Алаш Орда күні

Алаш Орда күні
жеке
блог

     Бүгін - тарихи маңызы бар күн. Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толып отыр.

     1917 жылы 13 желтоқсанда Алашорда үкіметі жарияланды. Осы жылы Орынбор қаласында бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы өткізіліп, нәтижесінде делегаттар қолдауымен "уақытша Ұлт Кеңесі" түріндегі билік органын құру және оған "Алаш Орда" деген атау беру туралы қаулы қабылданды. Астанасы ретінде қазіргі Семей қаласы танылған еді. Үкімет төрағалығына бірден үш адам ұсынылғанымен, көпшілік даусымен Әлихан Бөкейханов төраға болып сайланады. 

      Отарлыққа қарсы күресе білген қайраткерлер қатарында А.Байтұрсынов, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, М.Шоқай сынды ұлт ертеңі үшін тағдырын сынға, өмірін тәуекелге байлаған ұлт азаматтары болды. 

      Сол кездегі бұратана халықты басып-жаншуда солақай саясатын жүргізе білген сұм Сталин аса айлалығымен аталған үкіметті құлатуға бар күшін салады. Үкіметті құруға атсалысқандарды кешіру туралы бұйрық бергенімен, кейін бәрін түгелдей жаппай қуғынға салады. Сол кездегі қараңғы халықтың саяси сауатсыздығын пайдаланған Кеңес үкіметінің жандайшаптары ағайын арасына от салып, Алаш Орда үкіметіне қарсы қояды. Ақырында сыртқы күштердің әсерінен Алаш Орда үкіметі таратылады.

      2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады екен. Көрінген таудың алыстығы жоқ, ол күн де келер. Сол атаулы күнге дейін түрлі іс-шараларды үздіксіз түрде өткізіп, бостандықтың ақ таңы үшін жандарын құрбан еткен, болашақ ұрпақ жолына тәлімді мұра қалдырған алашордалықтардың ұлы істерін насихаттауымыз керек. Бұл - біздің тарих алдындағы парызымыз һәм ата-баба рухына деген мәңгі тағзымымыз болмақ.    

     P.S.  "Массагет" сайтынан "Алаштану" дейтін арнайы жоба әзірленіп, жүзеге асса деген ұсыным бар.