Өлең... Келіншек тал

Өлең... Келіншек тал
жеке
блог

               Келіншек тал

 

Қаңтар түні, сары аяз, қара суық,

Келемін мен асығып аласұрып.

Ызғар шымшып тастаған маңдайымды,

Осып өтті сүйріктей қара шыбық.

 

Сәмбі тал ғой, бұл әлгі айқаралау,

Керек оған мұндайды қайталамау.

Күнде жаяу қасынан өтіп жүрген,

Бәлкім мен екенімді байқамады-ау.

 

Ағаштардың ішінен ең ірі деп,

Саған жұрттың түсуші ед көңілі көп.

Жұрттан алған соққыға қарағанда,

Сенен алған сазайын жеңілірек.

 

Жә, жә бұған жарамас жыламсырау,

Тымық түнде тұмшалап тұман қырау.

Түн жарымда ұйытқып келе жатқан,

Қарақшы ма деп қалған шығарсың-ау.

 

Мейлі, бұған несіне өкпелейін,

Өкпелейін, несіне жек көрейін.

Көктем келіп, кеудеңе жан біткенде,

Сәлем берсең болды да көпке дейін.