"Жалғыз досым"

"Жалғыз досым"
жеке
блог

Бүгiнгi даланың ауа-райы от жағылмаған үйдей ғана болып тұр. Әсте ызғар байқалмайды. Қоңыр салқын желi есiп тұр. Бейне бiр бет-жүзiңдi әлдебiреу қытықтап, өбкендей күйде боласың. Осынау күздiң көңiлсiз, тымық кешiнде кеудеңдi самалға қарсы тосып тұра бергiң келедi. Кешкi ымыртта баяулап аулада әрлi-берлi айналып жүрмiн. Бүгiн күзбен бiрге менiң де кеудемде көңiлсiздiк билеп тұрғандай. Құдды екеумiздiң жанымызды егiз дерсiң. Екеумiз де бiр-бiрiмiздiң сырымызды ұғынатын тәрiздiмiз. Сарғайып бiткен жапырақтарды тамашалап, күзбен сырласып отырмын. Қолымда сап-сары болған жапырақтар. Аяғымның астында да тапталады, тiптi жан-жағымның барлығы жапырақтан көрпе оранып жатыр. Жылап жатқандай әсер қалдырды. Осы бiр елеусiз ғана жатқан, адам атаулыдан оқшау болған күзгi жапырақ болғым келдi бiр сәт. Солардың тiлiн түсiнiсiп, мұңдасқым келдi. Ешкiмге айтылмаған жан сарайымдағы толып жатқан сырларымды ақтарып-ақтарып алып, сосын қайта адам кейпiне айналып жүре бергiм келдi. Күзден басқа ешкiм де түсiнбейтiн сияқтанды менi. Өзiңдi тiптен жалғыз сезiндiрiп, түрлi мұңдарға жетелейтiн осы бiр күз айы келсе, ең жақынымды тапқандай әсерде қуаныш торлайды көкiрегiмдi. Жаныңды елегзiтiп, арманыңды ақ бұлттардан асыратын осы бiр күз айы келгенде әлдебiр белгiсiз жанды iздейтiн сияқтымын. Өзiмен бiрге көз жасын ерте келiп, үнсiз ғана егiлiп тұрар жаңбыры бар осы бiр күз айы келгенде жаңбыр астында күзбен бiрге қосылып үнсiз ғана көз жасымды төккiм келедi… Адамның қиялы… бiткен ба… Жол жаққа белгiсiз бiр үмiтпен көз тастаймын. Бiреу келетiндей. Жан-жағымнан iздеп көремiн. Күтетiн тәрiздiмiн. Белгiсiз бiреудi. Жаныма келiп жалғыздық атаулыдан құтқаратындай көрiнедi. Тiптi бар ғой, оны сағынамын да. Қазiр, немесе ертең, не әйтеуiр бiр күндердiң күнiнде келетiндей сезiнемiн де тұрамын. Ол келсе мендегi бар мұң жоғалып таусылатындай. Ол келсе көңiлiме көктемгi шуақ нұрын себелейтiндей. Ол келсе жадыраған жаз секiлдi жайнап шығатындаймын. Ол келсе иығыма басын қойып, бар сырымызбен бөлiсетiн сияқтымыз. Өмiрiме өзгерiс алып келетiндей құдды. Қараңғы тас түнектен, жарық әлемге алып шығатындай. Ол келсе… Жаныма жақын болған әндердiң бiрi «Жалғыз досымды» тыңдап отырмын. "Қиналдым мен, бiрақ сендей кiм ұқсын. Өзiң ғана мейiрбансың, тұнықсың." Қосылып отырмын. Әлдебiр белгiсiз жанға арнап айтып отырғандаймын. Жол жақтан келетiн қиялымдағы мұңдас, сырлас елес-досыма арнап, қосыламын. Иә, соған… Жан-жағымның барлығы дерлiк адамдар. Көпшiлiктiң ортасындамын. Барлығы менiң жанымда. Бiрақ… бiрақ, сонда да бiрдеңем жетiспей тұрғандай. Жалғызбын сонда да. Мекенi жоқ, сусыз, иен далада жүргендеймiн. Ол келгенше… Ол келер. Әзiрге менiң сырласым күз болмақ, күзгi жапырақтармен мұңдаса тұрайын. Әне бiр жапырақ биiк талдың бойынан үзiлiп жерге түсiп барады…