Адам құпиясы

Адам құпиясы
жеке
блог

Еуропаның ғалымдары он миллионнан асып түсетін  долларды адам миын  зерттеуге жыл сайын жұмсап жатыр. Адам құпиясының қызығына құмартып кіріп алған ғалымдар ми үшін ақшаны аямауға бел байлаған. Кез келген тірі оргнизмнің мүше болып құралып, ғажайып жұмыстар жасауы әу баста ақылға  симас құдірет еді. Ал адам миы - құдіреттің көкесі болып саналады. Заман озған сайын миды ақтарып, оның ішін тексергісі келіп құмарланатын ғалымдар көбейіп барады.  Мидың азартына кірген кейбір ғалымдар тас төбеміздегі «айранды» терең зерттей түсу үшін күллі әлемнің ақшасын аударса да артық етпейді деп есептейді.  Осы уақытқа шейін ашылған жаңалықтың өзі мидың негізгі құпиясымен салыстырғанда түкке тұрмайтын нәрселер. Мысалы үшін мидың әр бір клеткасын кодтап, оларды бір, бірден белгілеп шығу керек болса!? Мида жүз миллиард нейрон клеткалары шатасып жатыр.  Әр бір нейрон клеткасы  басқа да туыстарымен алты мыңнан астам жолдармен  байланысып, матасып, ақылға симас іс қылады.  Біз күллі нейронның барлық байланысын әр қайсысына бір секундтан ғана уақыт жоғалтып, ерінбей  санайтын болсақ, бұл шаруа 32 миллион жылдан соң ғана бітер еді. Бұл терең ойланбастан, жәй ғана тынығып тұрған жалқау мидың ахуалы. Ал егер бір істі ойлап, күрделі мәселені қорытып жатқан қарбалас мидың  ішіндегі байланыс түйіндерін санайтын болсақ, оның санына ешкім де жете алмас еді.  Осыншама быж-тыж, қисапсыз жұмыстарды жасап жатқан нейрондар  қас-қағым сәтте керек нәрсені қорытып, іздегенді тауып, ешқандай шатаспастан бізге керек ақпаратты дәл тауып бере алады. Мидың сұмдық күрделі жаратылған зат екенін мынадан-ақ көруге болады. Әр-бір ДНК клеткасында адамның бүкіл дене мүшесін, сезімдерімен қоса жасап шығатын генетикалық ақпарат қоймасы бар екені белгілі. Сол сиқырлы «сандықты»  ашып, оның ішіндегі төрт-ақ әріптен тұратын жазуларды рет-ретімен тізетін болса, барлығы 3 миллиард таңба құралар еді. Осы таңбаларды бір адам бастан аяқ оқимын десе ол пенде былай жасаған болар еді.  Оқуды бастаған пысық пенде күндіз ештеңеге алаңдамай, түнде ұйықтамай, тамақ, сусын ішпестен, күлместен, ешкіммен сөйлеспестен тоқтаусыз оқығанда 31 жыл уақытын сарып қылар еді.  Егер гендегі жазуларды  оқымастан қағазға басып, түгел шығарыңдар десе, онда  АҚШ-тағы Вашингтонның монументімен бойласатын  құнды қағаздар тау болып үйілер еді. Міне осы тау-тау боп үйілген ақпараттың 80 пайызы тек қана мидың құрылымын жасаумен айналысады дегенге сенесіз бе?! Ми жұмысын зерттеуге жұмылған ғалымдардың алдына қойған міндеттері жетерлік-ақ. «Адам ауырғанда мидың қандай бөлшектері зақымданады? Дәрі ішкенде миға берер әсері нендей болмақ?» деген секілді пайдалы сарында кете береді. Бірақ олардың бәрін жынды қылып, есіл- дерттерін арбап тұрған бір сұрақ бар. Ол сұрақ -адам ойланғанда ми қалай жұмыс жасайды?  Не болмаса ақпараттарды шашпай-төкпей бір ізбен жұмсаушы  «сана» деп деп аталатын құдіретті  орталық шынымен де бар ма? Бар болса оның нақты мекенін, жұмыс жасау тәртібін, көлемін қалай біліп алуға болады?

Шыны керек, менмін деген ғалымның өзі «Құдай қаласа бұл жаңалықты мен ашамын!» деп айта алмайды. Себебі, ақыл мен жанның табиғаты адамның бас көзінен таса жаратылған. Тәндегі шыбын жанды  құлшылық, тағатпен әбден нұрландырып, рухани кемелденген  кереметті ғұламалар ғана бұл құпияны жүрек көздерімен көрген. Әулие атамыз Шәкәрім қажы бұл туралы былай дейді.

Тән көретін бастағы көз,

Байқамайды жан сырын,

Не болмаса:

 Шынды білмек ойласаң сен,

Ең алдымен жанды біл!

Бұдан шығатын қорытынды бүкіл планетаның ғалымдары жабылып адам миын тағы да мың жыл зерттесе де, ойдың құралуы мен ақылдың ойды қорыту құпиясын ешқашан да аша алмайды.

Шындығында  миды зерттеу арқылы   көңілі соқыр мамандар  АҚЫЛ деп аталатын адамзаттың адал жетекшісін ешқашан таба алмайды. Себебі, мидың күрделі, не болмаса қарапайым болуы оның ішіндегі ақылдың көлемі мен қарым-қабілетін  көрсетпейді. Бұл пікірмен зерттеуші ғалымдардың өздері  де келіседі. Қарапайым ғана мысалдар бұл пікірді нықтай алады. Мысалы, құмырсқада ми деген нәрсе жоққа тән. Бірақ олар көлемді миы бар алып жануарлардың ойына кіріп шықпейтін  аса күрделі ұжымдық жұмыстарды оп-оңай атқара алады.  Интельектуалдық жұмыстарды орындау жағынан бастары тайқазандай болатын  піл де, бегемот та, аю да, арыстан да құмырсқалардың алдына түсе алмайды. Және бір мысал дейді ғалымдар. Құстардың ішінде қара қарғалар интельектуалдық жағынан біршама озық. Олар адамды таң қалдыратын неше түрлі жұмыстар жасап, тіршілік кешеді. Қара қарға бұтақтағы жаңғақты тістеп алып, қатты жерге биіктен тастап жіберіп сауытын  қақ айырады. Сосын шағылған дәнекті оп-оңай теріп жейді. Бірақ қарғаның басын ашып қарасаң миында адам қызығатын ештеме  жоқ. Шөкімдей ғана қойыртпақ «айран».

Мидың құпиясын ашу арқылы ғалымдар адамзат өркениетіне ғажайып бір өзгеріс әкелгісі келеді. Өз істерін ақтау үшін олар  былай дейді:  «Мидағы жаман зұлым ойлар қайдан пайда болады біз соны зерттеп табуымыз  керек. Сол құпияны ашсақ санасы жарқын, ойы тұнық адамарды көптеп тәрбиелеп шығаруға болатын еді». Енді мына қызыққа назар салып, терең  ойланып көріңіз. Адамзат ұрпағы бұған дейін де ғажайып өркениет пен мәдениет ошақтарын жасады. Көне заманның ғұламаларынан алтынға бергісіз неше түрлі дүр-гауһар маржан сөздер біздерге мирасқа қалды. ХХІ ғасырдың адамдары қолданып жүрген барлық адамгершілік ережелер көне  ғасырларда- ақ айтылып, жазылып, хатталып қойған. Бірақ ежелгі заманның  ойшылдарының бір де біреуі миға мән беріп, оның кереметі бар деп мүлде  санамаған. Әуелгі пайғамбарлардан бастап, ақиқат іздеп, Хаққа жетем деп азап тартып, надан қоғамның ортасында өмір сүріп, қара халықты тәрбиелеу жолында у, заһар ішіп, «аһ» ұрған ақжүректердің барлығы да жатпай-тұрмай мидың емес, жүректің құпиясын ашуға талпынған. Ұлық Алладан түскен киелі төрт кітаптың төртеуінде де мидың кереметі туралы ләм-мим деген ақпарат жоқ. Киелі жазбалардың бәрі де ойы таза, көңілі жүйрік, ниеті тура адам болам деген пенделердің бәріне  жүректі таза ұстап, соның ішіне үңіліп  зерттеуге  үгіттеген. Исламға қызыққан мұсылман ғұламалары қазіргі техниканың көмегімен Құранның құпиясын тапқысы келіп, әр түрлі тәжірибелер жасайды. Амал нешік, бәрі де бекер.  Себебі, Құранның ішінде ұлық Алланың өзі солай деп сөйлеген. «Шындығында бұл Құранның ішінде адамның ой-санасын, жан-жүйкесін, ақыл-парасатын кемелге жеткізетін ғажайып рухани ілім бар. Алайда ол ілім жүрек көзі соқыр болған дүниеқоңыздарға   ешқашан нәсіп болмайды. Құранның құпиясы күнә кірінен әбден аршылып, толығымен тазарған саф жүректерге ғана ашылады». Құранның осы аятына иман келітіретін кісі табылса ми арқылы ақылымды өсірем, шау тартқан көңілімді кірден аршып, даналыққа жетемін  деген көзқарастың түбегейлі қате екенін ұғынар еді.

Қай тараптан алып қарасаңыз да оқуы озған Батыс жұрты да, діні мықты деп жүрген Шығыс елі де анық адасты. «Адамның әу баста Құдай жаратқан рухани бет-бейнесін қалай қайтарамыз?» деген мәселенің алдында екеуі де тізе бүкті. Батыстағылар миды шұқылап милары ашып жатыр. Мұсылмандар:  әйелдеріміз оранып, ер азаматтарымыз намаздарын қаза қылмай тоқтаусыз оқи берсе ақыл-парасатымыз кемел дәрежеге жетеді  деген топас қиялдан жалығар емес. Мұсылман әлемін көңіл қараңғылығы қап-қара түнек боп басып жатқалы қай заман?

Не де болса мұсылман қауымы Құран ұстап жүрсе де  жүректің түбінде көміліп жататын жауһар ойларды рухани жолдармен қазып алатын құпия ілімнен мақұрым қалды.  Жүрекпен салыстырғанда қадірі шамалы миды зерттеуге еуропаның аямай төгіп жатқан қыруар қаржысының оннан бір бөлігін жүрек кірін аршумен айналысатын  рухани ілім иелеріне қарай бұрса не болар еді? Олай болса  адамзат өркениеті қайтадан гүлденіп, өмір сүру әлдеқайда қазіргіден қызық болар еді.

«Бұл енді ескіден қалған көне әңгіме ғой. Бұрынғының ғұламалары жүректі зерттесе зерттеген шығар, бұл күнде ғылым дамыған. Жүректі де ары бері аударып қарағанда одан қан айдайтын насосстың жұмысынан басқа не байқалар дейсің» деп өрби жөнелетін таяз пікірге бой алдырмаңыз.

Біздің ғасырда да жүректі рухани тәсілдермен зерттеп, оның ішінде күллі адам ұрпағының ойына азық болар жауһарларды шығарудың ілімін білетін ғұламалар бар.  Ол ілім туралы «Құран сырларының әліппесі» атты арнайы ғажайып кітап та жазылды. Сол кітапты қолға түсіріп қарасаңыз ол жерде жүректің қызметі туралы мынадай қызық нәрселер жазылған.

Жүрек – ұлық Аллаға және адам ұрпақтарына тілмен, қағазбен хабар беріп, хабар алатын «факс» аппараты тәрізді. Жүрек – бастан-аяқ дененің «компьютері». Жүрек – көзге көрінбейтін дүниені көретін дененің «телескопы». Жүрек – жақсылық пен жамандықты қабылдап, тарататын аппарат. Кітап авторы осылайша жүректің ғажайып, құпия қызметтері туралы таратып, тереңдетіп, адамды еліктіріп кете береді. Адамның нағыз рухани қабілетін ашып, оның кереметтерін көрігісі келетін зерек табылса, күш-қуатын бастағы миға емес, кеудедегі жүрекке салғаны ләзім болар. Себебі, ұлық Алланың өзі Құранда:  Адамдар көздері, құлақтары бола тұра ақтан адасып, қара басады. Олардың бұлайша бақытсыздыққа ұрынуларының түпкі себебі бас көздерінің соқырлығынан емес. Алайда олардың көкіректеріндегі жүрек көздері соқыр болды» деп анық айтып отыр. Олай болса өркениетті елді, мәдениетті мемлекетті һәм әділетті қоғамды жүрек көздерін ашумен айналысатын момындар ғана құра алады. Белсенген талабыңыз болса  сіз де осы ұлы бақытты іздеушілердің қатырынан табылуға тырысыңыз!