жеткісіз кең дала бар екен, оның шеті сонау көкжиекпен астасып жатыр. Онан әрі, әлдеқайда алыста, қарлы басын көкке созған қомақты, биік таулар көрінеді. Шығып келе жатқан күнге бастарын иіп, тәжім еткендей, далада маңғаздана басып бара жатқан түйелер. Мүмкін сүйіктімнің қайда екенің осы жолаушылардың бірі білетін шығар деп қамыға ойлаған қыз керуеншілердің соңынан ұзақ уақыт қарап тұрады.
Шахо ағаш басынан көзінің жасы көз болып түседі. Қызметшілер арасында ханшасымен бірге қайғырып, бірге күрсінетін бір мейірімді қыз бар болатын. Даусының жақсылығымен атағы шыққан сол қыз, Шахоға әндетіп:
Мезгіл жетсе қызыл гүл өнер,
Мезгіл жетсе көз жасы кебер.
Көктемде барлық жан оянып,
Көктемде сүйген жігітін келер.
Қайғырма бекер мүлде өзің,
Қуана қарсы ал күн көзін! - дейді.
Жаз шіркін өте тез өтеді,
Гүл солып жапырақ түседі.
Жетсе де ызғарлы күз келіп,
Тыйылмас көз жасым өзгеріп, - деп Шахо оған жауап береді.
Сонда қыз күлімсіреп ханшасына былай дейді:
Қыс өтер, тағы да жаз келер.
Тияр ол, құрғатар көз жасын.
Көктемде сүйікті жар келер.
Бақытқа бөленер бір басын.
Шахо қызметші қызының сөзіне иланып , көңілі біраз жай тапқандай болады. Сүйген жарының келуін енді бұрынғыдан да бетер төзімділікпен күте түседі.
Осы кезде Диляй құдіретті Акбардың абақтысында үшінші жыл жатады, оны жазалауға бірнеше айлар ғана қалады.
Диляймен бірге тұтқында зарыққан қандағарлық бір пақыр да бар екен. Диляй сол қартпен достасып кетеді. Ақыры пақыр тұтқыннан босатылып, қуанышы қойнына сыймай, туған жеріне қайтады. Онымен бірге Диляйдің Шахоға жазған хаты да кетеді.
Қарт Қандағарға кірмей тұрып, Шахоның сарайын іздеп тауып алады. Қайыршы адам болып келіп, қайыр сұрап оның есігін қағады. Есік саңылауланып қана ашылады, Шахо қызметшілері келіп:
- Жолаушы, сен кімсін, саған не керек? - дейді. Қарт айналасына абайлап бір қарап алып хатты беріп:
- Шахоға беріңіз, - дейді. Бұл Диляйдің хаты.
Қызметшілері қуанып, Шахоға жүгіріп келеді. Ол қартқа алғыс айтып, ақша беріңдер дейді. Хатты оқып шыққан Шахо егіл-тегіл болып, зар илеп жылайды. Онда мынадай сөздер жазылған екен:
Сүйіктім Шахо! Мен Акбар патшаның абақтысында сарғайып жатырмын. Жазалануыма ай жарымдай ғана уақыт қалды. Мен бақытымыз туралы ойлаған едім, ақыры осылай болды. Кешір, сүйіктім, өлер алдында өзінді ойлап өлермін!
Шахо Аллаға жалбарынып, өлген әкесінің орнына патша болып тұрған ағасы Эмирге хат жазады:
Ардақты аға! Мені мына тұтқыннан босатыныз. Мен жағдайда бұдан былай тұра беруге менің шыдамым жетпейді.
Эмир оған былай жауап береді:
Мен сүйікті әкеміздің аманатын бұза алмаймын!
Сонда Шахо, егер ағасы осы сарайдан мені босатпаса, өзімді-өзім өлтіремін деп жұртқа жазды. Эмир қарындасы Шахоны өте жақсы көретін-ді. Соңдықтан оны сарайдан босатпақ болады.
Ерік алған Шахо Эмирдің алдына келіп, тізерлеп, жалбарынып, Индияға баруға рұқсат сұрайды. Бірақ ағасы оны босатпайды.
- Егер сен Индияа жалғыз аттанатын болсан, сонда ел-жұрт не дейді?
- Сүйікті аға, егер мен өз үйімнің өзім қашып кеткен болсам, ел-жүрт не дер еді?
Эмир ойға қалады. Ол ұзақ ойланып, ақырында, көңілі жібіп, қайда барамын десен де рұқсат деп Шахоға ризашылығын айтады.
Өте қуананышты Шахо өзінің сұлу жүзін ешкімге көрсетпеу үшін бетіне пәрәнже жамылып, жолға шығады. Шахо ұзақ жүргеннен кейін бір шалқар өзенге кезігеді. Не істеу керек? арғы бетке қалай өту керек? Күтпеген жерден бір қайықшы келеді де,өзінің арғы бетке өткізетінің білдіреді. Шахо қайыққа батыл отырып, олар жүзе жөнеледі.
Олар өзеннің ортасына дейін аман-есен жүзіп жеткен кезде, кенеттен қатты жел тұрып, Шахоның бетінен пәрәнжесін жұлып әкетеді, оның сұлулығына таң қалған қайықшы сасып қалады.
Сол заматта-ақ басына арам ой оралып, көрікті Шахоны масқаралағысы келеді. Қайықшы қайығын басқа жаққа қарай бұрып жүзе бастайды.
