ӨКПЕЛЕУГЕ ХАҚЫМЫЗ ЖОҚ ДЕСЕК ТЕ...

ӨКПЕЛЕУГЕ ХАҚЫМЫЗ ЖОҚ ДЕСЕК ТЕ...
жеке
блог

Өкпелеуге хақымыз жоқ десек те,

Тағы бізді жолықтырды сұм тағдыр.

Алдар көсе – армандарым кеше өткен,

Ескі күннің естелігін шырқап жүр.

 

Белгісіздеу алдымызда не бары,

Артымызда құм өшірген із ғана.

Жүректерге бөліп құйған обалын,

Білесің бе, есі жоқтар біз ғана.

 

Өкпелеме өтінемін аспанға,

Кінә түгіл күнәсі де жоқ оның.

Мәңгіліктің ақ мамығын жастанғам,

Сәтім келсе себепсіз – ақ өлемін.

 

Ей, ақымақ, ерме маған қайт кері,

Менің ғана түгесілді ертегім.

Сен соңымнан келем деме, өйткені,

Жатырыңда тербеледі ертеңім.

 

Тауысқанмын ырзық толы кесемді,

Дей алмаймын жегенімнің бәрі бал.

Кездеспейміз, кешір мені, кеш енді,
Ақ бақытым маңдайында соры бар,

Ақ бақытым маңдайында бағы бар...

12.10.2012 жыл