Бауыржан Ширмединұлы: Жаһанша жалауы!

Бауыржан Ширмединұлы: Жаһанша жалауы!
жеке
блог

Осыдан 2-3 күн бұрын Алашорда қайраткері, Ж.Досмұхамедовтың 125 жылдық мерейтойына орай Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданында өткен іс-шаралар жөнінде  "Жаһанша еліне саяхат" атты жазбамды қалдырған болатынмын. Ендігі кезекте осы мерейтойда оқылған суырып салма ақын, Сырым ауданы бойынша "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Бауыржан Ширмединұлының "Жаһанша жалауы!" атты өлеңін жариялап отырмын.

 

Асау арға аударылып Азап тым,

Құндылығы құрдым кетіп Қазақтың,

Жылмен жасап жай қамдаған,

Қуат берген қайран далам,

Енші етер жайды аңдаған,

Жоңғарға да байланбаған,

Құны қирап, Қазақ деген әз аттың,

Түнек болып тұншықтырды Тозақ түн.

 

Тексіз түнек толастатпай талауын,

Тәнін билеп Түркіге тән даланың,

Жын ойнаққа жастық қылды алабын.

Бірақ!

Ұлт тағдыры тал қармаған,

Осы сәтте ар жалмаған,

«Азат күн!» деп «Жанды арбаған..»

Азап күнді аңғармаған,

Арыс ұлдар аялаған Алаштықтың алауын.

Қазық болып құранды үміт,

Мың әуенді бір ән қылып,

Жаншылсын деп жылан бүлік,

«АЛАШ» рухын ұран қылып,

Әлихандар туын тіккен пананың,

Жымпитыға Жанша қақты жалауын!

 

Еркіндік деп ерегескен...

Ер білек

Текті ұлдардың көксегені теңдік ед.

Болмыс құйып бар асылын.

Сол байрағын Алашының,

Кеуделерге орнықтырды ел-жүрек,

Қалмай қорлық құрығында,

Жеткен есен үні мыңға,

Ұлттық рух ұғымында,

Тұғыр болған Сырымымда,

Байтақ елдің бостандығын белгілеп,

Жаһаншаның жалауы тұр желбіреп!!!

 

Тәмсіл ұлтқа қарт тарихтың дерегі.

Жаһанша – ол, Алаш арман ер еді...

Найза - назар, намыс бабам.

Кезде жалын жан ыстаған,

Азат туын алыстаған,

Қазағына табыстаған себебі.

Пассионар! Асқақ күшің!

Болмысымен астап тұсын,

Орната алсақ асқақ мүсін,

Осы болар киелі істің кемелі,

Дегенменен...

Кеудесінен кесу болып ерегі,

Тау тұлғаға тас табылмай келеді...                                   

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы