Аман болыңыз, АҚ ПАТШАМ!

Аман болыңыз, АҚ ПАТШАМ!
жеке
блог

   2012 жылдың 16 - қарашасы біз үшін, яғни жастар үшін елеулі һәм маңызды күн болды. Албырт сезім алып-ұшып, тағатсыздана күттік сол күнді. Себебі, ол күн "Жас Отан" Жастар Қанатының 2-Съезі өтеді деп белгіленген күн болатын. Уақыт жарықтық, бір орында тұрсын ба, сол күнге аман-есен жеткізді. Аллаға мың шүкір! Артынып-тартынып, қағаз-қапшығымызды түгендеп бас қалаға аттандық. Жамбыл облысынан шыққан жүзге жуық делегаттың әрбірінің көзіндегі от, жүректеріндегі елге деген жалынды сезімдері айрықша байқалды. Пойызда отырған әр ауданның "Жас Отан" ЖҚ Атқарушы хатшылары жергілікті телеарнаның тілшісіне жарыса-жармаса сұхбат беріп жатты. Яғни, Съезден не күтетіні, дайындықтары туралы ойларымен бөлісті.

Елорда зәулім сарайымен жарқырап, күнімен күлімдеп, қар-боранысыз қарсы алды, жастарын. Пойыздан күтіп алған ұйымдастырушылар қонақ үйге жайғастырып, қаланы аралатты. Астананың алып "Бәйтерегіне" бас сұғып, "Хан шатырында" серуендеп, Әзірет Сұлтан мешітіне барып тілек тілеп қайттық. 

12 мың орындық "Сарыарқадай" алыстан көздің жауын алатын сәулетті ғимаратқа таңертең ерте жиналдық. Жүрек лүпілі жиілейді екен, "қазір Елбасы келеді" деген сайын. Жан-жағыңа көз тастап, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған қайратты да сауатты жастарды көріп, дүбірлеген даталы күнде сол жерде болғаныңа кәдімгідей марқайып қалады екенсің. Съездің күн тәртібі бойынша Атқарушы хатшыны сайлаумен қатар, 2020 жылға дейінгі "Жастар Отанға!" Стратегиясының қабылданатыны тағы бар. Жоғарыда айтқан бұл күннің маңыздылығы осы. 

Жайнап отырған жастарын көп күттірмей ҚР Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев залға қарай бет алды. Ентелеген жастар Елбасын қуанышқа толы көздерімен, алақанынан от шыққанша жаудырған шапалағымен қарсы алды. Жастарға арналған салмақты сөзін күттік елеңдеп. Президент мінбеге шығып, жас достарына деген ізгі-тілегін арнап, әр аймақтың жастарына жалынды сәлемін жолдады. Ойларын, кеңестерін жалпақ тілмен жеткізді. Тыңғылықты тапсырмаларын берді. Ауылдың жастарына да көңіл бөлді. Айтайын дегенім, Елбасының жастарға деген құрметі, жанашырлығы. Әр айтқан сөзінен кейін еріксіз орнымыздан тұрып, шапалақтап мазасын алдық. "Әр сөзінен кейін шапалақтаңдар", - деп ешкім тапсырма берген жоқ. Бұл жастардың шексіз ризашылықтары деп білемін. Жаның шабыттанып, ерекше рухтанасың. Барлық саланы қамтып, алда атқарылар шаруларды саралап берген Елбасы сөз соңында жастармен суретке түсті. Шынын айту керек, тек Елбасы артындағы орындарға жайғасқан жастармен ғана суретке түседі деп жоспарланған. Бірақ олай болмады. Елбасы қолын бұлғап бар жасты жанына шақырды. Міне, сол мүмкіндікті жібермеуге тырысу мақсат болды. Жарыса барған жастарды тоқтата алмады жауапты тұлғалар. Амалын тауып, үлгергендер Елбасының жанында тұрып суретке түсу бақытына ие болды. Мен де бармын солардың қатарында. Тау тұлғаның мысы қандай, көзіме жас келіп, "рахмет Сізге, аман болыңыз!" деп үлгердім. "Жақсы, бәрің түстіңдер ғой, жарайсыңдар",- деп білегімнен ұстап, жымия қарады. Міне, бақыттың бірі осы екен. 

Кім демесін, Президенттің аты - Президент! "Ханын сыйламаған ел азады" деген бар. Елбасының сөздері мен үшін қанатты, бастамалары берік. Тек қолдау керек. Сонда ғана өркендейміз ары қарай. Өйткені, Елбасының ойында жастарды тура жолдан тайдыратын, халықты аздыратын пікір жоқ. Елбасының тапсырмасын орындауға жауапты әр шенеуніктің ойы Елбасымен бірге болып, адал қызмет етсе, әлі талайды таңқалдырады Қазақстан. Асқақ арманға адал еңбекпен жетуге сенейік!

Аман болыңыз, АҚ ПАТШАМ! 

 

P.S. жалғасы бар, фоторепортаж кейін болады