Жаһанша еліне саяхат

Жаһанша еліне саяхат
жеке
блог

27-28 қыркүйек күндері Ақжайық өңірінде барша қазақтың ұлы, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 125 жылдық мерейтойына орай үлкен той өтті. Бірінші күні Орал қаласында өткізілген конференция секілді ресми іс-шараларға үлгіре алмай қалғандығымнан, екінші күні Күнбатыс Алашорданың орталығы болған Сырым ауданының Жымпиты ауылына жол тарттым. Айта кететін бір жәйт, Оралдағы іс-шараларға саясаттанушы, алаштанушы Ерлан Қарин, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, алаштанушылардан Мәскеуден арнайы Дина Аманжолова, Прагадан Сұлтан-Хан Аққұлұлы және басқа да ғалым-тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Осымен-ақ іс-шараның жоғары деңгейде өткенін байқауға болады.

Жымпитыға аймақтың белсенді жас көшбасшылары Әліби Сүндетовпен және Дархан Қыдырәлиевпен шықтық. Жолда батыстықтардың арасында сыйлы Әулие Жұмағазы Дәдем ата рухына бағыштап Құран аяттарын оқып аялдама жасадық. 

Екінші аялдаманы қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, халық батыры Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысына арналған ескерткішіне жасадық. Бұл жерде Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Гурлен ауданы Навои елді мекеніндегі Сырым бабамыздың зиратынан әкелінген топырақ сақталған.

Орал қаласынан 130 шақырымға жуық жолдан соң киелі Жымпиты жеріне де жеттік.

Жымпитының «Бәйтерегі» аудандық әкімдік ғимаратының жанында. Соңғы жылдары аудан орталығында ҚазПошта, Прокуратура секілді жаңа әкімшілік ғимараттар салыныпты.

Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін үлгі тұтатын жастар Жымпиты жерінде жетерлік екен. Ауыл ішіндегі ақсақалдар арасында айтылып жүрген Жанша туралы аңыз әңгімелермен тәрбиеленіп жүрген жастардың, осы іс-шараның ұйымдастырушылардың бірі Ерболат Исанов бізді құшақ жая қарсы алды.  

Аудан орталығынан шығып, Жымпитының жанынан құрылған қазақ ауылына бардық. Ол жақта безендірілген сахнада театрландырылған көріністер, концерттік қойылымдар көрсетілді.

Сонымен бірге аламан бәйге өткізіліп, қазақша күрестен жарыс ұйымдастырылды.

Дала қызықтарын көргеннен соң, Жымпитыдағы Алашорда тарихына арналған мұражайға бардық. Мұражайдың ғимаратында 1918-1919 жж. Жаһанша және Халел Досұхамедовтер басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі орналасқан болатын. 

Алашорда саяси қайраткерлерінің суреттері мен өмірбаяндары, олардың еңбектері, Алаш автономиясы туының көшірмесі және сол секілді көрнекі тарихи мағлұматтарды тамашалауға мүмкіндік алдық.   

Сонымен қатар аудан орталығында ашылған Алаш саябағын араладық. Осындай орындардың жастар арасында ел тарихына деген қызығушылықты және отансүйгіштікті арттыратындығында сөз жоқ. Ең басты ескерткіште Алашордалықтардың суреттері алтын қыран астында бейнеленген. Композицияның ішіндегі биік ескерткіште алтын түсті шар орналасқан. Оны біз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңіндегі «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген идеяны аңғартып тұрғандай деп ұйғардық.   

Алаш саябағында 10 алашордалықтың мүсіні орналасқан. Келешекте оның саны артады деген пікірлер ауылдағы тұрғындар арасында әңгіме бар.  

Осылай біздің Жымпиты еліне деген сапарымыз аяқталды. Жаһаншаның ізімен Орал қаласына шықтық. Қалада біз Орал облыстық қазақтардың бірінші съезі өткен ғимаратты таптық. Ол қазір БҚО қазынашылық департаменті орналасқан. 

 

Бұл ғимарат Жаһанша Досмұхамедов атындағы көшеде орналасқан екен. 

Қала орталығында Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілген педагогикалық колледждің алдында атамыздың ескерткіші тұр. 

Осылай Жаһанша еліне саяхатым да аяқталды. Ж.Досмұхамедовтей қазақ тарихында біртуар азаматтарды, соның ішінде Алашорда қайраткерлерін жас ұрпақ арасында насихаттау біз үшін зор парыз. Олардың ел тағдырына қосқан үлестерін, киелі тәуелсіздік ұғымының мән-мағынасын осындай тұлғалардың өмірі мен қызметі арқылы жеткізе аламыз. Әлихан, Жаһанша бастаған жиырмасыншы ғасырдың басындағы зиялы қауымның келешек ұрпақ алдындағы еңбегі жаңа мыңжылдықта да үлгі-өнеге. 

@OtanshylZhas