Автобус жүргізушісі валидатордан 30 мың теңге тонаған

Автобус жүргізушісі валидатордан 30 мың теңге тонаған
жеке
блог

Автобус жүргізушісі валидатордан 30 мың теңге тонаған

 

Алматыдағы қалалық автобустың 44 жастағы жүргізушісі валидатордан 30 мың теңге ақша тонағандығы үшін жауапқа тартылды.

Жолаушы тасымалын жүзеге асырумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бақылаушысы ақша ұрланғанын білген сәтте полицияға арызданған. Өз кезегінде «Боран-165» патрульдік экипажы жүргізушіні қолға түсіріп, мән-жайды анықтау үшін аудандық ішкі істер басқармасына жеткізеді. Автобус жүргізушісі алғашқы жауап алу кезінде-ақ өз кінәсін мойындапты. Ол өз сөзінде кезекті жұмыс күні аяқталған кезде сағат кешкі 21.00-де ұрлағанын да жасырмаған. ҚР ҚК 175 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бұлтарпас шаралар негізінде одан тиісті тәртібіне қатысты қаладан шықпау туралы қолхат алынды. Қазіргі кезде құрықталған азаматтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Еске сала кетсек, қазан айының ортасында Алматыда жолаушылар көлігінде осы іспеттес оқиға тіркелген еді. Онда қала бағыттарының бірінің жүргізушісі кондуктормен бірлесіп соңғы аялдамада валидаторды ашып, одан 12 мың теңге ұрлаған. «Алматыэлектротранс» кәсіпорны басшылығының арызы негізінде кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.

Айта кету керек, валидаторлар, бірнеше жыл бұрын Алматы қаласы Әкімшілігінің бастамасымен тәжірибеге енгізілген жол ақысы салынатын техникалық құрал. Бұл кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің «көлеңкелі табыс» көзіне айналған кәсібінің жолын кесіп қана қоймай тұтастай жолаушылар тасымалының процесін толық бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

 

Нұрлан МОШҚАЛОВ, Түрксіб аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі:

-                   «Қылмысы әшкереленген азамат қоғамдық көліктің ақшалай түсімін уақытша ғана алып, кейін оны орнына қайтып қоюды жоспарлағандығын айтып ақталмақ. Валидаторға қол сұққан қоғамдық көлік жүргізушілері фактісі көптеп кездесіп жатыр. Біз бұл секілді қылмыстық істі ендігіде жіті қадағалайтын боламыз». 

Ардақ ҚҰЛТАЙ