Уақыт саған айтамын...

Уақыт саған айтамын...
жеке
блог

            Уақыт саған айтамын...

 

Сенемісің,

кеше ғана, кеше мен,

Ойын құмар, ойланбайтын есер ем.

Өткізіп ек өткен күні-ақ құдай-ау,

Сәби шақты анау тоз-тоз көшемен.

 

Сол қайран шақ қайда қарай бездіңдер,

Қандай жұмбақ керуенді кездіңдер.

Құрып қалғыр аялдайтын түрі жоқ,

Бірін бірі күтіп жатқан мезгілдер.

 

Ей, құдірет өткеніме сарапшы,

Уақытыңның бетін бері қаратшы.

Көп болмайтын сәттерімді тонауда,

Сотталмайтын уақыт деген қарақшы.

 

Айып етпе, артықырақ тілдесем,

Уақыт саған мұңымды айтам, білмесең.

Мен әйтеуір көп сүрмеймін, Рас қой,

Оны да ерте тауысқың кеп жүр десем.

 

Мүмкін, саған ұнамаспыз, ұнармыз,

Пендеміз ғой көбіне іштен тынармыз.

Дәрменіңнен қайыр болмай ісіңе,

Әлде кімнен кінә іздеуге құмармыз.

 

Уақыт мүмкін уайымымды ұғарсың,

Мен бейбақты түсінетін шығарсың.

Аманатым бар ед саған, қайткенде,

Бұл мекенге сен ғана ұзақ шыдарсың.

 

Көз ұшында көлбеңдейді таныс қыр,

Мәңгі мекен маған қанша алыс тұр.

Сен әйтеуір жырларымды жетектеп,

Мен көрмейтін көктемдерге таныстыр.