Шымқалаға...

Шымқалаға...
жеке
блог

Тұғырынан құлатпаған  туын ар мен намыстың

Айбаты мен қайраты бар бойларында барыстың

Даналар мен даралардың ізін басқан жастары

Шырайлы да құт мекенім Шымкентіммен танысқын.


Әрбір таңның ақ шуағын арайлы күн жалғаған

Кеші көркем, мақпал түнге жұлдыз шам боп орнаған

Бұл қалаға санмың ақын өлең жазған тамсанып

Шым қалаға Шәмші атам да шаттық әнін арнаған.

 

Шынжыр балақ шұбар төсін додаларға баптаған

Толағайлар толып жатыр ел сенімін ақтаған

Күллі қазақ мақтан тұтар шұғылалы мекен бұл,

Салихалы сал-дәстүрін, тілін, дінін сақтаған.

 

Шымкентімде қонақжайлық қанға сіңген қасиет

Әке көріп оқ жонумен жастар мұнда есейед(і)

Пейілі кең мейірі мол данагөйі мол қала

Әрбір жанның санасында жаңғыртатын өсиет.

 

Жеті атаны жаттап өседі бұл қаланың ұлдары

Қырық үйден тыйылады Шымқаланың қыздары

Инабатты, парасатты, ұлтжанды жан көп мұнда

Сондықтан да бізге еспейді батыс жақтың ызғары.

 

Көкте еркін қалықтайды ұлы дала қыраны

Отан үшін отқа түседі жүрек жұтқан ұланы

Елін сүйер жастар өссін деп тілейді ақсақал

Қазақтықты сақтап қалу Шымқаланың ұраны.

 

Бағалай біл бауырына бақыт тұнған өлкені

Әрбір қазақ ұлттық рухтың күйін мұнда шертеді

Көкпар-бәйге, аударыспақ, қыз қуу мен теңге алу

Ұлттық ойын ұлықталар қалалардың көркемі.

 

Құтты қала, мықты қала берекелі тірлігі

Бөлінбеген сөгілмеген ағайынның бірлігі

Ұлтымыздың ұйытқысы. Астанасы өнердің

Шымкентім ол бар қазақтың нәр алатын кіндігі.

Берік СҰЛТАН