Жәкеңнің қалжыңдары

Жәкеңнің қалжыңдары
жеке
блог

Жәкеңнің «қаралы» қалжыңдары*

 

*«черный» юмор мағынасында

 

наз

 

Алматыда жүргенде демократияшыл журналист ағайын мені Жан Тілеубайұлы деп танитын. Жазуыма қол соғатындар «Қазақтың алғыр Қыраны» деп мәртебе көрсететін. Астанаға көшіп, осы Отарба үнпарағына келгелі бері өзімді тышқан аулаған кәрі бүркіттердің санатына қостым, тәйірі...

 

ҚЫЖЫЛ

 

Отарба үнпарағына жауапты хатшы болсам да, НН деген «Нян» редактор билікті қолыма ұстатқысы келмеді... 6 ай шыдап келдім. «Тышқан аулаған кәрі бүркіттің» нендей қауқары бар дейсің?

Тамыздың 17-сі күні «Нян» редактор кетті... Менің қуыс кеудемнің түкпірінде қыжыл қалып қойды. Десек те, бұл күнді мен көңіл күнделігіме тарихи күн ретінде түсіріп қойдым...

 

БҰЛБҰЛДАР САЙРАЙДЫ...

 

Ермұхамбет Ертісбаевтің кезекті сұхбатына біреу интернетке «Бұлбұлдың сайрауын...» деп коммент жазыпты. Неге екенін білмеймін, Ертісбаевтың маған бес бересі болмаса да, әлгі біреуге іштей кіжініп, мен де коммент жаздым: «Бұлбұлдар сайрайды-ау, қарғалар қарқылдайды...»

Қалай түсінсе, олай түсінсін...

 

НОСТАЛЬГИЯ

 

Алматыға бір барғанда, Жұмабек Жанділдин деген жорналшы ағамызға аялдамада жолығып қалдым. Автобус келгенше аз-кем сөйлесіп үлгердік. Жүкең маған қарап кетік тісін ақсита көрсете, шиқылдай күлді:

– Әй, Жан, сенің баяғыда өлтіре жазғаның есімнен кетпейді. Мынау ше? Тақырыбы: «2030». Мәтіні: «Дігідік-дігідік, дігідік-дігідік...» Бұдан асқан қысқалық болар ма? Хы-хы-хы...

Со күйі кеп қалған автобусқа мініп кете барды. Аңтарылып мен қалдым: «Әй, Жүкең де қызық! Атам заманғыны еске салып...».

Марқұм Марат Қабанбай ағамыз басқарған «СолДат» газетіндегі қызықты күндердің елесі көз алдымда көлбеңдеп сала берді. Сағындым сізді, Марат аға...

 

жалған намыс жарға жығады

 

Отарба үнпарағына жаңа редактор келді. Алғашқы саннан бастап-ақ орысша беттер мен қазақша беттер «қақ» бөлінді. Дұрыс-ақ, алайда, орысша беттер алдыңғы шепке шығып кетті де, қазақша беттер есік сығалап қалды. Обалы не керек, қазақ редакциясы қарсылық білдірді. Мен жартыкеш келісімге келуге тырыстым.

Кейін мынадай ойларға келдім: «Рас, мемлекеттік тілге басымдық берілу керек. Бірақ, біз тіл тағдыры шешілгелі отырған заң шығарушы Парламентте отырған жоқпыз ғой. Мемлекеттік деңгейде шешілмеген тіл мәселесін салалық газет деңгейінде шешуге деген талпынысымыз күлкі тудыратын тыраштық қой! Несіне, бес бидайымыз күйіп барады?..

Әрі-беріден соң жаңа редакторға газетті республикалық деңгейге көтеру міндеті жүктеліп, қолына карт-бланш беріліп отыр. Әрине, ол өзінің «көзірін» көрсетеді. Орысша материалдардың салмағы артық, қалай бұрсаң да. Қазақшамыздың озып тұрғаны шамалы ғой. Несіне кердеңдейміз?! Жалған намыс жарға жығады, жігіттер, сабыр сақтаңдар!»

Кейінірек осы ұжымда үзілістермен 17 жыл бойы жұмыс атқарған редактордың орынбасары Меруерт екеуміз оңашада ақылдастық. Ол кешелі бері жағасын ұстағандай болған екен: «Алла-ай, менің таңғалатыным – қазақ оқырмандарынан «неге бұлай?!» деп кіжінген бір хат келді ме?! Ең құрығанда, біреуі телефон соғуға да жарамады. Қайда сол жайшылықта қазақ десе, өңешін жыртуға дайын тұратындай көрінетін қасқаларың?!».

Осы сәтте бөлмеге «Нұр Астана» газеті бас редакторының орынбасары Амангелді Кеңшілікұлы кірді. Оған жағдайымызды айтып едік, ол мырс күлді: «Ұлт тағдыры қылкөпірде тұрғанда да ешкім қыбыр етпеген шақта кішкентай ғана газеттің жанайғайы кімге керек?!».

Амангелді бауырым да мен сияқты шаршаған-ау бәрінен, шамасы...