Баба рухымен тілдесу

Баба рухымен тілдесу
жеке
блог

Баба рухымен тілдесу.

 

     Менің кім екенімді білетін боларсыңдар! Мен жұмыр жерде жасаған аз ғана ғұмырында азаттық үшін арпалысқа түскен, тегіне тарта тектілігін жоғалтпаған, исі қазақтың ұланы, алты алаштың қыраны  Исатайдың ұрпағымын! Ия, араға қаншама ғасыр өте баба рухының алдына келіп тұрмын. Жанарымда жас, жүзімде мүң, жүрегімде қайғы... Рас, көргенімнен көрмегенім, білгенімнен білмегенім көп адымы қысқа адам ұлы екенім баршаға аян. Көз ұшында сағымданған сайын дала, қастерлі де, қасиетті жер ана мына сенің қойнауыңда қаншама сыр, тірі жан білмес ақиқат бүгілуде ?! Ей, бұлқына аққан Ақбұлақ өзені саған елім деп еміренген қанша ердің нақақ қаны тамды екен? Қанша, Қанша? Дәл сенің жағаңа келіп, қайсар қазақтың ұланы, асылдың сынығы болған менің бабам жанын жаратқанға  аманат еткен. Сол Исатайдың тұлымдысымын... Құлагердің құлыны құздан құламады, шабысынан жаңылмады, құндылығынан құлдық ете баз кешпеді. Ағысқа қарсы ұмтылып, тағдыр салған тауқыметке мойымады.  Уа, баба сен аялаған сенім жоғалмады, сен жаққан от ошақта әлі сөнген жоқ, сен аманаттаған аманатқа қиянат жасамақ болған Батыраш (ниетпен) жұмсалған қылыштың жүзі қайрылды. Сендік арман ақиқатқа айналды. Өзің жаныңды пида еткен қараша қазақ әлі де Жер Ананың төсінде тіршілік етуде. Еңсесін тіктеп, егемен ел болды. Шаңырағы шайқалмай, ордалы елге айналып, керегесін кеңге жайды.

     Керегесін кеңге жайды-ау, тек... сендік қоғамда болған Қарауылқожалар мен Баймағамбеттер, бұл қоғамда да қарасын көрсетуде. Тегіне тартқан тектілердің аяғына тұсау, қолына кісен болуда. Сендік қоғамда болған Тастөбедегі шайқас, араға екі жарым ғасыр сала, ұрпақтарыңның санасында орын алуда. Жеңістер мен жеңілістер әлі күнге өз жалғасын табуда. Сен тұтатқан сенім шырағы әр қазақтың жүрегінде маздаса, қазақы таным, ұлттық сана қайта тіріле қазақ шынарының тамырына нәр болар еді ау, баба...

   Уа, баба сенің қайсарлығың мен батылдығың, өр мінезді тектілігің, қара қылды қақ жарар әділеттілігің мына қоғамға ауадай қажет болуда. Білем ұлың Жақияның тәні өзіңмен бірге жер құшқанымен, оған артқан үмітің әлі сөнген жоқ. Сөнбейді, сөнбекте емес! Рухыңның алдында ант берем ұлттық рухтың сардары болған өр баба! Уа, қастерлі Жер Ана, қасиетті Кок аспан куәлік ет!

    Саған жасаған тағзым, саған айтқан ұлықтық еліме айтқан ұлықтық. Сенің мадақталуың,ұрпақтарының еске алуы сендік еткен еңбектің зая кетпегенінің бір дәлелі. Рухыңмен үндесуге тым кешірек келгені үшін мына ұрпағыңды кеше гөр баба!!!