Қыс. Қар. Қыз.

Қыс. Қар. Қыз.
жеке
блог

Қыс. Барлық адам бұл кезде үйді-үйлеріне жетуге асығып, қыстың ертегідей сұлулығын байқамайды. Үйге барсам жұмысқа, жұмысқа келсем үйге асығып отыратынымның себебі не екен? Мүмкін тоңғанды қаламайтын шығармын, ал мүмкін бұл мезгілдің кереметтігін жаныммен сезініп, түнгі Алматының ару жүзін көруге асығармын. Ақ мамыққа оранған саябақтарында серуенге шығудың өзі – поэзия. Әсіресе жалғыз. Сол, балалық шақтағы апамның айтқан пеш түбіндегі ертегілер шығар? Сол ертегілердің кейіпкері болып, таңғажайып қиял әлеміне еніп кеткен сәттерімді сағыну шығар? Әйтеуір, Жаңа жыл келгенше бір ғажапты күтемін де жүремін. Кейде ойлаймын, неге тез есейдім деп. Мамыражай сәттерде, майшамның жарығымен қабырғаға әр түрлі жануардың бейнесін салып, оны бір-бірімізге көрсетіп отыратын көңілді кештер-ай. Пештің сексеуілді қыздырып, гүрілдеп тұрған сәті ол кезде бір құбыжықтай көрінетін. Құрақ көрпеге тығылып алып, ертеңгі күнді ертегі әлемдей елестетуші едік-ай. Әжем қыс туралы қиял әлемім сақталған әңгімесін өзімен бірге әкетіпті. Кейде әжеме ренжимін...

Қар. Борпылдақ қарды басып, мектепке келе жатамын. Қасақана күткендей ысқырған жел мен бет алған күншығыстан еседі-ай бір. Сол, есіре соққан күйі мектеп есігін аттағанша алысады да жүреді. Менде несі бар екен. Қаладағыдай емес, қыстыкүні ауыл қара көк түске еніп, кеш қалсаңыз түнек болады да қалады. Әсіресе мектептен қайтқан кез. Асыр салып ойнап, кейін қолфонарь ұстап қайтқан кездер әркімнің де есінде шығар. Қар атысу ойыны өзінше бір әлем. Бәрі де қызық. 6-7 сыныптарда болуы керек, бала сезім оянып, дәл өз сыныбыңдағы сүйкімді бір қызды ойлайсың. Сондай таза, адал сезім бәлкім оны сол қызбен бөлісе алмайтын болғаныңнан шығар? Тұңғыш рет бастан өткерген тылсым сезім болғандықтан, бәлкім?

Қыз...