ТАС ҚАЛА...

ТАС ҚАЛА...
жеке
блог

  Түнгі сағат бір. Ұйқы жоқ. Әріптесім Мирас Мұқаштың кітабын алып кеткем жаңа жұмыстан. Айнұр қыздың, жо-жоқ мен оны Айшагүл деймін, Сырлы Стамбулдағы Айшагүлді білетін шығарсыз. Жүріс-тұрысы, кей мінездері, сөздері соған қатты ұқсағаны үшін. Сол Айшагүлдің столынынан алып кеттім. Ерке есілдің бойында отырып бірәзін оқып тастадым. Оқып отырып Мирастың болмысын көрдім, сюжеттерін көргендей болдым тіпті. Жарайды қазір бұл туралы емес...

            Есілдің бойында отырып, біртүрлі күй кештім. Күн сайын келіп сырласатын есілімді, анда-санда көрініп қоятын балықтарын, кей-кейде жағымсыздау келетін иісін, қойыңызшы Астананы сағынамын ғой бір күні. Алғаш келген кездерімді еске алып бір күліп алдым. Жаныма кеп отырған бір топ қыз таңырқап қарап қояды, мынаған не болған деген секілді. Келуім тез болып еді астанаға. Бір күнде билет алдым да, білмейтін, өмірі көрмеген, бірде бір танысым жоқ, тұратын тұрағым жоқ Астанаға беттеп кете барыппын.

ШЫМКЕНТТІКТЕР... Ауылдан шықпаған баламыз ғой, ауылымның ортасын темір жолы кесіп өтсе де поезға жалғыз отырып көрмеппін. Бұ жолы жалғызбын. Қасымдағы әйел қорылдап ұйықтап жатыр. Оянған соң жақтырмай кеп қарады, кейін сөзінен байқасам өзі байқоңырлық, шымкенттіктерді аса сұйқаны сүймейді екен. Шаруам қанша деп отыра бердім. Анашым салып берген бауырсақтарды шығарып, шай іше бастаған кезде ғана әлгі әйелдің сөзі мен көзқарасы өзгерді. Ол да дәмсіздеу етіп пісірлген тамағын шығарды. Шыны керек, тамағының дәмі ұнамады. Жақтырмай, келемеждеп, кемсітіп шымкенттіктерге қатысты сұрақ қойып жатыр. Бетін қайырып тастап жауап беріп отырмын. Сонсоң Тараздан бір жігіт отырды, дым сөйлемеді. Тек "Апа, мына жігіт журналист, көп тиісе бермеңіз..." деп әзілдеді.

ҰРЫ... еш ұйықтай алмай жатқан мені, жолсеріктің сөзі бір қуантты. "Астана, оянамыз, экологиялық аймаққа кіріп келеміз, дәретханалар жабылады..." Бұл сөздері әлі құлақта жаңғырып тұр. Атып тұрып жуынуға кеттім. Келсем  байқоңырлық "апам" сырқаттанып қалыпты, жүрек дәрісін ішіп жатырмын деп мыңқ-мыңқ етті. Су әкеп беріп шапқылап мен жүрмін. Сол арада қарасам жастықтың астынағы телефоным жоқ. Жоғалды. Көңіл күйім жоқ. Әйелдің ауруы асқынып барады. Солай бола тұра "мә, тексер, тексер сөмкемді" деп болмайды. Ауылдан жаңа шыққан мен қорқып отырмын. Тараздық жігітпен әбден іздедік таппадық. Поезд тоқтады. Мен бір танысымның, танысының достарының пәтеріне баруым тиіс болатын. Оның номері телефонда, енді қайттым. Астанасы құрсын деп отырмын. Не керек поездан түстік. Шынын айтайын, тамағыма өксік тығылып тұр. "Әй, балам не болды десе жылап жіберетін балақайдаймын))" Тараздық жігіт қасыма келіп, "енді не істейсің, қайда барасың" -дейді. Білмеймін дегендей бас шайқаймын. Сол кезде әлгі аурып, "өлуге қолы тимей жатқан" әйел қолын сермеп, "жолдарың болсын" деп қасымыздан өтті де кетті, күліп. Тараздық жігіт: -Жаңа тексер дегенде неге тексермедің, өтірік аурып қалды ол, содан басқа кім алады, қасыңда сол ғана болды ғой.... деп болмайды. Ішіп отырғаны жүрек дәрісі емес, аспирин ғой неге қарамайсың деп сөкті. Күліп, кеткенінен кейін-ақ ұрының сол әйел екеніне сөзім жетті.

ПӘТЕР ІЗДЕУ... Тараздық бұған дейін бір рет Астанада болыпты. Вокзал жақта арзан телефон сатады, сен соны алсаңшы, әйтпесе ақшаны көп кетірсең қиналып қаласың деді. Сен сөмкелерге қарап тұр, мен қарап келемін деп телефон іздеуге кетті, бүкіл заттарын маған тастап. Келді де мың теңгеге бар, алайық деді. Алдық, бір неше адамдарға хабарласып, мен баруым тиіс үйдің атауын білдім. "ЖК Авиценна" дейді. Тараздық жігіт таксиге отырғызып жіберді. /оған мың алғыс, атын, номерін білмеймін, көрсем алғыс айтар ем/ Аспанмен таласқан үйлер, аяз, қар жауып тұр, жел соғып тұр. Боранның арасында Бәйтерек әрең көрінеді. Тура сол жерде екен мен іздеген үй. Келіп, кіріп, не істеуді білмей отырған мен және анамның салып берген наны. Қарап отырмын, үйге хабарласып, жеттім, бәрі жақсы деуім сол-ақ екен жаңағы телефон сөнді. Арзанның сорпасы татымады. Қатты қиналдым. Жұмысқа шақырған "жетінші арналықтың" да номері жоқ, қайттім енді...

БІР ЖАМАНДЫҚТЫҢ АРТЫНАН ЖАҚСЫЛЫҚ КЕЛЕДІ...

Бет қаритын аязды көріппін бе, үсіп қалдым. Автобус тосып тұрмын. Құдды бір тоқтаса, жетіншіге жеткізіп салыңызшы деп айтсам білетіндей. Бұл Шымкент емес екен, "жігітім қайда барасың, а... ол жақа бармаймыз, сен пәлен автобусқа мін" деп айтып кететін.  Аялдамадағылар дамыл таппай ары-бері жүреді. Кейін білсем бұл жаурамаудың амалы екен. Тобығына дейін түсетін шуба киген әйел ғана қимылдамайды. Автобус келгенде бір-ақ қозғалды. Сөйтсем шубасының ішінде, мектеп жасындағы баласы тұр екен. Жаурамасын дерп кіргізіп жіберіп, аналары тұрады екен ғой мұнда. Алла, Алла дедім. Астанасы құрсын деп жетіншіге жүрдім. Келіп күнімен отырған мен ертіңне - ақ ауылыма кетем деген ойда отырмын. Шеф-редактормын деп өзін таныстырған сақалды жігіт текст жаздырып көрді де, номерімді сұрасын кеп. Мен білмеймін, жаңадан алғам. Болған жағдайды айтып ем, бір жамандықтың артынан жақсылық келеді деп, Пайғамбардың сөздерін айтты. Өзі иманды екен. Жақсылық келді, ертеңіне-ақ Илхам жұмысқа орналасты да кетті.

ҮСІП ҚАЛУ...Жұмыстан келген бетте, телефон іздеуге кірістім. Тура өзімдікіндей телефон алуым керек. Әйтпесе үйдегілер телефон ұрлатқанымды білсе уайымдайды. Мегаға дейін жаяу жүріп барамын деп үсіп қалғаным бар. Өзімнің телефоным қымбаттау еді, мұнда одан да қымбат екен. Алдым да ақшасыз қалдым. БІрақ танысымның, танысының, астанадағы танысының достары маған қатты көмектесті. Пәтер ақысын төлемей-ақ қой деді, жағдайымды түсініп.

ТАС ҚАЛА...Міне, содан бері Астанадамын. Бірде қуаныш, бірде қайғы, бірде мұң. Анам айтушы еді, әке болмай әкенің қадірін түсінбейсің деп. Ата-ананың қадірін түсіну үшін әке болу емес, астанаға кеп өмір сүрудің өзі жеткілікті екен. Білесіз бе олардан бөлек тұрудың қаншалықты машақаты көп. Үйде су, газ, жарықтың ақысын кім төлейтінін, қашан төлейтінін, тіпті оған ақша төленетінін білмеппін. Мұнда бәріне өзің жүгіресің, пәтер ақысы келгендеее... ән салдырған ауылым дейсің))) Жеке өмір сүруге үйренген де жақсы, бірақ ата-анаң қасыңда болмаса бәрі де көк тиын екенін түсіндім. Қиын күндерді менен емес, Есілден сұрасаңыз тілі болса айтып берер еді. Өйткені мен тек есілге айттым бәрін. Өйткені мұнда біреуді біреу тыңдайтын дәржеде емес. Өйткені бәрінің басын - пәтерақы, жұмыс, дүкен, кешкі ас... деген проблемалар жаулап алған. Бірақ керемет тұстар да көп. Жұмыс істесең сені танымал етеді бұл қала, қалағаныңды орындайды бұл қала, қуантады бұл қала. Бұл қалада бір кездері сенің түсіңе де кірмейтін адамдарды көресің, араласасың, қуанасың...өзгересің. Қатая, қаталдана бастайтын сияқтысың. Өйткені қаталдықты жақсы көреді...бұл бас қала, тастай қатайған тас қала. Осындайда Асылзат ақынның айтқаны есіме түседі. Шыны қала ішінде шекпенділер,  Ал шайырлар күлсе тек кекпен күлер. Қаланы да жалғыздық жайлайтынын, Жалғыздықтан мұң-нала шеккен білер.... Жаным қайрақ боп кетті қала қажап. Әйнектің арғы жағы – әдемі өмір, Бергі жағы – боз тұман, алабажақ....  Мұны бергі жағына өткен адам ғана біледі. БІрақ бәрібір мен сағынамын бұл қаланы. Астананы, есілімді, тас қаланы... Бәрі, бәрін мен сағынамын...уақыт өте сағынамын...