«Келісім жағалауы» «Титаник» тағдырын неге қайталады?

«Келісім жағалауы» «Титаник» тағдырын неге қайталады?
жеке
блог


Италиялық Costa Concordia кемесінің «Титаниктің» тағдырын қайталауына не себеп болды? Кеме капитаны шынымен есерлікке барды ма? Бұл кемеге әйгілі «Титаникте» болған адамның шөберелерінің отыруы қандай ойларға жетелейді? Апат құрбандарының туыстары супермодель Ева Херцигованы неге жек көріп отыр?

Ырым мен кесапат

2012 жыл. 13 қаңтар. Жұма. Жағына жылан жұмыртқалағыр балгерлер бұл күннің қауіп-қатерге толы болатынын күні бұрын болжап қойған еді. Кездейсоқ сәйкестік дейміз бе, әлде тентектің сандырағы ма, мүмкін, ежелгі адамдардың көрегендігі шығар – дәл осы күні сағат тура 22.00 болғанда Италияның Чивитавеккья портынан Савону портына бет алған круиздік кеме жолдағы Джилио аралына таяп келіп, қайраңға отырып қалды. Су астындағы құзға соққан кеме оқыс қисайып барып, теңізге бата бастайды. Жолаушылар жанұшырып, дүрбелеңге түседі, құтқарушылар шұғыл іске кіріседі.

Бұл кезде алып су көлігінде «Қысқы Жерорта теңізі жағалауының жеті түні» атты саяхаттың қызығын көреміз деген 3216 турист болған. Олар әлемнің 62 елінен жиналыпты. Арасында жеті отандасымыз бар. Кемедегілердің дені құтқарылған, 11 адамның өлі денесі табылды, 25 адам із-түссіз жоқ. Қайтыс болғандар мен жоғалып кеткендердің көбі шетелдіктер делінгенімен, Ресей, Украина, Беларусь және Қазақстан азаматтары дін аман болып шықты. Біздің жерлестеріміз, тіпті, апаттан құтқарылған күннің ертесінде Италияда жүріп, елде болып жатқан сайлауға қатысты және демалыстарын одан әрі жалғастыруды ұйғарды.

Қазір кеме капитаны Франческо Скеттино абайсыздықпен кісі өлтірді деген күдікпен тұтқындалды. Прокурорлар оны қызметтегі немқұрайдылығы мен шығын келтіру дерегі бойынша да тергеп жатыр. Алдын ала белгілі болғаны – ол әдеттегідей кемені аралға әдейі тақап, порттағы танысына құрмет көрсетуге әрекеттенген, қауіпсіздік пен құтқару талаптарын ескермеген, тіпті, кемені жолаушылардан бұрын тастап кеткен. Costa Concordia апатынан кейін жұртшылық әйгілі «Титаникті» еріксіз еске алып отыр.

«Титаник» демекші, күні кеше апатқа ұшыраған круиз саяхатшыларының арасында 1912 жылдың сәуірінде айсбергке ұрынып, опат болатын кеме жолаушыларының бірінің шөберелері бар! Іlmessaggero.it порталының мәліметінше, Валентин және Алессандро Капуанолар – «Титаникте» болған Джованни есімді даяшының шөберелері екен. Апат құрбандарының туыстары тағы бір адамды жақтырмай отыр. Ол – чехиялық супермодель, әрі актриса Ева Херцигова. 2006 жылы 7 шілдеде Costa Concordia салтанатты жағдайда шоқындырылған кезде актриса аққайнарды кемеге ұрып сындыра алмаған. Ырымшылдар мұны жаманатқа балайды. Қазақшасы «Келісім жағалауы» дегенді білдіретін алып кеменің апаты осылайша әлі біраз әңгімеге өзек болатын түрі бар.

Дерек пен тарих

Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің өркениетіміздің даму тарихында үш млн-нан астам кеме апатының болғаны жайлы дерек жинастырған. Тарихтағы ең жойқын, яғни адам шығыны көп апаттар, негізінен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болыпты. Айталық, 1941 жылдың қарашасында Қырым жағалауында жолаушылар мен жүк тасымалдайтын кеңестік «Армения» кемесін фашистік авиация атып түсірді. Түрлі дереккөз бойынша, апаттан 7000-ға жуық адам қаза тапты. «Арменияның» кегін кеңес жауынгерлері 1945 жылы еселеп қайтарды.

Ұлы Жеңіс болатын жылдың 30 қаңтарында Балтық теңізінде кеңестік С-13 әскери сүңгуір қайығы фашистік Германияның «Вильгельм Густлофф» жолаушылар лайнерін атып, зақымдады. Ресми мәлімет бойынша, онда 5348 адам қайтыс болды делінеді, бірақ тарихшылар бұл апаттан 8-9 мың адамның опат болғанын айтады. Осы жылдың 16 сәуіріне қараған түні Балтықта кеңестік Л-З сүңгуір қайығы фашистік Германияның меншігіне өткен норвегиялық «Гойя» кемесін торпедамен атып, ондағы 7000-нан астам адамды суға батырды. Бұл әскери әрекеті үшін кеме қолбасшысы, гвардия капитаны Владимир Коноваловқа Кеңес Одағының батыры атағы, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі берілді. 

Фашистік Германия үшін сәтсіз болған 1945 жылдың 3 мамырында немістердің «Кап Аркона» кемесіне ағылшындар бомба жаудырып, Балтық тағы да 5594 адамды жұтты. Айдынын сұрапыл соғыс ойрандаған бұл теңіздің асты, сірә, мыңдаған өліктің мәңгілік мекеніне айналған шығар. 1944 жылдың маусымы мен қыркүйегінде Жапонияның Toyama Maru және Junyo Maru кемелері де әскери шабуылдың кесірінен апатқа ұшырады. Екі кемеде де 5600-ден астам адам болған еді, олардың бәрі түгел қаза тапты.

Соғыс жағдайында емес, бейбіт күні мыңдаған жолаушысын апатқа ұшыраған кемелерге келсек, әрине, «Титаникті» еске аламыз. Алып кеменің айсбергке соғылуы 1513 адамның азапты өліміне себепші болды. Былтыр Еділдің Татарстан аумағындағы тұсына батып кеткен «Бұлғария» қос палубалы теплоходының қайғысы да ұмытыла қойған жоқ. Мұнда кемедегі 201 адамның 122-сі «Титаник» жолаушыларының кебін киген еді.