Шахо қайықшының басқа жаққа қарай кетіп бара жатқаның байқап:
- Сен неге басқа жаққа бұрып барасын? Не істегің келеді? - деп шошына сұрады Шахо.
Қайықшы оған үнсіз қадалып қарай түседі де, үндемейді.
Осы кезде Шахо өзінің нәзік қолынан алтын білезігін ағытып, қайықшыға ұсынады.
Қайықшы жарқ еткен алтынды көргенде, бейне ұйқыдан оянғандай болады. Әлде осының алтынын алсам ба екен? деген ойға келеді.
Қайықшы білезікті шап беріп алып, төмен қараған бойы Шахоны арғы жаққа шығарып салады.
Сонымен қыз сүйікті Диляйін іздеп кете барады.
Ол ұзақ жүреді, ақырында патшалардың патшасы Акбардың орталық қаласына келеді. Шахо ұлы патшаның сарайына кірейін деп қанша әрекеттенгенімен, күзетшілер қорғансыз қызды келемеждеп, бетіндегі пәрәнжесін жұлып алады.
Шахо зар еңіреп бір Аллаға сиынады.
Қыздың өксіп жылағанын естіген Акбар күзетшілерге босатыңдар, жаңа пәрәнже беріңдер деп бұйырады. Олар жана пәрәнже әкеліп береді. Қыз мұнымен кетудің орнына, Акбардың сарайына жасырынып қалады.
Шахо ұзақ тосады, ақырында күзетшілер әбден арып-ашқан Диляйді Акбарға әлып келе жатқаның көреді.
- Бұл адам не істеді? - деп қаhарлана сұрайды Акбар.
- О, ұлықтардың ұлығы, бұл адам сіздің қазынаңызға кіріп, барлық асыл заттарды ұрлауға әрекеттенді, - дейді уәзір.
Акбар қатулана қолын сермеп:
- Мұны ағынды суға тастаңдар! Қайыршы ұры өмірі сияқты лай суда өлетін болсын! - деп әмір етеді.
- Әміріңізді орындаймыз, - деп күзетшілер Диляйді дедектетіп ала жөнеледі.
Осы кезде Шахо жерге тізерлей отырып, өзінің сүйріктей саусақты, тамаша алақанын көкке жайып, Мейірімі күшті Аллаға жалбарынып:
- О, Алла, сенің күшіннің шегі жоқ! Менің сүйіктімді өлтірме! Өйткені ұрлықты мен үшін істеді ғой. О, құдіретті күшті Алла, жар бола гөр! - дейді.
Бір сағаттай уақыт өткеннен кейін, Акбар күтпеген жерден нөкерлерін, олардың ортасында аман-есен келе жатқан Диляйді көреді.
- О, әміршіміз! - дейді нөкерлердің бірі. Біз мұны ағынды суға алып келгенде, бейне сиқырлағандай, тасқын су тартылды да қалды.
Акбар таңқалып, қылмыстыны пілдер қорасына апарып тастандар, солар таптап өлтірсін, - деп әмір етеді.
Шахо тағы да тізерлене қалып:
- О, құдіретті күшті Алла! Менің сүйіктімді бір рет сақтап қалдың, тағы да бір рет мейірімділік істе! - дейді,
Тағы бір сағаттай уақыт өтеді, Акбар үрейленген нөкерлерін, олардың ортасына әдеттегідей жайраңдап күліп келе жатқан Диляйді көріп таң қалады.
- О, әміршіміз, - дейді нөкерлері. Біз мұны пілдердің қорасына алып келіп, оның есігін ашсақ, сіздің пілдеріңіздін барлығы өліп қалыпты!
- Мұнда бір сиқыр бар болуы мүмкін! - дейді Акбар. Ең қарт ақылгөйлердің бірі:
- О, әміршім! Бұл адам туралы бір әйел Аллаға сиынып тұрғандығына сенініз, - дейді.
Осы сөзді естігенде, Шахо жасырынып тұрған жерінен шығып, Акбардың алдына жығылып:
- О, құдіретті Акбар. Сізден ұлы мейірімді Алла атынан тілегім бар! Менің сүйіктім Диляйдің өмірін қиыныз. Ол тек мен үшін ғана қылмыс істеді. Кешіріңіз, - дейді.
Жас қыздың сөзі Акбардың көңілін толқытады. Ұлы Акбар ойланып қалады. Ол махаббаттың ұлылығын, мұндай махаббаттың жер бетінде сирек кездесетіндігін ойлайды. Осы ойдың үстінде оның қатал жүрегі жібігендей болады.
Акбар күрсініп, жымияды да:
- Сен көрікті Шахо, өзіннің адал, күшті махаббатыңмен өлімді де жеңдін. Ал, ұры Диляй, сен өзіннің сүйіктінмен бірге бақытты өмір сүру үшін қазынамды ұрлағын келді. Енді сен бұдан былай ұрлай алмайсын. Мен саған бір түйе көтергендей алтын, қымбатты қазына беремін. Бейбіт аттаныңдар, бақытты болыңдар! - дейді.
Сөйтіп сүйіскен жандар туған жерлеріне қайтады, бақытты өмір сүреді.
Міне, көрікті Шахо мен Диляйдің арасында болған уақиғасының соңы осылай бітеді.

P.S. Достар махаббаттарын баянды болсын.

2
Рейтинг: +1

Жазылған уақыты: 10 қаңтар 2013, 22:26
Тегтер: Махаббат, Диляй, Шахо

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.